Жәрмеңкеге Абай және Қызылорда облыстары келді
Астанадағы жәрмеңкеге Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары өнімдерін алып келді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астанада өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы өтіп жатыр.
28 және 29 қыркүйекте өз өнімдерін Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары ұсынады.
Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елордаға ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністер, бал және басқа да тауарларды қоса алғанда 830 тоннадан астам өнім әкелді.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарына Қызылорда облысының әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Келесі жәрмеңкеде Павлодар, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары өз өнімдерін жеткізеді», – дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.
Жәрмеңкедегі ассортимент алуан түрлі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сөрелерінде ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер сияқты өнімдер алуға болады.
«Бүгін біз Абай облысының атынан қатысып отырмыз. Астанаға экологиялық таза бал сататын 6 шаруа қожалығы келді. Біз өз өнімдерімізді тек Қазақстан бойынша ғана емес, шетелге де жеткіземіз. Біздің бал – ең таза әрі экологиялық пайдалы өнім», – деді фермер Руслан Хижин өз өнімдері туралы.
Жалпы, Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 400 тонна күріш, 100 тонна балық, 100 тонна сиыр және жылқы еті, сондай-ақ 30-40 тоннаға жуық бал әкелді.
«Біз жәрмеңкелерден үнемі азық-түлік сатып алуға тырысамыз. Өткен аптада Атырау облысының балықтарын сатып алып, риза болдық. Бүгін жаңа піскен жемістер мен көкөністерді сатып алдық. Менің ойымша, бағалар өте қолайлы. Енді келесі жәрмеңкені күтіп отырмыз», – дейді елорда тұрғыны Санжар Отаубай.
Айта кетейік, биыл жәрмеңке Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 бағытындағы автобус маршруттары қамтамасыз етіледі.
Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.