Жаңалықтар

ЖАДЫМДАҒЫ ЖЕТІ КҮН

Марат БАШИМОВ, заңгер: ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ ҰНАДЫ

Бұл аптаның басты оқиғасы V Астана экономикалық форумы бол­ды. Бес жылдан бері жиын жаһандық мәселелердің шешімін қарастыратын халықаралық алаңға ай­налды десек артық емес.

Форумға әлемнің мықты экономистері, Нобель сыйлығының ла­уреаттары мен лауазымды саяси тұлғалары келді. Жастар жағы өте көп жиналды. Әрине, мұндай ірі саяси оқиғалар, танымал тұлғалардың сапа­ры Қазақстан үшін үрдіске айналған. Бірақ, бұл жолғы жиынның мен байқаған бір артықшылығы – өте ашық, демократиялы түрде өтті. Олай дейтінім, жастар Нобель сыйлығының иегерлерін, шетелдің экс-президент, экс-Премьер-министрлерін жүзбе-жүз көріп, пікір алысып жатты. Кәдімгі терезесі тең адамша. Маған сонысы қатты ұнады. Жақында Астанада Қазақстан заңгерлерінің съезі болды. Съезд бастан-аяқ ресми, қатып қалған қағида бойынша өтіп еді. Ал, мұнда олай емес. Кім қайда барғысы келеді, қандай жиынға қатысып, кіммен пікірлескісі келеді ерік өзіне берілді.

Мен кезінде кеңес үкіметінің сая­сатын көргендердің қатарынанмын. Ондай тұлғалармен сөйлесу былай тұрмақ, бір жерде бас қосудың өзіндік шарттары болады деген жазылмаған қағидамен өстік. Ал, қазіргі жастар ондай емес. Өз пікірлерін кімнің алдында болсын қысылмай жеткізеді. Тең адамша пікірлесе алады. Соған осы жолы тағы бір рет куә болып, біраз марқайып қалдым.

Форум аясында БҰҰ ұйымдастырған Адам құқықтары жөніндегі конференцияға қатыстым. Өзімнің пікірлеріммен бөлістім. Ресейлік саясаткер Алексей Власовпен, Әзірбайжаннан келген делегация мүшелерімен кездесіп, кеңінен әңгіме-дүкен құрдық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button