Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛДАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумын қорытындылады. Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен айтулы жиынға әлемге әйгілі саясаткерлер, белгілі сарапшылар, ірі бизнесмендер мен инвесторлар, халықаралық қаржы құрылымдарының басшылары, әртүрлі саладағы Нобель сыйлығының иегерлері қатысты.
Елбасы жиынға қатысушылар алдында жаһандық экономиканы жаңғыртуға қатысты бірқатар бастамаларды ұсынды. Қазақстан басшысының назарға ұсынған идеяларын тыңдаған мәртебелі меймандар да өздерін қызықтырған ойларын ортаға салып, ізгі тілектерін жеткізді. Бұл ретте Елбасының адам капиталын дамыту, «жасыл» экономика жөніндегі жол картасын әзірлеуге қатысты ұсыныстары форумға қатысушылар тарапынан қызу қолдауға ие болды.

06

Солардың ішінде Дүниежүзілік сау­да ұйымының бас директоры Роберто Азеведо, Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті (ЕҚҚДБ) Сума Чакрабарти, «AliBaba Group» интернет-коммерция сала­сындағы Қытай компаниясының негізін қалаушы Джек Ма, Колумбия университетінің Жер институты директоры және «The Economist» британ журналының нұсқасы бойынша әлемнің ең беделді үш эко­номисінің бірі Джеффри Сакс, Мас­сачусетс технологиялық инсти­ту­тының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк медалінің 2005 жылғы иегері Дарон Аджемоглу сияқты әлемге белгілі тұлғалар бар.
Алдымен сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық форумға қатысқан барлық мәртебелі мей­мандарға алғысын білдірді. Қатарынан бір­неше жыл өткізілген форумның сан түрлі мәселені талқы­лаудың және нақты шешімдерді қарастырудың маңызды алаңына айналып келе жатқанын атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы, Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүние­жүзілік сауда ұйымы, Дүниежүзілік банк, Еуропалық Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері осы форумда түрлі мәселелерді талқылап, нақты ұсыныс-пікірлерін жолдағанын да тілге тиек етті. Бұдан соң Елбасы Қазақстанның мемлекет болып қа­лып­тасуда қандай қиын белестерді бағын­дырғаны жөнінде әңгімеледі. Біздің еліміздің 25 жыл ішіндегі қол жеткізген жетістіктері, әсіресе, экономика са­ласындағы табыс­тар әлемдегі жетекші елдердің де қызығушылығын туғызған. Соңғы он жылда Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 73 жасқа дейін көтерілуі – айтарлықтай көрсеткіш. Елбасы сондай-ақ, ел экономикасына үлкен мөлшерде инвестиция салған алпауыт компанияларға алғысын білдірді. Еліміздің экономикасын әлемдік деңгейге көтеруде сол инвестициялардың септігі көп болғанын ризашылықпен жеткізді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1400 мектеп, 1300 денсаулық сақтау нысаны салынса, 100 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұндай экономикалық өсім Кеңес одағы кезінде де болмаған. Бұдан кейін Мемлекет басшысы бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды.
– Сауатты, денi сау азаматтары болмаса, ешқандай мемлекет дамымайды. Осы мәселенi шешу үшiн БҰҰ-ның қамқорлығымен адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Бұл қордың басты мақсаты кедей мемлекеттерде бiлiм алу мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру болуы керек. Әлемдік сарап­шылардың деректерiне сүйенсек, кедей елдерде жалпы базалық бiлiмдi қамта­масыз етуге жылына 50 млрд доллар қажет болады екен. Ал офшорлық есеп­шот­тарда 30-40 трлн доллар сақ­таулы жатыр. Егер осы қаржыға 1 пайыз көле­мінде салық салынғанның өзінде жоға­рыда айт­қан мақсатқа қаржы көзін құра аламыз. Бұл мәселені тек халық­аралық қауым­дас­тықтың бiрлескен күш-әреке­тiнiң арқа­сында ғана шешуге болады, – деді Елбасы.
Бұдан соң ол «жасыл» экономиканы дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеудi ұсынды. Өйткені, соңғы кезде ғарыштың пайдасына құнығушылық салдарынан қоршаған ортаның өзекті мәселелері назардан тыс қалып барады. Бұл жол картасы атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, жер мен олардың құндылығын, биортаның суларын сақтауға ықпал етеді. Дәл осы мәселелердің көптеген дамушы елдер үшін маңыздылығын Елбасы әлемдік қауымдастықтың назарына тағы бір мәрте ұсынды.

