Қоғам

Жалын арасынан алып шықты

Астаналық өрт сөндіруші Асхат Салкеев жуырда болған өрттен екі бірдей жанды аман алып шықты.

faac5e0f91c9b0253f44714de45

6 шілде күні елордалық өрт сөндіру қызметіне қаланың шеткі ауданында орналасқан жатақханалардың бірінен өрт шыққандығы туралы ақпарат келіп түскен. Жедел аттанған бригада әп-сәтте 200 адамды эвакуациялайды.
Осы кезде төменгі қабатта бір қыздың қалып қойғаны анықталады. Оны аман алып шығу Асхаттың мойнына жүктеледі.
– Сол күні электр желілерінен шыққан өрттің түтіні бесінші қабатқа дейін көтерілген. Бірінші қабатта тұратын қыз дәліз түтін болып жатқандықтан шыға алмай қалған. Оның үстіне терезелері темірден қоршалған. Мен қызметтік жеделсаты арқылы бірінші қабаттың терезесіне барып, арнайы құралмен темір қоршауды бұзып, ішке кірдім. Іште қалып қойған қызды терезе арқылы аман-есен әріптестеріме табыстадым, – дейді ол.
Кенет іште тағы бір ер адамның барын естиді. Нақтырақ айтқанда, 5-қабатта тұратын мүгедек жан жалғыз қалып қойған екен. Асхат тағы да өмірін қауіпке тігіп, жоғары қабатқа жүгіреді. Бөлмеге кірген бойда, керуетте жатқан кісіні арқасына мінгізіп алып, санаулы секундтарда төменге түсіп үлгереді.
– Ауа толтырылған жабдықты киіп алып, жоғарыға көтерілдім. Өз аяғымен жүре алмайтын кісі шарасыздықтан керуетте жатыр екен. Абырой болғанда, екеуміз де дін аман шықтық, – дейді Асхат Төлегенұлы.
Шынын айтқанда, әлгі кісінің 55-60 жаста екенін Асхат кейіннен білген. Өйткені, әр секунд қымбат болған соң, түріне, жасына қарауға мүмкіндік болмайтын көрінеді.
Өрт сөндіру қызметі жалынды өшірген соң, тұрғындар үй-жайларына тарай бастаған. Мүгедек арбасына танылған әлгі кісіні Асхат Салкеев қайтадан өзі арқалап, бөлмесіне жеткізген. Жоғары қабатқа көтерілгенде, әлгі кісінің «Рақмет, балам!» деген дауысы Асхаттың өз қызметіне деген жауапкершілігін одан сайын арттыра түскендей.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button