Жалынды жас сарбаздар

Елорданың №71 мектеп-лицейінде «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен «Жеңіс жолдарымен» атты «Жас сарбаз» сыныбының демонстрациялық қойылымы өтті.
Жастарға Отан алдындағы парыздың парқын жете түсіндіріп, елжандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілді. Оған №78 және №79 мектептерінің «Жас сарбаз» сыныптары қатысты.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шара жасөспірімдердің әскери-патриоттық сезімдерін ояту, жастардың санасын жаңғырту, төл тарихын білетін, бүгінін бағалайтын, тәуелсіздігін көзінің қарашығындай қорғайтын ұлағатты жас өрендердің қатарын толықтыруға бағытталғанын айтты.
Мерекелік іс-шара барысында кадет сыныптары концерттік бағдарлама ұсынып, саптық даярлық пен өзін-өзі қорғау әдістерін ортаға салды. Оның ішінде атап өтерлігі, мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Қанат Жұмағұлов тәрбиелеп отырған «Жас сарбаз» сыныбы – еліміздегі 5-сынып оқушыларынан құралған жалғыз кадет сыныбы.
Индира Бержанова