Басты ақпарат

Жалақы өссе, тұрмыс түзеледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің алғашқы Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдау шараларына ерекше тоқталған еді. Мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей отырғанын атап өткен Президент бұл, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе екенін, олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбеймегенін айтып, Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге тапсырма берді. Жалақының аздығынан олар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайтынын, сондықтан білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілу керектігін баса айтты. Бас қаламызда Президенттің осы бағыттағы тапсырмалары орындалып жатыр.

[smartslider3 slider=3520]

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен бюджеттік мекемелер, соның ішінде мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі бойынша есеп берді. Оның айтуынша, биылғы 7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тиісті қаулысы шықты. Соған сәйкес қала әкімдігіне қарасты 56 мекемені қоса алғанда мәдениет саласының 12 ұйы­мы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайыздан 100 пайызға дейін өсірілді.

Сол жиында қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов соңғы үш жылда мәслихат депутаттары бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі бойынша ұсынысты Сенат пен Мәжіліске және орталық атқарушы органдарға бірнеше рет жолдағанын жеткізді. Осылайша биылғы жаздың басынан бастап қаладағы 4 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өсті.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ерлан Дәкеновтің пікірінше, көп жағдайда мемлекеттік экономиканы, саясатты алдыңғы орынға қойып, мәдениеттің маңыздылығын сезінбей жатамыз. Осындай қалыптасқан көзқарасқа байланысты болса керек, еліміздің мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақы мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келді. Өнер адамдары табысын арттыру үшін басқа салаларда қосымша жұмыстар атқаруға мәжбүр болды. Ал мұндай жағдайда шығармашылық даму, өсу жүрмейтіні баршаға аян.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы өнер жанашыры ретінде үлкен қолдау көрсетіп, биыл «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық еңбекақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы» қаулысына қол қойды. Бұл жолы ел алдында өнер көрсетіп жүрген әртіс, әншілерге ғана емес, сахна сыртындағы қызметкерлерге де ерекше көңіл бөлінді. Бір іс-шараны басынан соңына дейін атқарып шығу үшін негізгі персоналға қосымша қаншама әкімшілік, техникалық қамтамасыз ету бөлімдерінің қызметкерлері және қосалқы жұмысшылар еңбектенеді. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Қаулыға сәйкес қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына 20, 30, 50 пайызға дейінгі мөлшерде ынталандыру үстемеақылары қосылды. Әрине, бұл қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жүз пайыз өзгертті деп айта алмаймыз. Алайда оң өзгерістер шығармашылық дамуға, жұмыс сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз» дейді Ерлан Ерғазыұлы.

Мәдениет саласының ішінде ең төменгі жалақы кітапханашыларда еді. Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мәселелеріне арналған бірнеше отырыс өткізді. Сондай жиындардың бірінде еңбекақы, баспанамен қамту мәселелері де талқыланды. Сонда тәжірибесі жоқ жас маманның жалақысы бар болғаны 50-60 мың теңге екені айтылды. Әрине, мұндай жалақымен пәтер мәселесін шешу мүмкін емес. Қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов та мұны мойындайды.

«Elorda Jastary» бағдарламасына келгенде кітапхана қызметкерлерінде қиындықтар туындап отыр. Қазіргі таңда басқармаға қарасты мекемелерден 22 адам, кітапханалардан 4 қызметкер Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы бағдарламаға қатысып жатыр. Өкінішке қарай, жалақы жағынан сәйкессіздіктер туындады» деген еді ол қалалық мәслихаттың бір жиынында. Жалақы көтерілгеннен кейін бұл жағы да реттелуі тиіс деп ойлаймыз.

Жас маманның дипломын алғаннан кейін белгілі бір қызметке тұрып, тәжірибесі толысқанда жалақының аздығынан басқа жұмысқа ауысу жағдайлары жиі кездеседі. Ашылғанына бір жарым жылдан ғана асқан елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының құрамы, негізінен, жастардан жасақталған. Өнер ұжымына әзірге келгендер болмаса, кеткендер жоқ. Осы театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат ­Маемировтың айтуынша, жалақының көтерілуі ұжымның жұмысқа деген ынтасын арттырды.

«Биылғы жаздың басында қала әкімдігінің қаулысымен ең төменгі жалақы алған «В», «С», «D» санатындағы қызметкерлердің жалақысына үстеме қосылды. Бұл санаттағы техникалық қызметкерлер – аула сыпырушылар, күзетшілер, сахна машинистері, реквизиторларға 50 пайыз, театр инспекторлары, менеджерлерге 30 пайыз, ал шығармашылық труппа – актерлер, режиссерлер, суретшілер, балетмейс­терлер, хормейстерлерге 20 пайыз үстеме қосылып жатыр. Бұл – қуантатын жағдай. Президентіміз 2025 жылға дейін жыл сайын пайыздық үстемеақы қосылатынын, яғни еңбекақы әр жылда көтерілетінін айтты. Елордада соның алғышарттары жасалды деп есептейміз» дейді Асхат Маемиров.

Баспанамен қамту жағына келгенде, қала әкімдігінің бағдарламасы арқылы Музыкалық жас көрермен театрында жұмыс істейтін үш отбасы баспаналы болды. Ал алты отбасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жатақханасында тұрып жатыр.

– Өнер саласына келгенде бір бөлмелі болса да, уақытша тұруға арналған тұрғын жай салынуы тиіс сияқты. Бұрын «Актерлер үйі» деген ұғым болған. Соны жаңғыртып, «Әртістер үйі» деп атау керек деп ойлаймын. Осында тұратын өнер адамдары ақша жинап, мемлекеттік бағдарламалармен пәтер ала алады. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа агенттіктің жатақханасынан театрымыз­дың алты отбасына орын бергені үшін алғыс айтқым келеді. «Тұрмыс болмаса, болмыс болмайды» деп бабаларымыз айтқан. Ал актерлердің болмысы – таланты, шығармашылық әлеуеті. Мен сол болмыстың жарқырап көрінгенін қалаймын. Ол үшін тұрмыстық мәселелер шешілуі тиіс» дейді Асхат Максимұлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button