Жайлы мектеп – жаңа серпін

Жаңа жылдан кейінгі жағымды жаңалықтардың бірі – Астана қаласының жаңа ауданы – Сарайшықта №112 орта білім беретін Жайлы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Күні кеше сол білім ошағы оқушылар мен ата-аналарға арнап «Жайлы мектеп – жаңа серпін» атты алғашқы кешін ұйымдастырды.
Әз-Наурыз мерекесінің Ұлттық құндылықтар күніне дөп түскен шарада кішігірім дастархан жайылып, қазақттың ұлттық ойындары ойнатылды. Содан кейін көпшілік мектепке экскурсия жасап, арнайы көрмемен танысты.
Мектеп директоры Қайырлы Қалибекұлының сөзінше, Президенттің бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында ірге қалаған білім ошағы бүгінде қалыпты жұмыс істеп жатыр.
«Жаңа ұжымның татулығы мен бірлігінің, ынтымағының арқасында бастапқы кезеңдегі қыруар шаруаны еңсердік деп ойлаймын. Алғашқы мерекелік басқосуымыздың Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа балайтынымыз тағы рас. Біз енді жас буынды сапалы біліммен сусындатып, танымдарын кеңейтіп, тағылым мен тәрбие беретінімізге сендіргім келеді. Қазіргі таңда мектепте мыңнан астам оқушы білім алып жатыр, тегін үйірмелер де жұмысын бастап кетті. Арнайы киім үлгіміз де бекітілді», – деді ол жиында.
Сондай-ақ ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлнұр Айдарова да мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттілік тіледі.
Осы мерекеде «Әкелер клубыны» төрағасы Әділбек Күзембайұлы «Өмір» әнін шырқаса, 6 сынып оқушысы Төлеуқадір Әнуар «Жақсы адамдарым» әнін нәшіне келтіріп орындады. Сонымен қатар өнерлі оқушылар «Балбырауын» күйін көпшілік назарына ұсынды. «Балдырған» вокалды тобы мен «Сәт» би ансамбльінің өнері де көкрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Елімізге танымал «Сарыарқа» тобының негізін қалаған топ мүшесі, әнші Қанат Сембеков, ҚР Президенттік оркестрінің солисті, әнші Оралхан Алтынбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші, сазгер Медет Салықов, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Клара Төленбаевалар да осы жиынның ортасында болғанын атап өткен жөн.
Әсел Мұратбекқызы,
№112 Жайлы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі