Зейнеткерлер жәрмеңкесі
Астана қаласы Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимаратында Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен зейнет жасындағы адамдар қатарынан кадрларды іріктеу үшін кезекті рет бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған жұмыс істеуге ниет білдірген қала зейнеткерлері қатысты. Елордалық 14 жұмыс беруші зейнеткерлер үшін 100-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
– Мұндай жәрмеңкенің қарттар, әсіресе зейнеткерлер үшін мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Мен ұзақ жылдар бойы бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс атқарған адаммын. Енді, міне, зейнет жасында болсам да, бойымдағы бар білімімді балаларға беру мүмкіндігіне ие болғалы отырмын, – дейді қала тұрғыны Дәмежан Қапарқызы.
Ұйымдастырушы мамандар жәрмеңкенің басты мақсаты жұмыссыз азаматтарға жұмыс табуға көмек көрсету, ал жұмыс берушілерге қажетті мамандарды табуға мүмкіндік беру екенін айтады.
– Жәрмеңкелер жұмыс іздеушілерге нақты сала бойынша қажетті білім мен дағдыны игеруге көмектеседі, сондай-ақ жұмысқа орналасу үшін оларға нақты талап қою арқылы жұмыс ұсынылады. Сондай-ақ бос орындар жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін тиімді алаң. Ол жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер мен жұмысқа орналасу жолдарын ашады, ал жұмыс берушілерге лайықты кадрлар табуға көмектеседі, – дейді Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Динара Зәкір.
Шапағат ӘБДІР