Қоғам

Жалған ақпарат жарға жығады

Әлеуметтік желі мониторингінен байқап отырғанымыздай, кейінгі кезде көрінеу жалған ақпарат таратушылар жиілеп барады. Олар шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді.

Өкінішке қарай, осындай әрекетке барып, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып, мәселенің «бояуын қалыңдатып» көрсететіндер бұл істеген істеріне түбі опық жеп, осы қылмыстық әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін көбіне түсіне бермейді.

Қылмыстық заңда – көпшілік арасында дүрбелең тудырып, жаппай тәртіпсіздікке үндейтін, сол арқылы қоғамға қауіп төндіруді көздейтін шындыққа жанаспайтын мәліметтер көпе-көрінеу жалған ақпарат болып саналады.

Мұндай жалған ақпаратты қасақана тарату азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірері сөзсіз. Сонымен қатар мұндай әрекет азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіру болып табылады. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін  жайлар туындауы мүмкін.

Кейбір кездерде қолында ерекше өкілеттігі бар адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы жалған ақпарат таратуға мүмкіндіктері туып жатады. Мұндайлар осы қылмысы үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабымен жауапқа тартылып, яғни айыппұл төлеп, түзеу, қоғамдық жұмыстарына жіберіліп, бостандықтары шектелетінін ескерсе дейміз.

Мәселен, 2022 жылы 3 шілдеде «К» есімді азамат «Facebook» әлеуметтік желісіне жаппай наразылық туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат мазмұнындағы бейнеролик салып, таратқан. Осыған байланысты көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан азамат «К»-ге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол бас бостандығынан айырылды.

«Жалған ақпарат – жарға жығар» деген сол. Өтірік ешқашан да өрге баспайды. Жаңбыр жаумай су болып, орынсыз дүрбелең туғызудың еш қажеті жоқ. Мұндай әрекет ешкімді де жақсылыққа апармайтынын түсінген жөн.

 Альмира ҚОЖАХМЕТОВА,

Астана қаласы  прокурорының көмекшісі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button