Экономика

ЖАҺАНДЫҚ КӨРМЕ – ЖЕТІСТІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

EXPO-3ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге бел байлау арқылы еліміз күллі әлем алдында үлкен жауапкершілік алып отыр. оны өткізу елордаға қай жағынан да тиімді болмақ. Ең әуелі, қазақты әлем тағы бір қырынан тани түседі.

 

Қазаққа пайдасы мол іс

Жалпы 2017 жылы үш ай бойы өтетін мамандандырылған халық­аралық көрмеге жерлестерімізбен бірге, шетелдік туристерді қосқанда, 3 миллионға жуық адам келеді деп жоспарланып отыр. Оның сыртында өздерінің тың технологияларын ала келетін шетелдік қатысушылар да бар.

Көрме өткізудің тағы бір пайдасы, мемлекеттік маңызды жоба­ларға инвестицияны көптеп тар­туға мүмкіндік туады. Өйткені, экономикалық көрменің көптеген мемлекеттерге табыстар әкелгенін ЭКСПО-ның 162 жылдық тарихынан білуге болады.

Жаһандық шара бас шаһардың бітім-болмысына да соны серпін әкелмек. Астана жаңаша түрленіп, инфрақұрылымдары жаңғырады. Жолдары мен көшелері жөнделеді. Қонақ үйлері мен әсем ғимараттары көбейеді. Көрмені өткізген мемле­кеттердің тәжірибесінде болмысы ерекше ғимарат тұрғызу үрдісі бар. Мысалы, ЭКСПО қарсаңында Англияда тұрғызылған Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Португалиядағы Васко да Гамма көпірін атап өтуге болады. Біздің елде де айшықты нысандар бой көтереді. Соның бірі – 88 қабатты «Абу-Даби Плаза» көп салалы кешені. 2017 жылға қарай елімізде бұрын-соңды болмаған жеңіл рельсті жүрдек трамвайлар желісі де тұсауын кеспек. Елордамызда халықаралық шараға дейін 50 балабақша мен 30 мектеп салыну жоспарда бар. Олардан бөлек көптеген денсаулық сақтау нысандары да іске қосылады. Демек, көрме экономикалық жағынан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да халыққа пайдалы.

 

«Болашақ энериясы» – өзекті тақырып

Елордада өтетін ЭКСПО жетістігі мол болатынына сеніміміз үлкен. Мұндай оптимистік көзқарас білдіруімізге бірден-бір себеп –Қазақстан таңдаған тақырыптың өзектілігі. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Көмір, мұнай, табиғи газ се­кілді бұрыннан пайдаланылып келген энергия көздері түптің түбінде тү­гесілетіні анық. Сондықтан әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Қауіпсіздік жағынан талапқа сай келетін әрі арзан қуатты көздерін пайдалануға әлемнің көптеген елдері құштар. Осы саладағы тәжірибелер кім-кімнің де қызығушылығын тудырары сөзсіз. Қазақ елі «Болашақтың энергиясы» тақырыбын көтеру арқылы күллі адамзатты алаңдатып отырған мәселені дөп басты. Сондықтан, жаһандық энергетикалық про­-
б­лемалардың түйінін шешуге ба­ғыт­талған халықаралық көрмеге дүниежүзінің көптеген елдері үн қосарына сеніміміз кәміл.

ЭКСПО-2017 логотипі де та­қы­рыппен үндесіп тұр. Көк, сарғылт және жасыл түстермен бейнеленген символдар – күн энергиясын, теңіз толқындарын және жел тер­белістерін айшықтайды. Логотип қарапайым әрі жинақы болғанымен бір көргеннен-ақ, баламалы энергия идеясын ашады.

 

EXPO-5

Қалашықтың қадасы келесі жылы қағылады

Еліміз ЭКСПО қалашығының бас жоспарын бекітіп қойды. Ғи­мараттар кешені Есілдің сол жаға­лауында, Назарбаев универ­ситетінің қарама-қарсысында орналасатын болады. Кейін бұл нысандар оқу ордасының кластері қатарына енгізілмек. «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтың айтуынша, қалашықтың алғашқы                                                                         қадасы келесі жылдың көктемінде қағыла бастайды.

Қалашықтың қағаздағы жобасы көз тартарлық. «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің үздік эскиз-идеясына арналған халық­аралық архи­тектуралық конкурста жеңімпаз болған АҚШ-тың «Adrian Smath+Gordon Gill Architecture» компаниясы ЭКСПО-Сити орта­лығын заманауи киіз үйге ұқсатып жасамақ екен. Отандық сарапшылар аталмыш жобаны «дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи кел­бетін береді» деп бағалайды. Ал 105 үміткердің ішінен озық шыққан АҚШ сәулетшілері Астанадағы ЭКСПО алаңын 3-ші индустриялық революцияның орталығына айналдырамыз деп отыр.

ЭКСПО қалашығының аумағы 173,4 гектарды құрайды. Оның 25 гектары көрме кешеніне тиесілі. Басты символы – шар тәрізді бір­неше қабатты ғимаратта Қазақ елінің павильоны орналасады. Оны айнала халықаралық, тақы­рыптық және корпоративтік павильондар болады.

Астанада өтетін көрме төрт тақы­рыптың аясында ұйым­дас­­тырылады. Олар: «Энергия әлемі», «Энергия өмір үшін», «Энер­гия барлығы үшін» және «Ме­нің болашақтағы энергиям» деп аталады. Әр павильон келу­шілерге болашақта энер­гия­ның қаншалықты маңызды еке­нін айғақтайтын ақпараттық көр­не­кі­ліктермен безендіріледі.

 

Салмақты шараға – сақадай дайындық

Күллі әлем көз тігетін саяси сал­мақты шараға Астана жан-жақты дайындықпен келуі керек. Бүгінде халықаралық шараға қатысты кез келген шаруа ұсақ-түйегіне дейін түгенделе бастады.

Жақында «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев бастаған қазақ делегациясы Францияға барып қайтты. Көрмені жоғары деңгейде өткізу жөніндегі сан-салалы мәселелер талқыланған кездесуде Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстанның соңғы бір жылда атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, жобаның бас жоспары мен басқа да ұйымдастыру шаруалары тиянақты жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын. Енді қазақ елінің осы күнге дейін жасаған қадамдары халықаралық көрме бюросының сүзгісінен өтеді. Егер жасалған шаруа­лар тиісті талаптардан шықса, онда халықаралық көрме бюросы келер жылдың маусым айында өтетін Бас ассамблеяның 155-отырысында 2017 жылғы ЭКСПО-ның иесі – Қазақ мемлекетіне көрменің басты нышаны – арнайы туды салтанатты түрде табыс ететін болады.

Иә, ЭКСПО сынды халықаралық ірі шараны өткізу мәртебесіне ие болу – әр қазаққа мақтаныш. Бельгиядай белді бәсекелесін басып озған қазақ елінің алдында үлкен сынақ тұр. Алайда, бұл үлкен емтиханнан да еліміз абыроймен өтетініне сеніміміз мол.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button