Имантаразы

Жалған ақпар – елге кесір

Бүгін бас қаладағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ғимаратында «Ізгілік жаршысы» деген атаумен мүфтият журналистерінің республикалық медиафорумы өтті. Алқалы жиын Құран аяттарын оқумен басталып, дін мен медиа жайлы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

[smartslider3 slider=3293]

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған медиафорумға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Айқын» газетінің Бас редакторы Амангелді Құрметұлы, «Túrkistan» газетінің Бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай және белгілі тележурналист, танымал диктор Зейін Әліпбек, сондай-ақ ҚМДБ-ның аймақтардағы тілшілері, баспасөз бойынша өкілдері қатысты.

Басқосуды ашып, сөз сөйлеген Бас мүфти қазақ халқы ежелден сөзді қастерлегенін, сөздің парқын айыра білуге баулығанын айта келіп, сөз ұстаған, қаламның қасиетін ұғынған жандар дін тақырыбын қозғарда аса абай болуы керектігін тілге тиек етті. «Дін нәзік мәселе болғандықтан, бұл тақырыпқа асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені адамның сенімі – оған қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы. Сондықтан біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Ол ақпарат алаңында түрлі кереғар пікірлердің болып жататынын, сондай пікірталастардың адамның жеке басына тиісу, діни сенімін мансұқтау, абыройын төгу секілді бағыт алып кететініне қынжылып, көркем пікірталастардың көрініс таппай жатқанына алаңдаушылық білдірді.

[smartslider3 slider=3294]

 

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме», – деген. Пайғамбардың осы өнегесі бар әрбір түйсікте жаңғырып тұрса дейміз. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 6-аятында: «Әй, мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – дейді. Алла Тағала жоғарыдағы аятта кез-келген жағымсыз хабарды елге жаймас бұрын, алдымен анықтап алуды бұйырды. Әйтпеген жағдайда елге кесірі тиіп, өкініш арқалайтынын ескертіп отыр. Бұрын бабаларымыз ел ішін бүлдіретін жантүршігерлік сұмдық сойқандар мен қаражүрек қиянаттарды «мал құлағы саңырау» деп, тамыр алып, таралып кетуінен сақтанып, елге жаймайтын. Өкінішке қарай қазір адам құлағына ауыр естілетін, төбе шашыңды тік тұрғызатын жеккөрінішті һәм жиіркенішті істер арамшөптей қаулап өршіп бара жатқаны жаныңды ауыртады» деді Бас мүфти.

Медиаорумда БАҚ басшылары, танымал журналистер БАҚ пен дін, жалған және шынайы ақпарат, діни тақырыптарды баспасөзде жазу, діни секталардың жалған ұрандарынан жұртты сақтандыру, дәстүрлі БАҚ пен цифрлық медианың бір-бірін толықтыруы және т.б. тақырыптарда ойларын ортаға салды.

Бұл жиынның үлкен бір жаңалығы – ҚМДБ жанынан Бас редакторлар алқасы құрылды. Оның құрамына еліміздің жетекші газеттерінің басшылары, белгілі журналистер кірді. Алқа үш ай сайын мәжіліс құрып, діни саладағы түйткілді мәселелерді ашық талқылап, қоғамға пайдалы, қажетті ақпараттарды жарыққа шығаруға ықпал етеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button