Басты ақпаратЭкономика

ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЛАҢ

Кеше Тәуелсіздік сарайында VІІ Астана экономикалық форумы ашылды. Үш күн қатарынан өтетін жаһандық жиынға әлемнің 100-ден аса елінен 10 мыңнан артық делегат қатысты. Қазақ елінің астанасында осымен жетінші рет өткізіліп отырған форумда күллі әлемді толғандырып отырған қаржылық жүйедегі жаһандық қауіп-қатер, дүниежүзінің экономикалық өсімі мен оның келешегі, инфрақұрылым мен инновациялық технологиялардың бүгінгі жетістігі, жаһандану және интеграциялық аспектілер, сауданы дамыту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жасыл экономика, энергоэкономикалық климаттың негізгі перспективалары төңірегіндегі мәселелер талқыланды.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҚ – БАСТЫ МІНДЕТ

VІІ Астана экономикалық форум аясында 70-тен аса шара ұйымдастырылған. Соның ең бас­тысы – «Астана Инвест – 2014» халықаралық инвестициялық форумы. Осымен бесінші рет өткізілген жиын бүгінде халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытатын ірі бизнес алаңына айналып отыр. Бұл ірі шараға Премьер-министр Кәрім Мәсімов және Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Жиналған қауымды ірі шараның ашылуымен құттықтаған Үкімет басшысы еліміздің даму бағдарын Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында айқын көрсеткенін атап өтіп, бұл құжат халықтың өмір сүру сапасы арттыруға, жаңа жетістіктерге жетуге, Қазақстанды әлемдегі экономикасы қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдыруға бағытталып отырғанын жеткізді. Премьер-министрдің айтуынша, алға қойған мақсатқа жету үшін алдымен елдің экономикасын алға сүйрейтін жаңа жобаларға қол жеткізіп, инвестицияларды көптеп тарту қажет. Бұл жағынан Қазақстанның қадамы осал емес. Атап айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде ел экономикасына 160 млрд доллар инвес­тиция құйылған. Бұған инвесторларға жасалған қолайлы орта септігін тигізіп отыр. «Елімізде инвестициялық тартымды орта қалыптастырудағы қадамдарын Дүниежүзілік банк те оң бағалап отыр. Біз әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік және инвестицияны қорғау рейтингтерінде жақсы көрсеткішге қол жеткіздік. Бұл саладағы жұмыстарымыз әсте толастамақ емес. Жақында инвестиция тарту бойынша тағы бір кешенді бағдарлама әзірледік. Заң жобасы жақында Парламент қарауына жіберілетін болады» деді Премьер-министр. Осы құжат инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру, бизнесті дамытуға қолбайлау болатын кедергілерді жою, салық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған әрі заң жобасы елімізге шетелдік жұмыс күшін тартуды да жеңілдетпек.

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДА

Ал форумда сөйлеген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл шара әлем елдерінің сан саладағы маңдайалды мамандарының басын қосатын әмбебап жиын екендігін айта келе, диалог алаңында озық ойлар мен жасампаз жобалар ұсынылып, инвестиция саласындағы түйінді мәселелер тарқатылатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін қала әкімі елорданың бүгінгі жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Елбасының айрықша көңіл бөлуінің арқасында Астанаға инвестиция тарту ең бірінші кезектегі басымдыққа айналып отыр. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде елорда дамудың даңғыл жолына түсіп, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. «Осы уақыт аралығында қала халқы шамамен 3 есеге, ішкі жалпы өнімі 54 есеге артты. Ал Астананың ЖІӨ-дегі үлесі 6 есеге, инвестиция 28 есеге ұлғайды. 16 жылдың ішінде Астанаға 4 трлн 780 млн теңге құйылды» деді әкім.

Қалада құрылыс саласы да қарқынды жүргізіліп келеді. Астана елордаға айналғалы мұнда 12 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның шамамен 6 млн шаршы метрі соңғы төрт жыл ішінде бой көтерген. Шаһарға салынған инвестицияның арқасында елордалық индустриалдық даму деңгейі де жақсы сақталып отыр. «Әлемдік деңгейдегі танымал өндіріс ошақтарының елордамызда жұмыс істеуі – біз үшін өте маңызды. Олардың ішінде локомотивтер шығаратын «Дженерал Электрик», «Тальго» жолаушы вагондары зауыты, «Альстом» электровоздары, «Еврокоптер» тікұшақтары өндірістерінің тек былтырғы өнімі 500 млрд АҚШ долларын құрады» деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Еліміздегі инвестициялық саясаттың белсенділігі арқасында соңғы төрт жылдың ішінде елордада қолға алынған жобалардағы жекеменшік инвестицияның үлесі үш есеге ұлғайғанын атап өткен қала әкімі бүгінгі форум аясында жалпы сомасы 500 млн долларды құрайтын 11 меморандумға қол қою жоспарланып отырғанын жеткізді.

Елордада инвесторлардың жұмыс істеуіне қандай қолайлы орта қалыптасып отырғанына жеке тоқталған Иманғали Нұрғалиұлы еліміздің «Инвестиция туралы» заңы бойынша инвестициялық стратегиялық жобаларды жүзеге асыру барысында кеден баждары салынбайтынын, салық жеңілдігі қарастырылатынын, тарифтік реттеу шаралары қолданылмайтынын айтты. Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, кәсіпкерлер Кедендік одақ ауқымындағы нарықта баж салығынсыз жұмыс істей алады.

Жиын қатысушыларына «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы туралы да түсіндіре кеткен Астана қаласының әкімі 1 мың га аумақты алып жатқан Индустриялық паркте де жерге, мүлікке салық салынбайтынын, әкімшілік рұқсаттамаларды алу уақыты қысқартылғанын, мұнда да еркін кедендік режим қалыптасқанын атап өтті.

Мемлекеттік инвестициялық саясаттың басты мақсаты – нақты бизнес-бастамаларды қолдау, іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті кеңейту екендігі белгілі. Осы орайда қала әкімі бизнес саласына қатысты ынтымақтастыққа дайын екендіктерін, бірлесе жұмыс істеу инвесторларға да, қала үшін де тиімді болатынына сенім білдірді.

Дайындаған Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button