Жаңалықтар

…ЖАҒДАЙ ҚИЫН

Күн сайын ертемен Абайды оқимыз.

Абай «қартаяды, қайғы ойлайды». Абай қартайтады, қайғы ойлатады… ма қалай өзі?!

Көкем-ау, дәл «осындай» бір өлең жазып-ақ тарихта қалуға болады ғой. Ал ол қос кітап жазды. Кереметі: не кітап шығарайын демеді, не тарихта қалайын деген жоқ. Бәсекеге қабілетті бас ақындықты тіптен көздемегені анық. Мемлекеттік сыйлық жайын ойлап, көкейі тесілді демей-ақ қояйық. Өлең жолдарының басым көпшілігі мақалаға та­қырып қып пайдалануға сұра­нып тұрғанымен, өзі газет редак­торлығынан үміттенді деуге де келмейді…

Оның оқырманы болу қиын. Әр күні әр биіктен көрінеді. Оқырманы болмау да қиын…

Оның кейіпкері көптен көп. Өз басым Абайдың кейіпкері болудан қатты қорқам. Алайда болмауға да амал жоқ сыңайлы. Ол адами жан-дүниенің алуан санатын ауқым-ауқымымен ақтара қамтып, ұңғыл-шұңғылын үңгіп шыққан. Сол себепті де… Өзіңмен өзің отырып, өзіңнен өзің бетің тыз етіп, ішің қылп етіп ұялып қалу қайбір жетіскеннің тірлігі дейсің. Бірақ, сөйтесің ара-арасында. «Әкең» демей, «шешең» демей, бейшара халге ұрындырады. Сорлылығыңды сезінесің.

Сіз Абайды оқып тауыстыңыз ба? Сіз Абайдан қорқамысыз?

Оқып тауыссаңыз, оның сырын – қорықпасаңыз, оның да сырын бізге айтып жіберсеңіз екен. Әйтпесе, «жағдай қиын».

Ерболат ҚАМЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button