Мәселе

Жалған мәліметпен жарылқамайық

Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі байланыс пен интернет сапасын сынға алды. «Тағы бір мәселе – интернет жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңартылып отырады. Ал интернет жылдамдығы мен сапасы ресми мәлімдемеден нашар. Үкіметке осы салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нақтылы параметрлердің мәлімделгендерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді Президент.

[smartslider3 slider=644]

2019 жылы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «2021 жылдың соңында елімізде 5G байланыс желісі енгізіледі, жаңа желі алдымен елордада сынақ етіліп, кейін басқа өңірлерге таратылады, соның арқасында республика халқының 97 пайызын кең жолақты интернет желісімен қамтуға мүмкіндік туады» деген еді. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті. Бірақ ештеңе өзгермеген сияқты, 5G желісін қойып, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның өзінде интернеттің қарқыны қалыпсыз немесе дұрыс ұстамайды. Соңғы кездері интернет сапасының нашарлығынан бүкіл әлеуметтік желі кеш бата кібіртіктеп, түнде «тілін тістеп қалып» жүр. «Түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, еліміздің бас қаласында интернеттің жағдайы осы болғанда, шет-шалғай ауылдарға не сын?! Ал құзырлы органдардың айтуы бойынша бізде бәрі керемет! «Елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген. Солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері бар» деп соғады. Бірақ өткен жылы онлайн оқу басталғанда, ауылдағы оқушылардың «интернет қуып» әр үйдің іргесінде, ат қораның төбесінде, маяның үстінде жүргенін көзіміз көрді. Былайша айтқанда, Қазақстанда интернет ұстамайтын жерлер жетеді. Бірақ онымен есептесіп жатқан Үкімет жоқ, «дамыған 50 елдің қатарына қосылдық» деген құр мақтанды місе тұтып, жалған мәліметпен жұртты жарылқап жүр. Мәселен, биыл көктемде елорданың іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны интернет сигналының нашарлығына шағымданған еді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халық алдында есеп бергенде осы мәселеге де тоқталып, «елімізде мобильді интернет сапасының ең төменгі шегі бекітілді. Сонымен қатар мен интернет сапасын өлшеу үшін қала маңын аралайтын вице-министрді белгіледім. Бірінші кезекте елорда маңын аралау көзделген» деген еді. Содан бері де ештеңе өзгерген жоқ. Енді Президенттің сынынан кейін не өзгереді? Оны да уақыттың сыны мен интернеттің сапасы көрсетеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button