Жаңалықтар

ЖАДЫМДАҒЫ ЖАЗБАЛАР

Қонысбай ӘБІЛҚазақстанның халық ақыны

«ҚОЗЫ СУАРУ ҚЫЗЫҚТАРЫ»

Мектепте тоғызыншы сыныпты бітірген соң, ақша таппақ ниетпен жазда қозы суаруға бардық. Онша күшке тиетін жұмыс емес, шартаққа қамалған қозыларды бір-бірлеп ұстап алып, ауқына дәрі ерітіндісін құямыз. Бастығымыз мал дәрігері – Бақытжан деген ағай. Көлігіміз – аяқ лауға берген бір-бір ат. Өзіміз – 4 баламыз. Амантай екеуміздің атқа тақымымыз берігірек, Серік деген досымыз ерге онша орнықты емес, ал орыс сыныбынан ауысқан Сламжан досымыз атта жүре алмай­тын болғандықтан ағасы Бақытжан көкесінің артына мінгесіп алған.

Жол ұзақ, күн ыстық, аяң жорғамен жүрісіміз өне қоймайды. Көбіне сол Серікке қарайлаймыз, ол аттың шылбырын ердің басына іліп қойып, аяңмен келе жатады. Оның тізгіні бос екенін аңғарған ат та ойына келгенін істей баста­ды. Басын салбыратып жіберіп, жол бойы шөптен жүре шалып, басын бір көтермейді. Тіпті, әбден еркінсігені соншалық, тоқтай қалып тізесін бүге бастады.

– Тізгініңе ие бол, ерді сынды­рады! – деп Бақытжан аға шырыл­дап айғайлағанша ат жата қалып аунағалы жатыр, Серік болса түсе қалып қаша жөнелді.

Амантай екеуміз мәз болып күліп жатырмыз.

Біраздан соң митың жүрістен тағы да шаршай бастадық. Сламжанның ойына ештеңе кіріп-шығатын емес, ыңылдап орысша өлең айтып келеді. Бір кезде Амантай маған көзін қысып қалып, атын желдірте жөнелді. Сол екпінмен Сламжанның тұсынан өте бергенде оның атын қамшымен сарт еткізді. Онсыз да масалап мазасы болмай келе жатқан ат бір-ақ ырғысын. Күтпеген жерден сасып қалған Бақытжан аға да әп дегенде ат басы­на ие бола алмай қалды. Екі жағына кезек теңселіп, ер қасына жармасып әзер отырған Сламжан әнін кілт үзіп, көкесіне жалына бастады:

– Ойбай, көке, ақырын… Ой­бай, көкетай, ақырын… Ойбай, көке, сука, ақырын дедім ғой! – де­ген жандаусы шыққанда Амантай екеуміз аттың шылбырына жарма­сып, әзер тоқтаттық…

«БІЗДЕ ДЕ БІР СЕМИНАР…»

Нүреш Сыпабеков деген ағамыз да – ауылдағы айтқыштардың бірі. Ол кісінің тауып айтқан сөздері ауыздан-ауызға таралып жүреді.

Бірде Нүреш ағамыз қызмет бабымен «Торғай» совхозына директор болып келеді. Жаңа жұмысқа ауысқан мерзімі шөп шабу науқанының қызған кезіне дөп келгендіктен, кеңсесінің іші шөп сұрауға келген шал-шабанға толып кетеді. Соны көрген әкесі Сыпаш ақсақал кісі аяғы басылсын деп әліптің артын бағады. Бір күні «Осы бәрі де шөбін алып болды- ау» деген мерзімде ақырындап баласының есігін қағады. Баласы төмен қағап қағаз жазып отыр екен, әкесіне басын көтеріп қарауға да асықпайды. «Жұмысы көп шығар» деп, біраз үндемей отырады. Күте- күте әбден шаршаған соң:

– Балам, үйдегі екі сиырың да тілін тістеп тұр, олардың жағдайын ойладың ба? – дейді жайлап қана. Ұлы үндемейді.

– Әй, балам, мен саған айтып отырмын ғой, – деп шал шамдана бастайды. Баласы сол төмен қарап жазу жазып отырған күйі:

– Ақсақал, міне қараңыз, келер жылдың шөбіне сізді бірінші қылып жазып қойдым,– деген екен.

«Торғай» совхозы сол жылы шаруашылықтың қай саласы бой­ынша да көш соңында екен, тек ме­талл сынықтарын жинау жөніндегі жоспар ғана асыра орындалыпты.

