Басты ақпаратҚала мен сала

«Жайлы мектеп» – жаңа тыныс

Елордада әлі де үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер бар. Осы мәселені шешіп, оқушыларға арналған жаңа орындар ашу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында былтыр 22400 оқушы орнына арналған 16 жаңа мектеп ашылса, биыл 14 мың орындық 7 жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек.

 

Орын тапшылығын шешуге ықпал етеді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқушы орындарының тапшылығын жою, білім алушылардың сапалы оқуына ықпал ету, білім беру стандартын арттыру мақсатымен іске асырылуда.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деп Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап өткен еді. Ал жуырда Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық жоба 2025 жылы аяқталатынын айтты.

Десе де бас қалада балалар игілігі үшін өткен жылы 24 мектеп ашылып, 4 үш ауысымды мектептің (№27, 41, 69, 89), 5 тығыздалған мектептің (№17, 59, 63, 67, 85), 1 апатты мектептің (№12) және 18795 орындық тапшылық мәселелері шешілді. Орын тапшылығын оңтайлы реттеуде «Жайлы мектептердің» үлесі басым. Қалалық Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, ендігі кезекте, айтып өткендей, 7 жаңа оқу ошағы қолданысқа беріледі. Олардың қатарында Нұра ауданында 8 мың орындық 4 мектеп, Алматы ауданында 4 мың орындық 2 мектеп және Байқоңыр ауданында 2 мың орындық 1 мектеп ашылуы тиіс. Жалпы 2024-2025 оқу жылында 90 мың оқушы орнына арналған 24 «Жайлы мектеп» ашылады.

Артықшылығы мен мүмкіндігі көп

Ұлттық жоба аясында салынған білім ошақтары оқушылар мен педагогтарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауды көздейді. Жайлы деген мектептердің жай мектептерден артықшылығы да көп. Солардың бірі – елорданың Нұра ауданында орналасқан, жалпы аумағы 23 мың шаршы метрді құрайтын №100 орта мектеп. Қаңтарда ашылған мектеп 2 мың оқушыға арналған, бүгінде оған 573 оқушы қабылданып үлгерді. №71, №79 және №90 мектептердің білім алушылары құжатын тапсырып, осылайша үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік беріліп отыр.

«Жайлы мектеп» жаңа мүмкіндіктер мекені болмақ. Басты мақсатымыз – әр балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде барлық жағдай жасалған дегім келеді. Мәселен, мектебімізде барлық 130 оқу кабинетіне қажетті компьютерлер қойылған. 1 жеделсаты, 360 орындық асхана, 432 орындық акт залы, 4 спорт залы, жаңа модификациялық үлгідегі информатика, химия, физика, биология, технология кабинеті, музыкалық аспаптар кабинеті, кітапхана және 3 кітап қоймасы бар. Сондай-ақ робототехника, визуалды дизайн оқытуға арналған арнайы құрылғыдағы кабинетке қоса логопед, дефектолог, психолог мамандарының жұмыс бөлмелері қарастырылған.

Мектеп талғамға сай бе­зендіріліп, жарық әрі жайлы етілген. Инклюзивті білім берудің жоғары деңгейі сақталған. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы кабинеттер барлық балаға тең мүмкіндіктер ұсынады. STEM және робототехника кабинеттерінде оқушылар бағдарламалау негіздерін үйреніп, ақпарат технологияларын меңгере­ді. Тіпті өздерінің алғашқы IT-жобаларын жасай алады. Робототехниканы меңгеру болашақта техникалық мамандықтарды таңдауға түрткі болуы мүмкін.

Оқушылардың шығарма­шылық қабілетін дамытуда кітапхана-медиатекада, кітап қорынан бөлек, электрондық оқулықтар, интернет-ресурс­тарға қолжетімділік, бейнематериалдар және басқа да медиа құралдар бар. Медиа кабинетінде мобилография­мен айналысуға, дыбыс жазуға арналған барлық құрылғы оқушыларымызға қолжетімді. Мектебімізде баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады. Сондықтан оқу орны заманауи бейнебақылау камералары жүйелерімен қамтамасыз етілген» деді Астана қаласы №100 орта мектебінің директоры Мұрат Ахметов.

Мектеп директорының айтуынша, аталмыш білім ошағының оқу бағдарламасында өзгешелік жоқ, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде бір ауысымда оқытады.
– «Жайлы мектеп» жобасы осында білім алатын әрбір оқушы мен әрбір ата-ана оқу ордасына қуанып келетіндей жағдай жасауға бағытталып отыр. Жаңадан ашылған мектебіміздің ­эмблемасындағы 100 санының ішіне баланың бейнесін қойдық. Яғни әрбір бала – жарық жұлдыз. Сол жарық жұлдызды жағатын біздің жаңашыл идеяларға толы ұлағатты ұстаздарымыз бар. Әр оқушының қабілетін ашу мақсатында түрлі мүмкіндік ұсынылатын мектебімізде тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді М.Ескендірұлы.

P.S: «Жайлы мектептердің» салынуы – елі­міздің білім беру саласындағы маңыз­ды әрі айтулы қадам. Жоба саладағы өзекті үш ­мәселе – үш ауысымды оқытуды, апатты жағдайдағы орта білім беру ұйымдарының жағдайын және орын тапшылығын шешуді көздейді. Білім сапасын арттыруға негіз болатын өзгерістің бастамасы ретінде ұлттық жобаның игілігін әр оқушы көруге лайық.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button