Қала тіршілігі

ЖАҒДАЙДЫ УШЫҚТЫРҒАН «ЖАБАЙЫ САУДА»

Өтпелі кезеңде өкінішіміз көп еді. 90-шы жылдардың басындағы қиын-қыстау шақтарда сең соққан балықша сенделген­ қалың көпшілік жайма­ базардан­ басқа жан бағарлық жай таппады.­ Қонысындағы қолға ілігер құндылау дүниелерін қала көшелеріндегі кез келген­ қалтарыс-бұлтарыста пұлдап тұруға мәжбүр болды. Тұрмыс түйткілі сол ала сөмке арқалаған жанкешті жерлестеріміздің денін кейіннен ірі сауда жасауға дейін алып келді.

Тиын санағандарға
тиімді болса да…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «жабайы сауда» жасағыштар әупірімдеп табы­сы тәуір кәсіпкер болып шыға келді. Деген­мен, қытымыр қыста далада тұрған әйел­дер­дің біразы бүгінде екі аяғын баса алмайды. Демографиямыздың демігіп қалуына бірден-бір залалды себеп – осы!
Қазіргілердің де қақаған аяз бен аптап ыстық­та таңнан кешке дейін жетісіп тұрғаны шамалы. Олардың сауда-саттығы тиын санаған тұты­ну­шы­лар үшін тиімді боп тұрса да, өздері ашық аспан астында көп зиян шегіп, ем дарымас сыр­қат­қа бой алдыруда. Ал, адам қарасы үзіл­мей­­­тін­ ау­мақ­тарға топтасқан «жабайы сау­даны»­ жап­пай жойып жіберуге әзір ешкімнің шама­сы жетпейтінге ұқсайды. Қаланың сиқын қашы­рып, қалай болса солай жайрап жатқан тауар көрінісінің ерсі көрінетінін ескеріп жатса, құлдық!

Жұрт жеміс-жидекті базарға бармай-ақ сатып алуға әуес. Жайма базардың арзандау­ үйме-жүймесіне үймелеуге үйреніп кеткен. Қалта қамы үшiн таразыдан тарта жейтін кейбір алыпсатарлардың қулығына қарамайды. Заңсыз жолмен тиыннан теңге құрап отырғандарға өз құқығын өзі бұздырып жүрген қайманалар өңкей! «Арзанның жілігі татымас» дегендей, ондағы көкөністердің әбден ыстыққа еріп, суыққа үсіп, болбырап, қарайып тұрған оғаштығы ойландырса игі еді. Біз осыны «Әлем» және «Астаналық базар» ортасындағы дала­ саудагерінен жеміс-жидек алып тұрған бір­ әйел­ге айтып көрсек, онымыз: «Иіба-а-ай,­ керек десең, мұндай жарамсыздары жабық­ базар ішінде де толып жатыр! О не дегені-ей?! Базардағы сатушылар көкөністерді пакетке өздері салып береді. Ал, біз мына жер­ден кере­гі­мізді өзіміз тандап, дұрыстауын аламыз» деп қақшаң-қақшаң етеді. Енді бұнысы – елдің сауда-саттықтағы құқықтық сауа­тының төмендігін айғақтайтын сөз. Осындайда заңдық құқығын бiлмейтiн тұтынушылар мен заңды белден басатын сатушылардың саны артпай қайтсін, сосын?! Астанадағы «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабыкен Закарьяновтың айтуынша, елорда тұрғындары өз құқығын қорғау үшiн құзырлы орындарға шағымдануды әлі күнге дейін ұсақ-түйек санайтын көрінеді. Оған қоса, түскен арызды екшеуге немқұрайлы қарап, уақытты сағызша созып алатын құқық қорғаушылар да жеткілікті. Олар тұтынушының шағымын қана­ғат­тан­дырса, нәсібін осы кәсібінен айырып отыр­ған саудагердің нәпақасын зорлықпен тартып алғандай болатындарын сылтау етеді. Базарға жіберсе ше? Оған да айтар уәж дайын. «Тауарыңды базарға барып сатсаң, салық төлей­­сің…» дейді тек өздеріне пайда жасауға бейім жандар. Солардың ішінен бір жігітті сөзге тартып көріп едік, «Базардың ішінен орын алып, оған күнделікті төлейтін ақшаңның сыртында айналымға да біраз қаражат қажет қой»­ деді ол. Қасында тұрған кексе әйел оның сөзін аузынан жұлып алғандай жұлқынып: «Бізге бала-шағаны асырау керек, айналайын! Өйтпесек, екі қолға бір күрек болар жұмысымыз да жоқ. Тым құры­­ғанда, зейнетақы да алмаймыз.­ Жайма база­ры­мыз болмаса, шиеттей бала-шағаны сіз бағып-қағасыз ба?» деп бет бақтырмады. Ойла­нып­ қалдық…

