Жаңалықтар

ЖАДЫМДАҒЫ ЖЕТІ КҮН

1-мамыр мерекесі бұрын да айтулы мерекелердің бірі болатын. Еліміз Тәуелсіздігін алғалы Елбасымыздың жүргізген салиқалы саясатының арқасында бұл мереке Қазақстанды мекен етіп отырған барша ұлт пен ұлыстың ортақ мерекесіне айналды. Оларды бұрынғыдан да жақындастыра түсті.

Апта басында Алматыда Елбасымызбен бірге Қазақстан халқының бірлігі күнін кереметтей етіп атап өттік. Мерекеден 2-3 күн бұрын өткен Ассамблеяның сессиясын да мамырдағы маңызды оқиғалардың бірі болды.

Жалпы, біз Ассамблея, халықтар достығы, тыныштық төңірегінде әңгіме қозғағанда алдымен қазақ деген ұлттық кеңпейілділігін, Мемлекет басшысының ешкімді бөле-жармай жүргізіп отырған сара саясатын қоса айтуымыз керек.

Менің пікірімше, ұлтқа қызмет етудің бүгінгі үлгісі – қазақтың тіліне қызмет жасау болып табылады.

Сондықтан, бір кездері баршаны бауырына басқан қазақ ұлтының кеңпейіл ниетінің өтеуі ретінде «сен – орыссың», «мен – кәріспін» деп бөлінбей, қазақ тілін үйренуге атсалысуымыз керек. Біраз уақыт бұрын, «Тіл ортақ болмай қоғам топтаспайды» деп мақала жаздым. Мақалада алдымен қоғамды топтастыруымыз керек. Ал, қоғамды топтастырудың негізгі кілті – қазақ тілі болуы керек деген ойлар айттым. Соңғы кездері «Ассамблея енді тіл үйрету мәселесін қолға алса» деген ойлар айтылып жүр. Өте орынды. Қазақ тілі қазақтың ғана емес, мемлекетімізді мекен етіп отырған барша ұлт өкілдерінің тілі. «Тіл білген құшақтасады, тіл білмеген пышақтасады» деген керемет нақыл бар. Бұл дегеніміз, тіл адамдардың аражігін ажыратуға емес, олардың өзара түсіністігін арттырып, достығын нығайтып, біріге түсуіне қызмет етеді.

Тіл білген адам қазақ халқының болмысын ұғып, онымен жақындаса түседі. Бұл мемлекеттің бірлігін кемелдендіре түспесе, кері кетірмейді.

Кеше ғана мерекені тойлау барысында осы ойларымды Елбасы алдында да айттым. Алдағы уақытта да айта берерім анық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button