Зейнеткерлер қуанышы
Халықаралық қарттар күніне орай Астана әкімдігінде мерекелік іс-шара өтті. Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл басқосуға Ақмола, Целиноград кезінде, сондай-ақ жаңа астанамыз Арқаға көшіп келгеннен кейін Астана қаласының әкімдігінде қызмет істеген зейнеткерлер қатысты.
Зейнеткерлерге тамаша мерекелік көңіл күй сыйлаған іс-шараға қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысып, бас қаладағы барлық қарттарды мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар қарттарға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеген басқарма басшысы қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қарттардың тұрмысына көңіл бөліп, олармен кездесіп, айтқан талап-ұсынысын да ұдайы назарға алып отыратынын жеткізді.
«Қаламыздың өсіп-өркендеуіне барлығыңыздың сіңірген еңбегіңіз зор. Елордада әр саланың дамуында сіздер төккен тер бар. Кейінгі жас ұрпақтар қарттарымыздың сіңірген еңбегін биік бағалай білуі керек. Үлкенге ізет болмаса, кішіге құрмет болмайды. Қаламызда белсенді өмір сүру орталығы құрылғаннан бері қарттарымыз қалада ұйымдастырылған іс-шараларға белсене қатысуда. Орталыққа барып жүрген қарттардың көңіл күйі де көтеріңкі екенін біз де байқап жүрмін. Осындай қуанышты күндер көп болсын» деді Нұрдәулет Әлмұханов.
– Еңбек жолым Астанада өтті. Бүгін бұрын бірге қызмет істеген азаматтарды көріп, өзара қауқылдасып қуанып жатырмыз. Қартын сыйлаған халықтың қасиеті бөлек, осы іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға, оған қуатты қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, әкімге көп рақмет, – деп қарт зейнеткер Роза Иманғалиқызы ақ жарма алғысын білдірсе, бас қаладағы белсенді өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев қаламызда зейнеткерлердің күндерін көңілді өткізуіне жақсы жағдай жасалғанын айрықша атап өтті.
– Бас қаламызда тек Халықаралық қарттар күнінде ғана емес, басқа да мереке-мейрамдарда қарттарға үлкен сый-құрмет көрсетіп жатады. Бұл іс-шара да сол құрметтің жалғасы деп ойлаймын. Осының бәрі – бейбіт заманның арқасы. Қаламызда белсенді ұзақ өмір сүру орталығы құрылғаннан бері зейнеткерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы күшейе түсті. Қазір 5 ауданда оның бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Осы орталықтарға күніне 4000-ға жуық адам келеді. Зейнеткерлерге 20 түрлі қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлер қала басшыларымен кездесіп, өздерінің ұсыныс-талабын, елдің дамуына, қоғамдық жағдайдың жақсаруына қатысты өз ойын ортаға салып жатады. Демек, қарттарымыз да қала өмірінен сырт қалып жатқан жоқ, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Астанада 120 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 106807 адам – жасы бойынша зейнетке шыққандар, 13074-і – еңбек өтілі бойынша зейнеткер (әскери құрылымдар), 8-і – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 1473-і – тыл ардагері.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