…санитарлық талапты сақтамайтындықтан

Шексіз ойды шешімтал ой жеңеді ғой қашанда. Бала-шағаның қамын алға тартқан әйелге не дерімізді білмесек те, кейіннен солар­дың қалтасында тауардың, не сауда нүкте­ле­рiнiң санитарлық талаптарға жауап беретiнi жөнiндегi рұқсат қағазы жоқтығы еске түсе кетті. Олай дейтініміз, осы күні астан улан­ған­дар­дың саны азаймай тұр. Әсіресе, жазда жеміс-жидектен залал көретіндер көбірек. Күннің ыстығында қауын-қарбызға «жерік болған» жұрт олардың санитарлық талапқа сәйкес-сәйкес еместігін ажыратып жатпастан, көшедегі кездескенінен ала салады. Жалпы, сол қауын-қарбыздың бәрі ел аймақтарына оңтүс­тік облыстар мен Өзбекстаннан ғана тасы­мал­­да­­нады. СЭС мамандары шектен тыс қолдан­ған тыңайтқыштың әсерінен саудаға беймезгіл түскен олардың адам ағзасына тигізетін зардабы мол екендігін ескертсе де, қолды бір-ақ сілтейтіндер мен құлақтандырудан мүлде хабарсыз қалатындар көп. Ал, «жабайы сауда» жасап тұрғандарда санитарлық сертифи­кат­ бол­май­тын­дықтан, адамның сол жердегі өнім­нен уланғанын дәлелдеу қиын. Кінәсін мойын­дауы былай тұрсын, Кеңес өкіметі кезін­де­ атынан ат үріккен СЭС мамандарынан қазіргі заманда ыға қоятын кім бар?!

Жабайы тiршiлiкпен жан баққандар бекерге бұрқан-талқан болмастан бұрын саудасын салауат­ты сыңайда жүргізсе, бір сәрі. Қолы күстенген, табаны тiлiмделген, ернi кезерген, бет-жүзі қабарған әйелдерден бірдеңе алудың өзі мүмкін емес. Тәшкі итерген ерлері де киімдері алба-жұлба, үстi-басы кiр-қожалақ болып, өнімінің үстіне үймелеген шыбын-шіркейді жәшіктен жыртып алған қатырма қағазымен үркітіп әлек. Санитарлық ережелерге сай келетін арнайы киім­мен қамтамасыз етілмегендігін былай қой­ған­да, осыларының өзінен-ақ дизентерия, саль­мо­неллез, туберкулез, ботулизм деп кете беретін жұқпалы дерттердің өрбімесіне кім кепіл?!

Оған қоса, «жабайы саудаға» ауылдан тез бұзылатын сүт және ет өнімдерін ала келген­ саудагерлер шыжыған күннің астында тағам­да­ры­ның сақталу жағдайына мән бере қоймайды. Ал, тек тоңазытқышқа салынған өнім ғана өзінің балғындығын сақтай алатындығын ескермейтін тұтынушыларға не жорық?!

