Басты ақпаратБілім

«Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асады?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы әзірленіп, оның аясында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Бұл жобаның ерекшелігі мектепте оқушы үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасалады. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін Астана қаласында 46 мың оқушыға арналған 24 мектеп салу жоспарланып отыр.

Мемлекет бас­шысының тапсыр­масы бойынша «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы әзірленгені белгілі. Оның аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарты бойынша 840 мың орынға шақталған мектеп салу көзделген. Бұл жоба іске асса, мұғалім тапшылығы мен апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі де ше­шіледі.

«Жайлы мектеп» – қандай мектеп?

– Бұл жоба – жай мектеп салудан өзгеше жоба. Мәселен, елордада жаңаша бір мектеп салынып еді, барлық тұрғындар баласын сол мектепке беруге ұмтылды. Өйткені ол мектепте балаға қолайлы жағдай жасалған. Онда робототехника, физика, химия мектебі де бар. Қандай заманауи құрылғылар керек – соның бәрімен жабдықталған. Осындай мектептерді саламыз. Онда бастауыш сыныптарға арналған жеке блок болады. Оның өзінің асханасы, дәретханасы, басқа да кабинеттері бөлек болады. Бұл жоба әлімжеттік мәселесін шешуге де негіз болады, – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Балалар мәселесін шеше ме?

Жуырда Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында бірқатар маңыз­ды мәселемен қатар осы «Жайлы мектеп» жайы да қаралды. Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев оқушылардың таксиден басқа қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі жайлы баяндап, «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, аталмыш жоба аясында елордада 2025 жылға дейін бір ауысымда 46 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салу жоспарланған. Осы қатардағы жаңа мектептердің құрылысы келесі жылдың екінші тоқсанында басталып, 2024-2025 жылдары аяқталады. Жаңа мектептер бірыңғай стандартпен салынып, кабинеттер толықтай жабдықталады. Бірыңғай оператор болып Samruk-Kazyna Construction компаниясы белгіленген.

Жаңа мектептердің тұжырымдамалық айырмашылығы құрылыстың бірыңғай стандартын сақтау, кабинеттерді толық жабдықтау болады. Әкімдіктердің құзыретіне жер учаскелері мен инфра­құрылымды бөлу мәселелері кіреді. Бұдан басқа, 2023 жылы бір ауысымда 10450 оқушы орнымен 13 мектепті (3 мектеп, 8 жапсарлас құрылыс және МЖӘ шеңберінде 2 мектеп) пайдалануға беру жоспарлануда.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Білім басқармасының басшысына атқарылған жұмысы үшін алғыс білдірді. Ол «Жайлы мектептерді» салу үш ауысымды және тығыздалған мектеп мәселесін шешетінін атап өтті. Е.Каналимов Жол картасы аясында тұрғын алаптардағы мектептер, жапсарлас құрылыстар мен ескі мектептер бойынша жеке отырыс өткізуді ұсынды.

Депутаттар не дейді?

Депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова Binom мектептерінің тәжірибесі білікті кадрлардың жетіспеушілігі проблемасын айқын көрсететінін атап өтті. Мысалы, қазір бұл мәселе әсіресе жаңа мектептерде өткір тұр. Осыған байланысты тұрғындарда бұл мектептер оларға жұмсалған қомақты қаражатты ақтай ма деген сұрақ туындайды, өйткені оқыту сапасы нашар және Білім басқармасы бұл мәселені шешуді қалай жоспарлап отыр?

Депутат Владислав Сергеев ақырында басқарма білім беру жүйесін дамыту бойынша стратегиялық көзқарасты ұсынғанын атап өтті. Бірақ пайдалануға берілген және пайдалануға берілетін мектептерге жапсарлас құрылыстар туралы ұмытпау керек. Ескі мектептердің техникалық жабдықталуы шамамен 7 пайызды құрайтыны белгілі, бұл «Жайлы мектептердің» жабдықталу деңгейінен әлдеқайда төмен. Депутат бюджетті қалыптастыру кезінде осыны ескеріп, осы мектептерді жете жарақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды ұсынды. Сондай-ақ ол теннис кортын салу жоспарланған «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында мектеп құрылысы мәселесін көтерді. Депутат осы мектепке қатысты қандай жоспарлар бар екенін сұрады.

