Қала мен Сала

Жайсыз отбасылар жайы алаңдатады

Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында жайсыз отбасылар жайында айтылды.

[smartslider3 slider=2205]

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында 15 ата-ана құқығы шектеліп, 16-сы бұл құқықтан айырылған. 10 бала қолайсыз жағдайға байланысты отбасыларынан алынып, балалар үйіне тапсырылған. 400-ден аса жасөспірім «Право» қоғамдық қорының психологиялық көмегіне жүгінген. Ал ювеналды полиция 213 отбасыны жайсыз деп танып, арнайы тіркеуге алған. 313 шаңырақ бала тәрбиесіне қырын қарап, тиісті түрде тәрбие бере алмағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдде­лерін қорғау және қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру жөніндегі жұмысы туралы» мәселе талқыға салынған отырыста шаһар әкімдігі хатшылығының әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссиясының бас инспектор-хатшысы Анар Мұқашева, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Ювеналды полиция қыз­меткерлері қаладағы білім ошақтарында 400-ден аса кездесу мен дәріс өткізіп, 10 мың оқушыны қамтығанына қарамастан, сұмдық сандар сананы тітіркендірері сөзсіз. 49 рет өткен ата-аналар жиналысына 2000-ға тарта адам қатысқан.

Қасымхан Сенғазыевтың сөзінше, бас қалада қаңтар айы­ның өзінде 46 баланы тәрбиемен, материалдық мүмкіндікпен қамдай алмаған 26 отбасы арнайы есепке алынған. Басқарма басшысы аталған мәселені оңтайлы шешу үшін біршама ұсыныстарымен бөлісіп, жоспарымен таныстырды.

Мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаев қиын жағдайға түскен отбасылармен кездесу барысында балаларды тегін спорттық және шығармашылық үйірмелерге беруге болатынынан бейхабар жанұялар бар екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, жаңадан «Отбасы мәселелері бойынша қалалық басқарма» құруды ұсынды. Тағы бір халық қалаулысы Ерлан Дәкенов өз тарапынан кәмелетке толмаған оқушылар арасында әлімжеттік көрсету мәселесін қарастыруды айтып, алдағы уақытта тақырып бойынша жасалған жоспарларды қарап, бекітетінін айтты.

Ал Салтанат Женалаева бір ғана комиссия алып шаһардағы мәселені игере алмайтынын айтып, осындай комиссияның қаланың төрт ауданында құру қажет деді.

Байжан ЕМБЕРДІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button