Басты ақпарат

Жәрмеңкеден жұмыс табу оңай ма?

Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы жұмыссыз азамат­тарды жұмыспен қамту мақсатында қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Іс-шараға 68 жұмыс беруші қатысып, құрылыс, өндіріс, сауда, қаржы, көлік және қойма салаларында 1100-ге жуық бос орын ұсынды. Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығы 4 қалалық және 20 шағын жәрмеңке өткізіп, азаматтарға жұмыс табуға, кәсіби кеңес алуға, білігін арттыруға, мансаптық мүмкіндігін жақсартуға жағдай жасады.

Жәрмеңкеге 10 мем­лекеттік орган мен ұйым, 11 акционер­лік қоғам, елордадағы 47 кәсіпорын, ауруханалар мен білім беру мекемелері қатысты. Ұсынылған бос орындар арасында арнайы техника жүргізушісі, мұғалім, мұнара краны машинисі, бас бухгалтер, дәрігер-реабилитолог және басқа да көптеген лауазым болды. Жәрмеңкеде ұсынылған ең жоғары жалақы 500 мың теңгеге дейін жетсе, орташа жалақы шамамен 200 мың теңгені құрады.

Сонымен қатар іс-шара аясында кәсіби бағдарлау курсы ұйымдастырылып, жұмыссыз азаматтар мамандық таңдауға және оқуға қатысты кеңес алды. Мамандар қатысушыларға олардың кәсіби бейімін анықтауға көмектесіп, еңбек нарығының талаптарына сәйкес қайта даярлау және білігін арттыру бағдарламаларын ұсынды. Жәрмеңкеде астаналықтар өздері қалаған сала бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесе алды.

– Бос жұмыс орындары бол­ғандықтан, жәрмеңкеге келіп отырмыз. Бізге қазіргі кезде байланыс операторы қажет. Ол кассир болып, клиенттермен жұмыс істейді. Екіншіден, хат-журналдарды таситын пошташы, сондай-ақ жүргізушілер қажет, – деді «Қазпошта» АҚ Астана филиалы кадр бөлімінің басшысы Айна Әлиакбарова. Осы ретте айта кетерлігі – пошташының жалақысы 90 мың теңге.

Жәрмеңке жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды ­жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.

– Бұл іс-шараның көпке пай­дасы мол. Мұнда жұмыс бе­рушілер өз компанияларының презентациясын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып жатыр. Ал жұмыс іздеушілер компаниялардың менеджерімен сөйлесіп, қызықтырған сауалдарын қоюда. Менің педагогика саласында 16 жылдық тәжірибем бар. Маған халықпен тығыз жұмыс істейтін сала ұнайды. Сол бағытта жұмыс берушілермен сөйлесіп, байланыс нөмірлерін алдым, – деді елорда тұрғыны Гүлжайна Тұрсынбаева.

Жәрмеңкеде Ұлыбританияға жұмысқа кететін қазақстандық мигранттарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. БҰҰ миграция жөніндегі өкілі жалған жұмысқа орналастыру бойынша алаяқтық схемаларының көбеюі туралы айтып берді, онда алаяқтар азаматтардан жалған жұмысқа орналасу үшін ақша талап етеді. Жәрмеңке қатысушыларына алаяқтардан қалай сақтану, қауіпсіз жұмысқа орналасу жолдарын таңдау және шетелде өз құқығын қорғау бо­йынша ұсыныстар берілді. Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне қауіпсіз маусымдық еңбек көші-қоны мәселелері бойынша тәулік бойы жедел желі нөмірлері +7-771-103-96-02, +7-777-001-67-41 деп көрсетілген. Жәрмеңкеге осы мәселе бойынша келген өкілдің айтуынша, қазіргі таңда Англияға ешқандай делдалдарға қызметі үшін ақы төлемей өзің бару үшін арнайы 5 ресми оператор істеп тұр. Олар – Concordia, Pro-Force, Fruitful Jobs, HOPS Labour Solutions, Agri-HR деп аталады.

– Ғаламторда қаптап жүрген Англиядағы фермалардағы жұмыстар бойынша айтар болсақ, ол жақта сағатына кем дегенде 7300 теңге төлейді, бір аптада аз дегенде 32 сағат істегенде, табыс көлемі 233600 теңге болады, оны 4 аптаға көбейткенде айына 931 мың теңге табыс түседі. Соның шамамен 150 мың теңгесі тұратын жері үшін, 50 мың тамағына шығынға кетеді. Сонда қалатын таза табысы – 731 мың теңге. Алайда сіз аптасына 32 емес, ең көп дегенде 48 сағатқа дейін өз қалауыңызға қарай жұмыс істеуге құқылысыз. Ол жағдайда табысыңыз артады. Жоғарыда көрсетілген операторлар бойынша сайтта анкета толтырып, дерек қалдырсаңыз, жұмыс шыққан жағдайда олар сізге жұмыс орнын тауып беру, виза және тағы басқа құжаттар бойынша тегін көмек береді. Сіз тек виза мен билетке ақша төлейсіз, – дейді көші-қон бойынша БҰҰ өкілі. Оның айтуынша, былтыр Англиядағы фермаларға 5 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа кеткен.

