Білім

Жалынды жастар мерекесі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармонияда студент жастар мен елорданың жоғары оқу орындары арасында «Jastar jalyny-2023» жастар шығармашылығы фестивалінің жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Фестиваль 4-13 желтоқсан аралығында өтті, үздіктер 10 номинация бойынша анықталды. Іс-шара қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтті. «Jastar jalyny-2023» фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, дарынды жастарды анықтау, дарынды балалар мен ұжымдардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету және оларға жағдай жасау, рухани және мәдени әлеуетті дамыту, студенттерге эстетикалық және этикалық тәрбие беру жүйесін жетілдіру, белсенді азаматтық, әлеуметтік жауапкершілікті, патриотизм сезімін, адамгершілік құндылықтар мен көшбасшылық қасиеттерді арттыру мақсатында өткізілді.

– Жоғары оқу орны студенттері арасында «Жастар жалыны» десек, колледж студенттері арасында «Жаңа белес» деген шығармашылық байқаулар бар. Оны енді келесі жылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Қалада 35 колледж шоғырланған. Оларды да қамтимыз. Өйткені талантты, талапты жастар өте көп, – деді қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Фестивальдің конкурс бағдарламасына елорданың 13 университеті қатысты. «Заманауи би» номинациясы бойынша «Turan-Astana» университетінің «Tau rocket» би тобы, «Ұлттық би» номинациясында Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Сәния Сәкенова және Милана Струсинская, «Qazaq quiz» номинациясында «Turan-Astana» университетінің «Jastar ortalygy» құрамасы үздік деп танылды.

«Шахмат» номинациясында I орын Astana IT университетінің студенті Ибрагим Ғалымжанұлына беріліп, «Поэзия» номинациясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті Елдар Әмірхан, «Медиа» номинациясында «Turan-Astana» университетінің «Jastar tau» командасы, «Эстрада» номинациясында А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының студенті Медина Журтекина жеңімпаз атанды. «Сурет салу» номинациясы бойынша Астана халықаралық университетінің студенті Ангелина Демина, сол сияқты «Ұлттық аспаптар» номинациясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Шабыт» ұлттық аспаптар ансамблі және «Театр» номинациясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақжелкен» театры I орын иеленді. Фестивальдің гран-при иегері ретінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті танылды.

Байқау жеңімпазы атанған жастар қаржылық сертификаттармен марапатталып, I орынға 100 мың теңге, II орынға 70 мың теңге, III орынға 50 мың теңге, ал гран-при иегеріне 500 мың теңге табысталды.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button