Басты ақпаратҚоғам

Жадымызға не болған?

Ақын Мұхтар Шаханов «Ұлан-байтақ жерімізде жарты адамдар қаптады» деп толғамай ма? Әрі жарты адамды «Компьютер басты» деп теңейді. Қоғам қайраткері ұлт рухынан, ұлт мәдениетінен сусындай алмағандарға осылай ашына өлең арнайды. Біздің «Компьютербасты жарты адамдарымыз» сәл басқаша. Олар ұлт рухын сезінеді, ұлт тілінде сөйлейді, бірақ жады тым тар, оқыған-көргенін бірнеше минуттан артық есінде сақтай алмайды. Ұлттық трагедиясының бірі – осы.

Төрде қой басын бөлшектеп отырған ақсақал: «Балам, мына құлақ саған. Үлкендердің айтқанын ұғып алар құйма құлақ бол, ақпа құлақ болма!» деген тілекпен балаға ұсынғанын естідім. Бір ауыз сөздің тәлім-тағылымын терең түсінеміз бе? Біз қай құлаққа жатамыз. Осы туралы ойланып көрдіңіз бе?

ҚҰЙМАҚҰЛАҚТАР ҚАЙДА КЕТТІ?

Алпамыс пен Қобыланды жырын жеткізген, Абайдың өлеңін ауыл-ауылға таратқан құймақұлақтар арамызда тым аз. Шынында, досының туған күнін ұмытып кетпеу үшін телефонға жазып, оятарға қосып қоямыз. Болмаса, ұмытып кетіп, абыройсыз қаламыз. Қазір поэмалар мен өлеңдерді жаттап алып, түнді таңға жалғайтын дарындылар бар, бірақ көп емес. Бұл әр қазақтың негізгі мәселесіне айналды.

Иә, бүгінде есте сақтау қабілетіміз соншалықты төмендеп кеткеніне үйреншікті құбылыс ретінде қарайтын болдық. Бір сөзбен айтқанда, флешкадағы естін азайғаны сияқты, жадымыздағы «сақтау орны» да кеміп жатқандай. Бірақ, флешканың ішіндегі артық материалдарды өшіріп, есті қалпына келтіруге болады. Адамның жады ше?

Тарихтан қазыналы қария­лар ұзын-сонар дастандар мен қиссаларды кешті кешке жалғап жатқа айтқанын жақсы білеміз. Сыр өңірінде Айдархан Бибасаров есімді жазушы өмірден өтті. Ол кісі Ұлы, Кіші, Орта жүздік руларының шежіресін тарқатып, тіпті «Абай жолы» романының әр жерін жатқа айтып отыратын еді.

ЕСТЕ САҚТАУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Кезінде бір ғалым: «Адам қағазды ойлап тапқан күні жадынан айырылды» депті. Расында, әбден есте сақтау қабілетіміздің нашарлағаны соншалықты керекті сөзді қағазға түртіп алмасақ, халіміз мүшкіл! Ал компьютер мен ноут­бук, планшет пен смартфон ұстаған жастар туралы не айта аламыз? Жоғарыда аталғанға телевидение мен интернет деген «ғасыр жеңімпазын» қосыңыз.

Соңғысының адам жадына әсері тіптен қиын. Мамандар технология адамның жаттау, есте сақтау қабілетін төмендетеді. Өйткені тек көзбен көріп ой қорытатындықтан бірнәрсені жаттаудың керегі болмайды. Нәтижесінде адамның есте сақтау қызметін жүзеге асыратын ми қыртысындағы қатпардың қызметі нашарлайды. Сөйтіп, компьютер басты жарты адамдар қалыптасады.

Екінші жағы, адам өз-өзіне ұқыпсыз, жауапкершіліксіз қараудан да есте сақтау қабілеті төмендейді. Оған: дүние үшін қатты қайғыру, өте ыстық тағамды жеу немесе ішу, көп қалжыңдасу, әрдайым тоқ болып жүру, ішімдікті көп ішу, есірткі қолдану және тағы басқасы әсер етеді.

САҚТАНУ ЖОЛЫ

Ең бірінші, салауатты өмір салтын ұстану керек. Үзбей спортпен айналысудың нәтижесінде миға қан келіп, ағза оттегіні қабылдап, мидың жұмысы жақсарады. Егер мидың жұмысы жақсы болса, есте сақтау қабілеті де жақсара түседі.

Есте сақтауды қалпына келтіруде ұйқының орны ерекше. Күндіз ми қабылдаған ақпарат түнгі ұйқы кезінде қайта іске қосылады. Ғалымдардың дәлелінше, ми жасушалары адамның ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, тазарту жұмысын жүргізеді. Яғни күндіз қабылданған ақпараттар түнгі ұйқы кезінде бас ішінде сараланып, рет-ретімен түзіледі. Ұйқының жетіспеушілігінен ми қабаттары зардап шегіп, есте сақтау қабілеті төмендейді. Адам алкоголь ішіп ұйықтауы өте зиян. Мәтіннің мағынасын жете түсінбей, жаттап алудың кері әсері бар. Неғұрлым өз сөзіңмен айтып жеткізсең, есте сақтау қабілетің жоғарылай түседі.

Қайталау – есте сақтаудың қайнар көзі болып табылады. Бірақ, мәтінді бір дегенде бес мәрте емес, бес күннің ішінде бір реттен қайталап оқып отырсаң, әлдеқайда есте қалады.

Жады жұмысының қарқынды болуы үшін адамның ұйқысы қанық болуы тиіс. Ал психиатрлар жады ұшқырлығы үнемі өз күшін жоғалтпау үшін дұрыс ойлау және оны есте сақтауды жүйелі түрде қалыптастыру зор дейді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button