ЖАҺАН ЖҰРТЫМЕН ЖАҚЫНДАСТЫРАДЫ
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары.
Әліппе, таңба – тек өркениет пен мәдениеттің рәмізі ғана емес, мемлекеттің тәуелсіздігін де білдіретін айрықша символ. Ол мемлекеттің өз жолы, өз таңдауы жүзеге асып отырғанын көрсетеді. Соның ішінде, латын әліппесі бүгінде жаһандық қолданысқа ие болуда, сондықтан ол қазақ халқының әлемдік үрдіске араласуына да ықпал етеді. Оның үстіне қазіргі қаріппен қоғам екіге жарылып отыр. Мәселен, қазақ тілінде «Мәскеу», «Қарағанды» деп, ал орыс тілінде «Мос-ква», «Караганда» деп жазып жүрміз. Латын қарпі арқылы емлені қазақшаландырсақ, бұл мәселе бірізге түсер еді. Бұл ел азаматтарының қазақ тілін тезірек үйренуіне де септігін тигізеді. Сондықтан, әліппе ауыстыру бір жағынан сананы сілкіндіріп, қоғамды біріктіріп, ел тәуелсіздігін нығайтса, екіншіден, жаһан жұртшылығымен де байланысын арттыра түседі. Өзіңіз білесіз, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түркіменстан әлдеқашан латын қарпіне көшкен. Таяуда Түркі кеңесінде осы мәселеге қатысты жиын өткізіп, Түркі академиясы бұл мәселеге қатысты ғылыми жұмыстарын бастаған еді. Сондықтан Елбасының өз Жолдауында 2025 жылдан бастап тұтас латын әліпбиіне көшеміз деген мақсат қоюы – құптарлық жағдай.