Мәдениет

«Жайдарманның» жаңа маусымы

Астана қаласында «Жайдарман» ойындарының «Әдемі маусым» атты жаңа маусымы басталды. Биылғы ойынға еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам команда тіркелді.

Жаңа маусымның бірден-бір ерекшелігі – жас командалармен қатар,  тәжірибелі жайдарманшылар қатысуға өтініш берді. Ұйымдас­тырушылар «Жайдарманға» қызығушылықтың бұлайша артуын өткен маусымның сәтті әрі қызықты болғанымен байланыстырады.

«Маусымашар – біз үшін қашанда үлкен фестиваль. Бүгінде «Жайдарман» еліміздің талантты жастарының басын қосатын теңдессіз алаңға айналды. Дарындыларды жинаған «Жайдарман» бұл көңіл көтеруге ғана бағытталмаған, ол – тұтас әлеуметтік жоба. Биыл «Жайдарманның» құрылғанына 20 жыл толмақ, сондықтан биылғы маусымның жобалары көрермен көзайымына айналады деп сенемін» деді Қазақстан Көңілді тапқырлар клубы (КТК) одағының төрағасы Есен Елеукен.

Жаңа маусымда республикалық лигалар ішінде алғашқы болып Bala Jaidarman жобасының іріктеуі өтеді. Жоғарғы лигамен қатар Астана лигасы, Алматы ашық лигасы, Nomad лигасы және Jaidarman Junior лигалары маусым барысында өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, Jaidarman Creative Industry орталығы «SEN Creative» және «Dala Media Lab» серіктестерімен арнайы жобаларды жүзеге асырады. Былтыр аталған серіктес­термен бірге «JaiBattle» жобасының тұсауы кесілсе, биыл «Soile StandUp», «SAZ» және Iqas интеллектуалды ойынымен толығады.

Есен Елеукеннің сөзінше, орталық әрі қарай «Жайдарманның» өңірлердегі филиалының жұмысын жандандыруды жалғастырады. Еске салсақ, былтыр облыстарда жергілікті және республикалық дәрежеде бірнеше ойындар өткізілді.

Маусымашарға арналған жиында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров «Жайдарман» ойындарының жастарға берері көп екенін алға тартты.

– Жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келелі мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп жүрген «Жайдарман» қанатын кең жайып келеді. Оның басты мақсаты – мемлекетшіл жастарды тәрбиелеп, оларға қолдау білдіру. Біз өз тарапымыздан биылғы маусымның сәтті өтуіне атсалысып, жастармен жүйелі түрде жұмыс істемекпіз, – деді ол.

Дәстүр бойынша «Жайдарманның» балалар, жасөспірімдер және жоғарғы лигаларына іріктеу апта бойы Астана қаласындағы «Жастар» сарайында жалғасады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button