Жайлы мектеп көбейіп келеді
Биыл елордада 17 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа үлгідегі 10 мектеп пайдалануға берілді. Бұл – мектеп құрылысы бойынша абсолютті рекорд.
Астанада он жетінші жаңа мектеп ашылды. Бұл – елорда үшін абсолютті рекорд. Осы жайында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды.
Қасым Қайсенов көшесіндегі №4/1 мекенжайында орналасқан жаңа оқу орны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Ол мектеп оқушыларына қажет нәрсенің бәрімен жабдықталған.
Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елордада жаңа үлгідегі 10 мектеп салынып, есігін айқара ашты. Ұлттық жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Осы мектептердің өзі екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Жыл соңына дейін тағы бірнеше мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, тағы 4 мектептің үш ауысымды оқыту проблемасы, сол сияқты тығыздылығы жоғары 3 мектептің қиындығы шешіледі. Біз сондай-ақ алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз. 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына жеке инвестициялар да тартамыз» деді Жеңіс Қасымбек.