Жағдайың қалай, студент?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйінде болып студенттерге жасалып жатқан әлеуметтік жағдаймен танысып, жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Астанада 15 жоғары оқу орны бар. Студенттер үшін жатақханалардағы орын тапшылығы 2488 болып тұр. Осы мәселені шешу үшін биыл елордада 7 студенттер жатақханасын салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта бас қаланың жоғары оқу орындарында 95 мың студент оқиды, оның ішінде 49,5 мыңы – басқа қалалардан келген білім алушылар. Жастардың өмір сүру жағдайы олардың білім сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Ал бүгінде іргелі оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің тұрмысы қандай? Дені жатақханада тұратын жастардың әл-ауқатына көңілі тола ма?
Әлеуметтік көмектің тетіктері
Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметі бойынша елімізде 2024-2025 оқу жылының басында студенттер саны 624,5 мың адамды құрады. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында биылғы оқу жылында магистранттар, докторанттар және резидент-дәрігерлер саны өткен жылдармен салыстырғанда өскен. Магистратурада 39 172 адам білім алса, резидентурада оқитындардың жалпы саны 8882 адам, ал докторанттардың саны 7 633 адамды құрайды. Сонымен қатар бюро елімізде 113 жоғары оқу орны тіркелгенін, оның 42,5 пайызы – мемлекеттік, 56,6 пайызы жекеменшік екенін мәлімдеді.
Студенттік шақ – жастық дәуреннің ең ыстық естеліктерімен таспаланатын кезең. Осы бір кезеңнің құндылығын жоймай, өмірдегі алтын дәуреннің бірі екенін сезу үшін студенттер оқудың әр жылын түрлі оқиғалармен толтыруға тырысады. Десе де, ең әуелі сапалы оқып, білікті кадр атануды мақсат етеді. Бұл тұрғыда олар үшін толыққанды жағдай жасау жақсы оқуға да, маман атануға да әсер ететінін ескеру маңызды. Осы тұста 2024 жылы Үкіметтің әлеуметтік қолдауының негізгі шараларының бірі студенттердің тұрмысын жақсартуға арналды. Сонымен бірге бұл инновациялық экономика құру және білім деңгейін арттыру мақсатында студенттер, ғалымдар үшін жағдайды жақсарту, ғылыми зерттеулерді дамыту үшін маңызды қадамдар ретінде айқындалды.
Ал еліміздегі ұлттық не жекеменшік болсын, республика бойынша көбі іргелі саналатын 15 жоғары оқу орны Астанада орналасқан. Сондықтан арман қуып, білім аламын деген жастар бас қалада оқуды құп санайды. Сәйкесінше оларды әлеуметтік тұрғыда қолдап отыру – маңызды міндеттердің бірі. Мәселен, бұл бағытта елорда әкімдігі тарапынан жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу кезеңінде қаладағы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығы берілген. Оның ішінде көмек балалар үйінен және табысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ әлеуметтік көмек алатын немесе алмаған отбасылардағы балаларға беріледі. 2025 жылдың қаңтарында жеңілдікпен жүретін көлік құралына 118 студент ие.
Студенттік шақ жастардың рухани-мәдени өмірге етене араласуымен ерекше есте қалады. Университеттегі өмірді қайталанбас және жарқын етуде білім алушылар интеллектуалды клубтар, спорттық командалар, қайырымдылық ұйымдар, сонымен қатар тұлғаның жеке және ұжымдық шығармашылықта өзін-өзі көрсете білуіне демеуші болатын үйірмелер және дебат клубтарға қатысады. Жастардың қарым-қабілеті осындай ортада қалыптасып, мықты оратор, қайырымды волонтер, жалпы білікті маман атануларына ықпал етеді.
Астана қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраевтың сөзінше, осы бағытта қала студенттері үшін жыл сайын «Jastar Jalyny» фестивалі өткізіледі. Іс-шара жастардың шығармашылық қабілетін ашу, талантты жастарға қолдау көрсету, олардың дамуына жағдай жасауға бағытталады. Ал жеңімпаздарға 1-орын үшін 100 мың теңге, 2-орынға – 70 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар беріледі. 10 номинацияда ең үздік жоғары оқу орнына басты сыйлық – 500 000 теңге табысталады.
Жайлы жатақхана – студент арманы
Барар жері, тұрар мекені бар адамның көңілі қашан да жай. Жатын орын іздеген студентке жатақхана берілсе, оның үлгерімі де жақсы болары белгілі. 2024 жылдың басында Астана қаласында студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 6344 орынға жеткен еді. Былтырғы 1689 орындық 5 жатақхананы пайдалануға берілу жоспарланды, десе де жыл соңында 4200 орындық 7 жатақхана тапсырылды. Олар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Тұран-Астана» университеті, Астана Медицина университеті, Аstana IT University, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде ашылды. Сонымен бүгінде бас қалада жатақханалардағы орын тапшылығы 2488 орынды құрайды. Осы мәселені шешуде 2025 жылы 3400 орындық 7 жатақхана салыну жоспарланған.
Жатақхана тапшылығын болдырмауда жақында елордада ең ірі студенттер үйінің бірі ашылып, көпшілік жасты қуантқан еді. Нысан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне берілді. Университеттің Студенттер үйлері дирекциясының директоры Азамат Жұматаевтың айтуынша, бүгінде жоғары оқу орнына қарасты 4280 орынға арналған 8 жатақхана бар.
