Жалға алған техниканы ломбардқа өткізіп жіберген
Астана полициясы жалға алған техниканы ломбардқа өткізіп жіберген күдіктіні анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Полицияға арызданған жәбірленуші ойын компьютерлерін жалға берумен айналысады. Бір күні жұмыс барысында ол техниканы екі апта мерзімге жас жігітке жалға берген. Алайда оны кері қайтаратын уақыты келген сәтте күдікті азамат байланысқа шықпай қойған.
Есіл ауданы ПБ полиция қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында 20 жастағы күдіктіні анықтады.
Ол техниканы жалға алып, келесі күні ломбардқа өткізгенін және алған қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсағанын мойындады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алаяқтық фактілерін болдырмау үшін бейтаныс адамдарға құнды заттарды сеніп тапсырмаған жөн.