Елдегі жұмыстар бойынша ірі акционерлік қоғамдардың қатарында «ҚТЖ» ҰК», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «АРЭК», «ҚазТрансОйл», «Қаз­атомпром» АҚ мен бірқатар танымал екінші деңгейлі банктер бар. Мемлекеттік мекемелерден Астанадағы бірнеше аурухана, Полиция департаменті, ЖОО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жәрмеңкеге қатысты. Мәселен, №2 қалалық балалар ауруханасына трансфузиолог, гастроэнтеролог, офтальмолог, нейрохирург, кардиолог, клиникалық фармаколог, травматолог-ортопед, сурдопедагог, эндоскопист, реабилитолог, стоматолог-хирург, ЛФК нұсқаушы, бөлімше меңгерушісі, медбикелер, санитаркалар мен тіркеушілер қажет. №3 қалалық ауруханаға да осындай 30 шақты маман керек. Бірқатар құрылыс мекемесіне қарапайым жұмысшылар, инженерлер, жүк тасушылар талап етіледі. Банктер кассир, менеджер, қаржы консультанты болғысы келетін азаматтар болса оқытып аламыз деп отыр. «Тұран-Астана» университеті ауысымына 10 мың теңге төленетін күзетші, айлығы 200 мың теңге болатын комендант, 80 мың жалақыға киім ілуші және басқа да жұмысшылар қажет екенін жазып қойған. Кейбір өндіріс компаниялары жүк тасушыға 190 мың теңге, тігіншіге 150 мың теңге жалақы береміз дейді. Ал қалалық Полиция департаментіне учаскелік полицей, патрульдік полиция қызметкерлері жетіспейді. Халық санының артып, жаңа бөлімдер ашылуына байланысты бұл салаға мамандар көбірек қажет. Олар жаңадан жұмысқа орналасқанда 160 мың теңгедей жалақыға қоса пәтер жалдап тұруына 70 мың теңге төленетінін айтады. Тәжірибесі артқан сайын жалақысы да көтеріле береді. Алматы ауданы бойынша 70-80 полиция қызметкері қажет.

– Біздің орталыққа жұмыс сұрап келетіндердің 60 пайызы – әйелдер, 40 пайызы – жастар. Әйелдер, негізінен, жарты күн және қашықтан істейтін жұмыс сұрайды. Ал жастар табысы жоғары жұмысты, яғни кем дегенде 300 мың теңге айлық беретін қызметті іздейді. Жалпы қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды. Бұл рес­публикалық деңгейден төмен. Қазіргі таңда enbek.kz порталында 5 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Олардың көбі – жұмысшы мамандықтары, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, сервис саласының мамандары, сатушылар, аспаздар, есепшілер, сантехниктер, электриктер, өндіріс саласының жұмысшылары көп сұралады, – дейді Астана қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.

Жәрмеңке туралы әлеуметтік желі арқылы естіп келген Балтабек Біржанұлы биыл ЖОО-ны ІТ саласы бойынша тәмамдаған. Еш жерде жұмыс істемеген. Алайда ол жәрмеңкеден өзіне жұмыс табылмағанын айтады, жас та болса отбасылы болып үлгерген ол әзірге курьер болып нәпақасын тауып жүр. Тағы бір жұмыс іздеуші Айғаным Ғалым Қарағандыда ағылшын тілінен жоғары білім алып, елордаға келген. Алайда ол да жәрмеңке кезінде өзіне лайықты жұмыс болмағанын жеткізді. Айтуынша, қазір ағылшын тілін оқып, жыл сайын осы саладан білім алып шығатын түлектердің көптігінен жұмыс табу оңай болмай тұр.

Ақтөбеден елордаға жұмыс істеу үшін келген Еркебұлан Камел осы жәрмеңкеден өзінің мамандығы – қаржы саласы бойынша жұмыс тауып, айлығы 400 мың теңге болатын қызметке алынғанын айтты. Ол «Отбасы банктің» жаңа қызметкері атанбақ. Бұған дейін де екі жылдық жұмыс тәжірибесі бар болғандықтан ол жұмысқа тез алынған. Байқағанымыз – жұмыс көп, бірақ жұмыссыз­дардың талабы да жоғары, олар жәрмеңкеде ұсынылған қарапайым жұмыстарға келгісі келмейді және жоғары жалақы сұрайды. Ал көп жерде тәжірибесі жоқ маманды жұмысқа ала бермейді, алса айлығы азынан бастауына тура келеді. Дегенмен басқа уақытта бетпе-бет кездесіп, тілдесу мүмкін бола бермейтін түрлі саладағы ірі, орта және шағын жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен жүзбе-жүз сөйлесіп, жұмыс жайын толық сұрауға мүмкіндік беретін осындай жәрмеңкелердің жиі өткені жұмыссыздар үшін өте тиімді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button