«Университет 1500 студентке арналған сегіз жеке жатақханамен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқан. Жалпы саны 9282 студент жатын орынмен қамтамасыз етілген. Студенттер үйінен орын бірінші кезекте әлеуметтік статусы бар білім алушыларға беріледі. Көпбалалы отбасынан шыққан, мүгедектігі бар, толық емес отбасынан шыққан балаларға орын табылады. Норма бойынша бір студентке 6 шаршы метр бекітілген. Жатақханалардың аумағы салынған жылына, енгізілген өзгерістерге байланысты әртүрлі. Сәйкесінше бір бөлмеге 3 не 5 балаға дейін орналасады.
Соңғы ашылған 2 656 орындық Студенттер үйі кешені үш блоктан тұрады. Онда бакалавриат, магистратура және докторантура студенттері орналасады. Жаңа жатақхананың ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуінде. Осы мақсатта берілген кешенде қолжетімділікті, жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдай ескерілді. Студенттер үйі қолайлы лифт, кең есіктер мен жуынатын бөлмелерді қоса алғанда, қажетті құралдар және арнайы төсек-орын, жиһаздармен жабдықталған. Барлық дизайн мен инфрақұрылым тұрғындар үшін ыңғайлы, кедергісіз орта құруға бағытталған. Алты қабатты ғимараттың ауданы 15 мың шаршы метрді құрайды. Әр блокта студенттерге жайлы тұру үшін коворкинг, кітапхана, спорт және коммерциялық жайлар қарастырылған. Студенттер үйі өрттен қорғау жүйесі және толық Wi-Fi желісімен жабдықталған.
Нысан А.Байтұрсынов пен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Студенттер үшін қатынау мәселесі қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан білім алушылар үшін арнайы автобус жалдап, емін-еркін жетіп отыруларына барынша жағдай жағдауды көздеп отырмыз» деді А.Жұматаев. Спикердің сөзінше, республика бойынша университеттің жатақханамен қамту мәселесі жүз пайыз шешілген деп айтуға негіз бар. Жатақхана ақысы бір айға 18 мың теңгеден басталып, 30 мың теңгеге дейін жетеді. Университетке қарасты бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан жатақханалар мен енді ғана салынған студенттер үйлері бар болғандықтан, баға да әртүрлі бекітілген. Студенттер арасында бағаның қолжетімді болуы тұрғысынан мониторинг жүргізілді. Білім ордасы аумағында 800 орындық 2 жатақхананың құрылысы басталды. Сонымен қатар, қолданыстағы жатақханаларды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі.
Әл-ауқат қайтсе жақсарады?
Жыл сайын Қазақстанда мыңдаған білім гранты бөлініп, талапкерлер колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алуына жағдай жасалады. Білім грантына ие болған студент әр ай сайын мемлекеттен белгілі бір мөлшерде стипендия алып отырады. Елімізде шәкіртақының 3 түрі бар. Олар: ең төменгі стипендия, жоғарылатылған стипендия және президенттік стипендия. Қазірде жоғары оқу орнында оқитын студенттер орташа есеппен 52 мың теңге шәкіртақы алады. Алайда бұл қаражаттың студенттердің шайлығына жетпей жататыны бар. Бірінің шәкіртақысы киіміне, не тамағына жетпесе, ақылы бөлімде оқитындардың жай-күйі тіптен қиын. Әсіресе, тез байып, ақшаға кенелемін деген олардың бірінші орынға материалдық жағдайды қойып отырады. Осы мақсатта биыл қыркүйек айынан бастап бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттар үшін 15 пайызға артпақ.
Қазіргі нарық заманында студент түгілі, айлық жалақыға жұмыс істейтін мамандар қаражатын бір айға әрең жеткізеді.
Ал студенттердің мәселесі тіптен бөлек. Әсіресе, Астанадай алып шаһарда оқитын студенттер үшін бір шәкіртақымен күн көру мүмкін емес. Сондықтан бүгінде сабақтан қолдары қалт етсе жұмыс істеп, жоғын бүтіндеп жүрген студенттер көп. Мәселен, hh.kz сайтына келіп түскен 18 бен 22 жас аралығындағы үміткерлердің түйіндемелері еңбек нарығына студенттердің көбірек араласқанын көрсетеді. Сол себепті жұмыспен қамту бағытындағы қолдау аса қажет. Қоғамның көкейкесті мәселесіне айналған жастардың жұмыссыздығын шешуде әртүрлі жобалар қолға алынған. Елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасы Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары негізінде былтыр 13 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтыды. Оған қоса, жұмыссыздарды, оның ішінде жастарды және азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында 2024 жылы 41 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асқан «JolTap» жобасы аясында екі қолға бір күрек тапқан жастар да жоқ емес. 7 цифрлық мамандық (SMM, таргет, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және сайт жасау және т.б.) бойынша бүгінде оқуын 3 773 адам аяқтады. 10 жұмысшы мамандығы бойынша (тігінші, cатушы, сәнгер-конструктор, электр газ дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқ киімді жөндеу және кілттер дайындау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май мен автошиналарды ауыстыру бойынша маман және т.б.) 3 904 адам оқытылды. Олардың қатарында 20 жасар студент Амина Аманбек бар.
– JOLTAP жобасының тегін қысқа мерзімді курстарында SMM бойынша жаңа мамандықты игеріп алдым. Мен жұмыс іздеу үшін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерде жеке брендімді дамыту үшін SMM бағытын таңдадым. Менің ойымша, SMM – қазіргі кездегі ең өзекті әрі қажет мамандықтардың бірі. SMM мамандары барлық компанияларға керек, сондықтан жұмысқа оңай орналасуға болады. Өзімнің қатарластарым да осы жоба аясында оқуын оқып жүріп те, жұмыс тауып кетті, – деп бөлісті студент.
Индира БЕРЖАНОВА