Бірде Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Аманұлы Әубәкіров совхоз дирек­торларын жинап алып, жиналыс өткізеді. Мәжілісті аяқтар алдында:

– Сонымен тағы қайталап ай­тамын, шөп шабу бойынша «Албарбөгет» совхозында, мал бордақылау жөнінде «1-май» совхо­зында, сүт өндіру мәселесімен «Қызбел» совхозында семинар өткіземіз, түсіндіңдер ғой? – деп, тағы да пысықтайды. Сол кезде Нүреш ағамыз қол көтереді.

– Иә, Сыпабеков не айтайын деп едің? – дейді хатшы.

– Кеңес Аманович, металлом жинау жөнінде біздің «Торғай» совхозында да бір семинар өткізіп жіберсек қайтеді? – деген екен ағамыз…

«ЖЫ-РЫ-ТЫ-ЛЫП ҚАЛЫПТЫ ҒОЙ»

Ауылда Тоқтар Тайшин деген өнерге жақын жігіт бар. Кезінде бес жыл бойы Алматыда жұмыс істеп, акедем театрдың әртістерінің бәрімен дос болды. Соның арқасында студенттік кезде театрға тегін кіріп жүрдік. Кейін отбасы жағдайына байланысты ауылға оралды. Көркемөнерпаздардың аудандық фестивалінің қазылар алқасында отырмыз. Концерт жүргізуші:

– Оспанхан Әубәкіровтың сықағы – «Аусек пен Сәусек», оқитын Тоқтар Тайшин! – деп хабарлады.

Тоқтар сахнаның дәл ортасы­на келіп, халыққа жымиып бас иді. Шолақ жең ақ көйлегінің төс қалтасынан бір жапырақ қағазды алып шықты, шамасы газет қиындысы болуы керек.

Дауысын құбылтып оқи баста­ды, орындаушылық шеберлігіне ешкімнің дауы жоқ. Бір кезде әп- әдемі оқып келе жатқан өлеңін кілт үзді. Жұрт аң-таң. Тоқтар қолындағы қағазын әрі аударды, бері аударды. Үзіліс созылып ба­рады. Ақыры аузын микрофонға тақатып:

– Жы-ры-ты-лып қалыпты ғой,- деді де аяғының ұшымен жүріп, сахнаның бүйіріне қарай жылыстай жөнелді…

ҚҰЛАҚШЫНҒА ТИМЕСЕҢДЕР БОЛҒАНЫ»

Ертеде Нүрпейістің Әбдіхалығы деген ағамыз сатушы болып істеді. Өзі ақын, өзі әнші, өзі әзілкеш – сегіз қырлы, бір сырлы кісі болатын. Не айтса да қалжыңға айналдырып, дүкенге келген адамның сұрағына тура жауап бермейді. Әйелдер тәуір маталарды қолымен сипалап:

– Әбеке-ау, мына матаның метрі не? – десе:

– Метрі ағаш, – деп қырсыға қалатын.

Бір күні дүкенге көп тауар әкеледі. Совхоздағы Рапкооптың бастығы:

– Ана Райсоюздағылар мына жаман мех құлақшындарды алма­сыма қоймай зорлап қосып берді, бұларды өткізу де оңайға түспес, – деп қиналады.

Әбекең үндемей жаңағы құлақшынның біреуін ғана көрсетіп қояды. Сөйткенше дүкенге екі шопан кіріп келеді.

– Әбеке, орталыққа күнде келіп жатқан жоқпыз, жақсы заттан неңіз бар? – деп сұрайды.

– Зат көп қой қарай беріңдер, тек ана құлақшынға тиіспесеңдер болғаны, – дейді сатушы.

– Құлақшынды неге көруге бол­майды? – десіп, жаңа ғана жанынан көз қырын да салмай еткен екеуі елең етісе қалады.

– Ол малақайды өзіме арнап қалдырғанмын. Қырық жыл дүкен ұстағанда бір дұрыс құлақшын киетін кезім болған шығар, – деп өкпелеген түр танытады Әбекең.

Бұны естіген әлгі екі шопан «құлақшынды бізге сат!» деп өлердегі сөзін айтып жалынады. Ол қинала-қинала көнген болып келіседі. «Директор тықтырып кетіп еді, өзім түсіндіріп айтар­мын, сен де жалаңбас кетпе» деп екіншісін де риза қылады.

Екеуі де есікке дейін рахметін айтып шығып кеткен соң, тағы бір құлақшынды алып, көрнекі жерге іліп қояды…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button