Басты ақпарат

Жалақысы көтерілген дәрігер

Елімізде кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты медицина қызметкерлерін материал­дық қолдау және дәрігер мамандығының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Дәрігерлердің жалақысы жыл сайын көтеріле отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін өсіріледі. Бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.

[smartslider3 slider=3504]

Денсаулық сақтау министрі Ажар ­Ғинияттың айтуынша, былтырдан бері медицина қызметкерлерінің жалақысы біршама өсті.

– Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына көп көңіл бөледі. Осыған байланысты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен – 30%-ға, яғни 416 мың теңгеге, орта медицина персоналының жалақысы – 20%-ға, 208 мың теңгеге өсті, – деді ведомство басшысы.

Министр сонымен қатар келесі жылы еңбекақы тағы да көтерілетінін алға тартты. 2023 жылы дәрігерлер жалақысы орташа есеппен – 30%-ға, яғни 531 мың теңгеге, орта медицина персоналының жалақысы – 20%-ға, яғни 249 мың теңгеге өседі. Оған қоса медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету мақсатында «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді, енді ол ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізіледі. «Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 317-бабының қылмыстық нормаларын ізгілендіру жөніндегі нормалар қарастырылған, яғни, айыппұл санкциялары жеңілдетілді, соттың қарауына бас бостандығын шектеу бойынша балама енгізе отырып, бас бостандығынан айыру мерзімдері қысқартылды. Сондай-ақ заң бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру үшін пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті арттыру, сақтандыру, білімді, еңбегі сіңген дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын белгілеу көзделген» деді министр. Сондай-ақ ол медицина студенттеріне арналған гранттар мен стипендиялардың құнын арттыру, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген медициналық жоғары оқу орындарының түлектері үшін әлеуметтік пакетті жақсарту туралы айтты.

2010 жылдары 40 мың теңге айлықпен Қосшыдағы емханада жұмысын бастаған дәрігер Әсемгүл Қияқбаева қазіргі таңда елордада «Салауатты Астана» ЖШС-де директордың орынбасары болып еңбек етеді. Оның дәрігерлік еңбек өтілі – 13 жыл. Осы аралықта ол жалақы мәселесі жыл сайын біртіндеп шешіліп, соңғы жылдары медицина мамандарына ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтады.

– Біз мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жекеменшік компания болғандықтан, жалақы бойынша «Ынталандыру» тетігі іске қосылған, яғни жұмысын барлық көрсеткіштер бойынша жоғары деңгейде атқарған мамандарға қосымша сыйақы беріледі. Бұл – республикадан бөлінетін жалақы мөлшерінен бөлек қаржы. Дәрігер өзінің индикаторларын қалай орындайды, оған қатысты шағым көп пе, аз ба, соның бәрі ескеріледі. Қазіргі таңда жалпы практикадағы дәрігерлер шамамен 300 мың теңгедей алады. Қаулы бойынша еңбек өтіліне қарай үстінен қосылуы мүмкін. Әрине, бұл айлық та елордадағы өмір үшін аз. Себебі қазір үй де, үй жалдау да, азық-түлік те қымбат, бірақ бұрынғымен салыстырғанда шүкір. Келесі жылы тағы көтеріледі деп қуанып отырмыз, – дейді ол.

Ал 45 жылдық еңбек өтілі бар, зейнетке шықса да басшылықтың ұсынысымен жұмысын жалғастырып жатқан медбике Айған Кисибаева №12 емханада егу кабинетінде жұмыс істейді. Ол 2000 жылдары «Ильинка» елді мекеніндегі емханада қызметін бар болғаны 2000 теңгелік айлықпен бастаған. Бүгінде ол жұмыс тәжірибесі мен жыл сайын еңбекақының көтерілуінің арқасында 200 мың теңгедей айлық алады. Биыл оның жалақысына 60 мың теңге қосылыпты.

– Қазір бұрынғыға қарағанда жалақы, әрине, әлдеқайда көп өсіп жатыр. Дегенмен стационарларда, яғни ауруханада істейтін медицина қызметкерлері емхана мамандарына қарағанда көбірек алады. Себебі олардың кезекшілігі бойынша жалақысына ақша жақсы қосылады.   Мен сияқты еңбек өтілі көп емес, оқуын жаңа бітірген жас медбикелер қолына 120 мың теңгедей алады. Әрине, елордадағы өмір сүру үшін қажеттіліктерді есептегенде бұл аз, бірақ бұрынғыдан жақсы, – дейді ол.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button