ЗЕРТТЕУ ЖОБАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Елімізде инновациялық сипаттағы қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін гранттық қаржыландыруға өтініш беру кезеңі басталды. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы Назарбаев университетінде үш күнге созылған семинар аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, гранттық қаржыландыруға байланысты Қазақстанның барлық қалаларынан 1000-ға жуық өтінімдер келіп түсуі мүмкін. Олардың сапасын арттыру және халықаралық ғылыми байланысты одан әрі жетілдіруге арналған семинар аясында гранттық қаржыландырудың негізгі тетіктері түсіндірілді.
Жобаларды қаржыландыруда жылу мен электр энергетикасы, табиғат және техногендік шикізатты қайта өңдеу технологиялары, ақпараттық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті, жаңа биодәрі-дәрмектер, азық-түлік қауіпсіздігі, білім беру саласындағы қолданбалы зерттеулерге басымдық берілмекші.
Үш күнге созылған жиынға АҚШ, Ұлыбритания елдерінің танымал ғалымдары мен халықаралық «Elsevier» баспа компаниясының өкілдері қатысып, өз елдеріндегі сала жетістіктерімен ой бөлісті.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