Басты ақпаратМәселе

Жайың қалай, ақылы автотұрақ?

Астана қаласында ақылы автотұраққа қатысты арыз-шағым аз емес-ті. Әсіресе алғашқы 30 минутта ақысын тө­леуге үлгере алмайтын жүргізушілерге айнала бере айыппұл келіп, зығыр­данын шығаратын. Көбі мұны әділетсіздік деп қаншама рет қала әкімдігіне жүгінді.

Ақы төлеу жеңілдеді

Расында да, көлігіңді авто­тұраққа қойған бойда қанша уақытта ақы төлеріңді білмей дал боласың. Өйткені келген жердегі шаруаңның қалай бітетінін алдын ала білмейсің ғой. Дегенмен ештен кеш жақсы дегендей, «Астана автотұрағы кеңістігі» ЖШС басшылығы енді автотұрақ ақысын сол күнгі сағат түнгі 23:59-ға дейін төлеуге рұқсат беріпті.

– Бұған мен қатты қуандым, өйткені алғашқы отыз минутта төлеуге үлгере алмай, бірнеше рет айыппұл төлегенмін. Енді бұл шешім дұрыс болды. Елорданың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы осы жаңа мүмкіндік туралы жан-жақты түсінік беріп, ұялы телефондарда «Парковки Астаны» мобильді қосымшасын да ашып қойыпты. Сол арқылы немесе astanapark.kz сайтына кіріп, автотұрақтың ақысын күні бойы төлеуге болатынын да ескертеді. Тек ақы төлеу кезінде көлігіңізді қойған автотұрақ аймағының және көлігіңіздің мемлекеттік нөмірін, сосын автотұраққа қою мерзімі ұзақтығын көрсетсеңіз болды, – дейді жүргізуші Мұратбек Әлімов.

Шешімін күткен мәселе де жетерлік

Жасыратыны жоқ, елордада ақылы автотұрақ тақырыбы тұрғындар мен кәсіпкерлер, бизнес орталығы иелері арасында үлкен дау-дамай, талас тартыс туғызып келді. Қазір де бұл мәселе әлі нақты шешімін таба қойған жоқ.

Ірі мегаполистерде көлік саны көп болатыны түсінікті. Аялдаған кезде оларды сенімді қаңтарып қоятын орын керек. Міне, сол үшін үлкен қалаларда ақылы автотұрақ қызметін енгізу – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Мәселен, екі миллионнан аса халқы бар бір ғана Алматы қаласында осы негізде қазір оң тәжірибе қалыптасып келеді. Алдағы жылдарға қарағанда мұнда көлікті автотұрақтарға қою мен оған ақы төлеу еш қиындық туғыз­байды. Жүргізушілер белгіленген тәртіпке мойынұсынғандықтан, кез келген жерден машиналарын қоятын орын да табылып, ақы төлеуге қатысты айыппұл некен-саяқ келетін болған.

Ал еліміздің бас қаласында ақылы автотұраққа қатысты наразылық пен түсінбеушілік әлі күнге дейін жалғасып келеді. «Qaz Property» басқарушы және сервис компаниясы қауымдас­тығының басшысы Қайрат Көкенев: «О баста Астанада ақылы автотұрақтарды, жол трафигін ескерместен, ақылдасып, келісіп жоспарламай, тек біреулер қалтасының қамын көбірек ойлап шеше салғандай әсер қалдырады. Біз мұны бұған дейін де талай айттық. Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында да, Кәсіпкерлер палатасының алқалы мәжілісінде де көтердік. Нақты нәтиже шықпады.

Қалада бизнес орталықтары мен сауда үйлерінің жанындағы автотұрақ орындарын олардың қожайындары толығымен меншігіне айналдырып алған. Әрі ол жерлерді шлагбаумдармен жауып, коммерциялық мақсатта пайдаланып отыр. Кей жағдайда көрші үйлердің тұрғындары көлігін қоятын орын таба алмай, жол бойына қаңтарып кетіп жатады» дейді ол.

Мұны «Астана автотұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев та мойындап отыр.

