Uncategorized

Жабық мекемелердегі медицина мәселесі талқыланды

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сараптамалық кеңес мүшелері жабық мекемелердегі медициналық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесінде Сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кездесу барысында қылмыстық-атқару жүйесі және әлеуметтік сала мекемелеріндегі тұлғаларға медициналық көмек көрсету бойынша жүргізілген зерттеудің аралық нәтижелері талқыланды. Бұл зерттеуді жүргізу Сараптамалық кеңестің жұмыс жоспарында қарастырылған.

Зерттеу тобының жетекшісі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары Берік Жақаев зерттеудің мақсаты әлеуметтік сала мен пенитенциарлық жүйенің жабық мекемелерінде жатқан тұлғаларға көрсетілетін медициналық көмекті жан-жақты зерделеу және талдау екенін айтты. Сондай-ақ медициналық көмек көрсетуге қолжетімділікті одан әрі жақсарту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу де қажеттігі сөз болды.

Сараптамалық кеңес мүшесі Ләззат Ақтаева жабық мекемелердегі медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты бірқатар проблемаларды атап өтіп, ағымдағы жағдайға талдау жасады. Ол медициналық көмек көрсету деңгейін одан әрі жақсарту керектігіне тоқталып, сотталғандардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды баяндады.

Денсаулық сақтау саласын Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне беру 2023 жылы аяқталды және түрме реформасының маңызды қадамы болды.

Бүгінде сотталғандарға медициналық көмек 85 емдеу мекемесінде көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 45 572 сотталушыға медициналық көмек көрсетілсе, оның 44 608-і амбулаторлық, 964-і стационарлық ем алған.

Қол жеткізілген ілгерілеушіліктерге қарамастан, кездесуге қатысушылар үйлестіруді және тұрақты бақылауды талап ететін шешілмеген мәселелердің әлі де бар екенін атап өтті. Олардың ішінде медициналық қызметтерді көрсетуді бөлек ашық есепке алу қажеттілігі, қамауда ұстау жағдайлары мен медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды жақсарту, әсіресе денсаулығына байланысты қылмыстық-атқару жүйесінен босатылған тұлғалар үшін және т.б. азаматтардың осы тобына медициналық көмек көрсетудің қажеттілігі мен сапасын дәлірек бағалау бар.

Сондай-ақ сотталғандарды әлеуметтік осал санаттар қатарына қосу және оларға тегін шұғыл стоматологиялық көмек көрсету, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққаннан кейін медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларда оларды санитарлық авиациямен тасымалдау мүмкіндігі және т.б. мәселелер көтерілді.

Айта кетейік, зерттеудің аралық нәтижелері Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдерімен талқыланды. Зерттеу барысында мемлекеттік органдардың пікірлері мен ұстанымдары да ескерілді.

Белсенді талқылау қорытындысы бойынша Сараптамалық кеңес мүшелері тиісті ұсыныстар берді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button