Құқық

Астанада ұсақ қылмыстардың 15 пайызы ғана ашылады

Есіл аудандық прокуратура өкілдері Жергілікті полиция және Ішкі істер басқармасы мамандарының басын қосып, арнайы жиын өткізді. Көше қылмысы және басқа да қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың артуы, олардың алдын алу секілді түйткілді мәселелер сөз болған шараға қала тұрғындары, ПИК басшылары, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері келіп қатысты.  

0103

Прокурорлардың айтуынша, елордамызда тонау, ұрлық секілді ұсақ қылмыстар өте көп тіркеледі екен. Әсіресе, телефон, планшет, велосипед ұрлығы тыйылмай тұр. Өкініштісі, бұл қылмыстардың көбі ашылмайды. Небәрі 15 па­йызы ғана ашылады. Мәселен, телефон ұрлығының 70-80 пайы­зы ашылмаған күйі жылы жабылып қала беретін болған.
Атқарылып жатқан шараларға қарамастан, «Mega», «Азия Парк», қалалық саябақ аумағы және Заречный, Ильинка, Шұбар секілді шет жақта орналасқан аудандарда көше қылмыстары көп тіркеледі екен. Әсіресе, Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр даңғылы, Ильинка, Шұбар елді мекен тұрғындары бұзақылық әрекеттерден әбден зәрезап болған. Елордамыздағы ақсүйектер ауданы саналатын «Нұрсая» тұрғын үй кешені пәтер ұрлығы жөнінен көш бастап тұр.
– Жергілікті полиция қызметі әлі күнге дейін бұл аудандарда өз жұмысын бір жүйеге келтіре алмай отыр. Ресми деректер бо­йынша, Есіл ауданына қарасты көшелердегі күнделікті тәртіпті 24 топтан құралған 8 полиция бекеті бақылайды. Алайда, прокурорлық тексерістер аталмыш аудандағы полиция қызметінің тиімділігі әлі де төмен екендігін көрсетіп отыр. Сақтық шараларына ерекше мән берілген аумақ болғанына қарамастан, Қорғалжын тас жолы мен Қабанбай батыр даңғылы бойындағы қылмыс азаймай отыр. Бұл ішкі істер органдарының өз міндетін толықтай орындай алмай отырғанын көрсетеді, – деді Есіл аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Ерболат Нау­кенов.
Оның айтуынша, Есіл ауданына қарасты қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтардың тек 15 пайызы ғана ашылады екен. «Жергілікті полиция қызметі өз міндетін дұрыс атқармайды. Тексеру барысында ішкі істер орган қызметкерлерінің жекелеген қылмыстық істерді жедел тергеу кезінде арнайы шаралар қабылдамақ түгілі дәлелдерді есепке алмау, тіптен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды ескермеу секілді фактілер анықталып отыр» дейді ол.
Прокурорлар ғана емес, жиынға қатысып отырған тұр­ғындар да полиция қыз­метіне көңілі толмайтынын білдіріп жатты. Тұрғындардың біразы саяжайлардағы қылмыс көптігін айтып шағымданды. «Күн сайын ұрлық тіркеліп жатады. Ешқайсысы ашылмайды. Хабарлассақ, кезекші учаскелік полицей бос болмайды. Еңбектеніп отырғызған бақшамыз ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр» дейді саяжай тұрғындары.
Әсіресе, адам өте көп шоғырланған «Жағалау» тұрғын үйінің жағдайы мәз емес болып шықты. «Кешкі уақыттарда сатылмасын деген тыйымға қарамастан, арақ-шарап өнімдерін кез келген уақытта ала беруге болады. Үй аумағындағы бес дүкеннің барлығы да ешқандай тыйымға қарап жатқан жоқ. Кесірінен аулада күнде төбелес болады. Қайыршылар жұрттан ақша сұрап алып арақ ішеді. Олардың арасында туберкулездің ауыр түрімен ауыратындар жүреді. Балаларымыз үшін қауіптенеміз» деді тағы бір тұрғын.
Осыдан кейін Есіл аудандық прокурорының орынбасары Самат Тапаев тұрғындардың сұрақтарына жауап беру үшін Есіл аудандық Жергілікті полиция қызметінің басшысының міндетін атқарушы Мейрамбек Нүрекешевке сөз берді. Алайда Нүрекешев мырза өзін халыққа «есеп бер» деп шығарды деп түсінсе керек, сатырлатып атқарған жұмыстарын тізбелей жөнелді. «Кешірерсіз, меніңше, халықты басқа мәселе қызықтыратын секілді. Полицияның міндеті – есеп беру емес, жұртпен жұмыс жасау. Тұрғындардың көбісінің сіздерге қолы жетпей жатады. Қылмыс неге ашылмайды? Арақ-шарап саудасы неге қызып тұр? Міне, сіздің баса назар аударатын мәселеңіз осы болуы тиіс» деп Тапаев оны тыйып тастады.
Есіл аудандық прокурорының орынбасары Самат Тапаев өз кезегінде жергілікті полиция өкілдерінің елорда тұрғындарынан келіп түскен барлық қоңырауларға дер кезінде жауап беруі тиіс екендігін атап өтті. «Тұрғындар полиция қызметіне көңілдері толмайтынын жиі айтады. Дер кезінде сіздермен хабарласа алмай жатады. Қылмыстың 70 пайызын масайғандар жасайды. Өйткені алкогольді өнімдердің құны бір келі қанттан арзан болып тұр қазір. Оның үстіне кез келген уақытта сатыла береді. Кесірінен саяжайлар аумағында ұрлық, тонау секілді қылмыстар өршіп тұр. Осының барлығының алдын алу – сіздердің міндеттеріңіз. Сағат кешкі 11-ден кейін алкоголь сатылу деген Астана үшін ұят нәрсе. Шағым түскен бойда тұрғындармен бірге барып, дүкендерді тексеруді қолға алыңыздар. Көше қылмысының алдын алу үшін, ең алдымен, кешкі уақыттарда арақ-шарап өнімдерінің сатылуының жолын кесу қажет. Ең басты мақсат – осы» дейді аудандық прокурордың орынбасары.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button