– Біз «Нұрлы жол» желекжолының аумағында осы төңіректегі келеңсіздікпен әлі күресіп келеміз. Мемлекеттің жеріне біреулер сағатына 150 теңгеден бірыңғай ақы төлеуді талап етіп, айнала шлагбаум­дар қойып тастаған. Екінші бір бизнес орталығы алған ақшасына түбіртек бермей, бағаны көтеріп отыр. Біз оларға «шлагбаум­дарды ашып тастаңдар, әр сағаты 100 теңгеден аспасын, ақылы автотұрақ бәріне бірдей болсын» деп талай рет ұсыныс жасадық. Олар да өз уәжін айтып, қалалық әкімдікке шағымданудан тынар емес. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында жұмыс жүргізілгенімен, жер учаскесінің нормативтік мәселелері қалалық әкімдіктің құзырында екені белгілі. Осы негізде түскен пайданың тоқсан пайызы оларға тиесілі болып келеді. Сондықтан бізге көбіне өзара келісім жағдайында түсіністікпен жұмыс істеуге тура келеді, – дейді ол.

Ал бизнес өкілі Әлімжан Жайлауов бұл тұрғыда о баста ақылы автотұрақтарға жеткілікті жер алып алған ірі кәсіпкерлік субъектілерінің айы оңынан туып тұрғанын айтады. Қазір үлкен-үлкен бизнес орталықтарын жалға алушылар мен шағын және орта кәсіпкерлік иелері келушілеріне (клиенттеріне) көлік қоятын жер таба алмай дағдарып отыр. Оны айтасыз, кез келген министрлік пен сол жағалаудағы мекеме кәсіпорындарын қараңыз, тек жекелеген 60-70 қызметкеріне ғана көлік қоятын орын тауып бере алады. Қалған адамдар жұмысқа келген соң көлігін қоятын орын іздеп сандалып жүргені. Айта берсе, бұл төңіректе мәселе көп.

Мақсат пайда табу ма?

Бұл жердегі ең басты мәселе қалада жыл сайын автокөлік санының шамадан тыс өсіп отыр­ғанында болып тұр. «Астана автотұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда елордада 600 мыңға тарта көлік бар (ресми тіркелгені – 420 мың) көрінеді. Сондықтан әсіресе балалардың мектепке баруы мен мектептен қайтуы кезінде мектептер мен мекемелердің жанында көлік қоятын орын болмауы қалыпты жағдайға айналды.

– Біз осы қиыншылықты азайту мақсатында бос орындарды жабдықтап, ақылы автотұраққа айналдырудамыз. Бұл жерде мақсат – ақша табу емес, көшелердегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, аяқ астынан туындайтын кедергілер мен кептелістерді азайту.

Кешкі сағат сегізден кейін, сенбі, жексенбі, мереке күндері біздің автотұрақтарды кез келген жүргізуші тегін пайдалана алады. Оның үстіне Ауған соғысына қатысқандарға, соғыс ардагерлері мен Семей полигонынан зардап шеккендерге, басқа да кейбір санаттағы азаматтарға жеңілдік бар, – дейді ол.

– Бұқараның талап-тілегі ­бірте-бірте ескеріліп жатыр. Ақылы автотұраққа сол күннің соңына дейін ақы төлейтіндей мүмкіндік жасауы өте құптарлық. Енді бағасын сағатына 50 теңгеге дейін төмендетсе тіпті жақсы болар еді, – дейді отыз жыл жүргізушілік тәжірибесі бар Асқар Өтепов.

Қаладағы көлік қоюға болатын бос жерлерді мейлінше жабдықтап, алдағы уақытта ақылы автотұрақтар санын екі есе көбейтуді көздеп отырған мекеменің табысы келесі жылы бұдан да қомақты болмақ. Пайданың көзі неғұрлым көбірек көрінген сайын жүргізушілерге жеңілдіктер ойластыра берсе, «Астана автотұрағы кеңістігінің» өрісі де кеңейе берері сөзсіз.

Басшының айтуынша, көлік орындарының ақылы болуының бірнеше жетістігі бар екен. Біріншіден, жүргізушілер өзінің уақытын да, басқаның уақытын да үнемдеуге үйренеді. Екіншіден, ақылы болған соң көшелерге кейде бейберекет қойып кететін көліктер болмайды. Шаһардың тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етуге де ықпалы мол көрінеді. Сосын түскен қаржыға жол белгілері мен жол таңбаларын жаңартуға, бағдаршамдар мен автобус аялдамаларын ұстап тұруға кеңінен мүмкіндік туады екен.

Міне, осыларды ескере келе, ақылы автотұрақтар жайы алдағы уақытта бұдан да гөрі жетілдіріле түседі деген сенім мол.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button