KBB_0519

Роберто Азеведо, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:
– Осыдан екі мың жылдай уақыт бұрын халықаралық сауданың рөлін атқарған көне Жібек жолы Қазақстан аумағын басып өтетін. Бүгінгі күні қайта қалпына келе бастаған сол көне жолдың жаңа белдеулері айқындала бастады. Ол бұрынғысынша Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Осы жағдайға қарап, тәуелсіз Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық қаты­нас­тарға тереңдеп енгенін аңғаруға болады. Соның бір дәлелі, 2016 жылы Қазақ­стан Дүниежүзілік сауда ұйымына 162-ші мүше мемлекет болып кірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның интеграциялау үдерісі мұнымен тоқтап қалмайтындығын үнемі айтып келеді. Мен Қазақстанның жарқын келешегіне сенемін.

KBB_0548

Сума Чакрабарти, Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті:
– Қазіргі күні жаңа экономикалық жағдай кеңістігіне шығуға ұмтылып жатқан елдер арасында Қазақстанның мүмкіндігі зор. Осы бағытта елде жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаның серпінділігін сақтауға бағытталған іс-шараларды мен қолдаймын. Бұл ретте экономиканы әр­тараптандыру мәселесі өте маңызды. Ол экономиканың орнықтылығын арттырып, түрлі дағдарыстардан қорғайды. Еуропа Қайта құру және Даму банкінің білім экономикасын қаржыландыра бастағандығына ширек ғасыр болды. Осы мәселеге көңіл бөліп жатқан Қазақстан дұрыс бағытпен келе жатыр. Бұл ретте байланыстарымызды жақсартып, жетілдіре түсу қажет. Сіздерде орталық ақпараттандыру жүйесі жақсы қалыптасқан. Көп жолақты интернетті пайдаланып жатырсыздар. Біздің көмегіміз арқылы Грузия ауылдық жерлерді де ғаламторға енгізу мәселесіне мән берген еді. Нәтижесінде ауылдық жерлерге жаңа технологиялардың келуіне жақсы мүмкіндіктер туғызды. Осы ретте Қазақстанда жаңа технологиялардыоқыту, кадрларды дайындау мәселесінің маңызды екендігін білемін. Біздің осы бағыттағы әріптестігімізді дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар. Банк білім экономикасын дамыту, әртараптандыру, жаңа технологиялар бағытында қолдау көрсетуге әрдайым әзір.

Джек Ма

Джек Ма, «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы әрі төрағасы:
– Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Маған Қазақ даласының салқын самалы қатты ұнады, адамның бойына жылылық пен жарасымдылық нұрын себетін сияқты. Тағы бір байқағаным, мұнда еуропалықтар да, азиялықтар да өздерін өте еркін сезінеді. Жаһандық эко­номиканың алғашқы түренін салған Ұлы Жібек жолының дәл ортасында Қазақстан даласы жатыр. Бүгінгі қазақ же­ріндегі кәсіпкерлік рух сол бір дәуірлерден бастау алған. Осы рух төмендемеуі үшін жастарға дем беріп, кәсіпкерлікті одан әрі дамыта түсу керек. Сонда елдің экономикасы одан сайын мықты бола түседі, технология қарыштап дамиды. Технология дегеніміз ол – болашақ. Қазіргі уақытта озық технологиялар негізінде жасалған роботтар адамнан да ақылды
болуда. Өмір адамзаттың ақыл-ойымен дамиды. Бірін­ші өнеркәсіптік төңкеріс нәти­жесінде жаңа жұмыс орындары ашылды, екінші өнеркәсіптік төңкеріс одан да көп жаңа жұмыс орындарын ашып, адамның қабілеті мен білімін арттыра түседі. Осыдан 18 жыл бұрын біз өз компаниямыздың іргетасын қалағанда, дәл осындай межеге жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Озық технология қашанда та­бысқа бастайды. Енді бір 30-40 жылдың ішінде адамзат мәңгілік жастық сырын ашып, қатерлі ісік қасіретінің емін табатын болады. Көп уақыт өтпей-ақ, біз ақпараттық технологияның озық жетістіктері туралы тамсана айтатын кезеңге де жетеміз. Қазақстан ДСҰ-ға мүшелікке өту үшін 20 жылға жуық келіссөздер жүргізді. Енді осынау инновациялық ұйымның жемісін көретін уақыт та алыс емес.

Өз кезегінде сөз алған Дүние­жүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо, Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті (ЕҚҚДБ) Сума Чакрабарти, «AliBaba Group» интернет-коммерция саласындағы Қытай ком­паниясының негізін қалаушы Джек Ма және басқалары Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бүгінгі жаһандық мәселелерді шешудің бірден бір жолы екеніне баса мән берді. Астана экономикалық форумы өңірдегі ең маңызды экономикалық, іскерлік, ғылыми және саяси іс-шараларды ғана емес, әлемдік экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа маңызды салаларға қатысты нақты ұсыныстар айта алатын бірегей форум деген баға берді. Әлемдегі қазіргідей күрделі экономикалық ахуал тек қана Астана форумында жо­ғары деңгейде талқыланған. Бұл – айтулы жиынның өзі көздеген мүддеден шыққандығын көрсетсе керек.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button