ЖаңалықтарЭкономика

ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРҒАН «ЖАҢА ЖОЛ»

Бизнес өкiлдерiне бағыт беретiн байыпты бағдарлама аясында «Жаңа жол» кәсіпорны мемлекеттік қолдауға ие болды. 150 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме жол құрылысы және жолға қажетті асфальт жасау жұмыстарымен айналысады.

Былтыр кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 65 млн теңге несие алған болатын. Асфальттің барлық түрін шығаратын мекеме аталмыш несие аясында жол сапасын жетілдіруді көздейді. Ауқымды жұмысты атқаруда бұл салаға қыруар қаржы қажет екені белгілі. Несие көмегімен сатып алынған, компьютерлендірілген жаңа жабдықтар кәсіпорын жұмысын жеңілдетіп, сапасын арттыруда.

Негізінде, зауыт мүмкіндік болса, 110 мың тонна асфальт шығаруға қауқарлы. Алайда, қазіргі жағдайға байланысты кәсіпорын жылына 40 мың тонна өнім шығаруда.

Ел экономикасына серпін беретін кәсіпкерлікті қолдау Үкімет назарынан түскен емес. Шағын және орта кәсіпкерлікті жетілдіре отырып, жұмыссыздықтың алдын алуда. Бұл кәсіпорын алғаш жұмысын бастағанда 50-60 адам еңбекке тартылған. Бүгінде жұмысшылардың қатары бірнеше есеге толықты. Алдағы уақытта жұмыс көлемі артса, олардың санын арттыру жоспарда жоқ емес.
«Асфальт жасау – күрделі жұмыс. Бүгінде жұмысымыздың нәтижесінде, республика жолдарына да тапсырыс алудамыз. Асфальттің 11 түрі болса, біздің кәсіпорын соның барлық түрін шығаруға мүмкіндігі жетеді. Қазір «Даму» қорынан несиенің екінші бөлігін алуға әрекет етіп жатырмыз. Ол бойынша зауыттың жұмысын жандандырып, жұмыс көлемі мен сапасын арттырамыз», –дейді кәсіпорын директоры Сағат Жақыпов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button