…жаппай жауып тастауға сұранып тұр

Астанада біз аралаған «Көк» базары,­ «Аста­на­лық базар», «Әлем» базары, «Шапағат» коммуналдық базары маңындағы жол жиек­те­рін­де ыбырсыған қоқыстар сауда уақыты біткен кеш­кі мезгілде көліктердің жүруіне сұм­дық­ кедер­гі келтіреді. Иістері қолқаны қап­қан­ тұр­мыстық қалдықтар аялдамаларға дейін шашылып жатыр. Осындай «жабайы сау­да­мен»­ күресуге Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­ма­сының, ішкі істер органдарының, Салық департаментінің және санитарлық қадағалау басқармасының өкілдерінен құралған жұмыс тобы анда-санда шығып тұрады. Бірақ, олардың кетуін тасада тағатсыздана күткен сабаздар сөм­ке­лері мен қораптарын өткен-кеткендердің жолына тағы да жайып кеп жібереді…

Сонда, бұл не деген бейшаралық?! Олар бей­ша­ра болмаса, еліміздің экономикасы көте­рі­ліп, ішкі жалпы өнімнен халыққа қызмет көр­се­ту­дің сапасы да жылдан жылға жақсарып жатқаны – шындық. Қаржы министрлігінің өкіл­дері мәлімдегендей, биылдан бастап елі­міз­дің­ қара базарларындағы сауда-саттық үлгісі де өзгермек. Саудагерлер бір жолғы талон жүйесінен патенттеу жүйесіне жаппай көші­рі­ле­тін болды. Жоба «Жол картасы» бағ­дар­ла­масы аясында қаржыландырылмақ. Ал, мемлекеттің «жабайы сауданы» жаппай жойып, тәртіп орнату мақсатындағы ол идеясы жүзеге асса, көлеңкелі кәсіп ақсап, қоғамдық қазынаның бүйірі шығатын көрінеді. Патенті бар саудагердің қандай тауар саудалайтыны, оны қайдан алатыны және бағасы туралы бар­лық­ ақпарат болатындықтан, кез келген адам қалаған жерінде сауда жасай алмайды. Демек, бұл – тұтынушының құқығы да бұзылмайды деген сөз.

Тамыз айын­да қала шетіндегі орталық базар­ мен­ «Көк» базарының саудагерлері жап­пай наразылыққа шыққан еді. Талаптары – «Астаналық базар» мен «Әлем» базары ортасында орналасқан жаңа орындарды жаптыру. Себебі, олар 2007 жылға дейін нәпақасын осы орыннан тауып келген де, жергілікті билік бас қаламыздың сәнін бұзып тұрған базарды сүріп, шаһар орталығын бақ салып, қалпына келтіру мақсатында бәрін шетке көшірген. Бірақ, бұрынғы орын қыз-қыз қайнаған «жабайы сау­даға» айналып, байырғы кәсіпкерлердің ашу-ызасын тудырды. «Әлдебір кәсіпкерге сауда нүктесін қайта ашуға рұқсат беріліпті» деген сыбысты естіген бетте, өздерінің табысына­ ор­тақ­та­сатын бәсекелестің табылғанына 200-ден астам саудагер шыдай алмаған. Қайдан есті­ген­де­рін қайдам, «Ол орынды алған кәсіпкерде 2017 жылға дейін жарамды рұқсаты бар екен. Салық төлеп жатыр. Базарды тезірек жаппаса, біз де осы бұрынғы орнымызға келіп тұрамыз» дейді наразы топ. Шынында да, тұтынушылар қала шетіндегі базарлардан гөрі көз үйреніп қалған осы орталыққа жиі келеді. Бір қызығы, бұл базардың қайта ашылуына құзырлы органдар рұқсат етпегендіктерін айтып, ақталуда. Оны заңсыз іске қосқан қожайыны айыпты көрінеді. Алматы ауданы әкімінің орынбасары Түсіп Рысбеков: «Бұл жерде қаланың бас жос­па­ры бойынша паркинг және демалыс орындары болады. Қазір мына құрылысты бұзуға байланысты келісімдер жүріп жатыр» десе, сол аудан прокуратурасының аға прокуроры Азамат Жанахметов: «Ол бір күндік жұмыс емес. Қазір біз сол бойынша тексеру жүргізіп жатырмыз» дейді. Әйтеуір, шерушілерді заңсыз сауда орнының қалайда жабылатынына сендіріп бақты.

Қазір ол «жабайы сауда» ескі базардың ішін­де де, сыртында да еш тыйым-сыйымсыз жалғасып жатыр. «Наным бар, наным бар дегенше, жеп тынған артық» демекші, жаппай жауып тастауға сұранып тұрған нүктелердің нүктесін уақытында қойған дұрыс-ау…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button