Депутат Арайлым Құмаржанова «Жайлы мектептердің» мүмкіндігі шектеулі оқушыларға бейімделуі туралы сұрады. Басқарманың жоспарына ерекше балалар оқитын №85 мектепте лифт салу, сондай-ақ мүгедек балалар оқитын колледждерді бейімдеу бойынша жұмыс енгізілген бе? Мұғалімдерге көмектесу үшін колледж штатына инклюзивті білім беру әдіскері бірлігін енгізу қажет.

Депутат Бауыржан Жанқонақов Байтұрсынов көшесі бойынша Highvill ТК ауданында бұрын 600 орындық мектеп жоспарланғанын, ал енді 2000 орындық мектеп жоспарланып отырғанын айтты. Депутат ұзақ сот процестері жүріп өткенін, көктемде инвестор балабақшаның орнына мектеп салуға келіскенін атап өтті. Алайда бастапқыда мектепті де, балабақшаны да салу болжанған еді. Құрылыс басқармасы мұндай жағдайға қалай жол берді, өйткені бұл аймақтағы халық тығыз­дығы үлкен. Сондай-ақ депутат «Жайлы мектептің» құны бойынша сұрақ қойды, ол Binom мектебінің құнынан жоғары, бұл немен байланысты? Үй жанында мектептің орнына тағы бір көпқабатты кешен салынуда.

Депутат Асқар Смағұлов «Жайлы мектептердің» негізгі бөлігі сол жағалауда салынып жатқанын, бұл қаланың сол жағалауға қарай өсіп келе жатқанына байланысты екенін атап өтті. Алайда қаланың оң жағалауында және шетінде де жайлы мектептер салу керек. Бұл мектептердің аса қажеттілігі сондай-ақ оң жағалауда балалардың баруы үшін үлкен спорт кешендерінің болмауына да байланысты, әсіресе бұл тұрғын алаптарда тұратын балаларға қатысты. Депутат екінші кезеңде ескі қалада және қала шетінде жайлы мектептер салуды қарастыруды ұсынды. Ескі және жаңа қала арасында қалыптасқан теңсіздікті жою керек.

Отын-энергетикалық кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының орынбасары Бағдат Байсадықов басқарма «Жайлы мектеп» салу жоспары бойынша өз мәселесін пысықтауға дайын екенін айтты. Бұл ретте ол мектеп құрылысы жүріп жатқан кезде ізінше инженерлік желілердің салынып жату жағдайларына жол бермеу үшін үлкен мәселелерді әкімшілер арасында бөлмеуді сұрады. Егер Құрылыс басқармасы осы мектептердің құрылыс операторы болса, онда ол жоспарында инженерлік желілерді жүргізуді де қамтамасыз етуі керек.

Тапсырма мен талап

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының қадағалауымен Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауы тиіс. Оны «Bilimdi últ» ұлттық жобасымен жедел үйлестіру қажет. Жалпы «Bilimdi últ» ұлттық жобасының жоспарланған барлық көрсеткіштеріне қол жеткізу керек. Екіншіден, мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігіне биыл 1 қарашаға дейін мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырамын, – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ «Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды. Жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді» деді Әлихан Смайылов.

Ұлттық білім беру жүйесіндегі стратегиялық бағыт, қағидалар мен тұжырымдар, кешегісі, бүгінгісі және ертеңгі мақсаты – ұрпақ үшін қасиетті қазына. Бұл жобалар қағаз жүзінде қалмай іске асар болса, ұлт болашағына қызмет етері сөзсіз.

Жаңа мектептердің тұжырымдамалық айырмашылығы құрылыстың бірыңғай стандартын сақтау, кабинеттерді толық жабдықтау болады. Әкімдіктердің құзыретіне жер учаскелері мен инфрақұрылымды бөлу мәселелері кіреді. Бұдан басқа, 2023 жылы бір ауысымда 10450 оқушы орнымен 13 мектепті     (3 мектеп, 8 жапсарлас құрылыс және МЖӘ шеңберінде 2 мектеп) пайдалануға беру жоспарлануда

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button