Айтпайын-ақ деп едім!

Жаман жегенін жариялайды…

Жақында әлеуметтік желіде әнші Алтынай Жорабаева бір қыста екі жылқы жеп қоям деп мақтанып, балконында ілулі тұрған қазы-қарта, жал-жаясын көрсетті. Басқа біреу болса бірсәрі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері картоп қымбаттады деп жұртшылық реніш білдіріп жатқанда осылайша мақтанып тұрғаны «Жақсы көргенін айтады, жаман ішкен-жегенін айтады» деген аталы сөзді есімізге салды.

Әрине, танымал әншінің әлеуметтік желіде ішкен-жегенін көрсетіп мақтануы, ол ең бастысы, оның материалдық құндылықтарды бас­ты орынға қоятынын, қоғамдық жауапкершілікті дұрыс сезінбейтінін көрсетті. Газетті еттің астына төсеніш етіп салған әнші мерзімді басылымдарды оқыса, дәл бұлай жегенін айтып мақтанбас еді-ау?!. Соған қарағанда, әнші өз тыңдармандарының арасында екі жылқы жемек түгілі, қымбаттаған картоптың өзін әзер сатып алатын жандардың да болатынын ескермейтін секілді.

Шын мәнінде, ішкен-жегенін айтып мақтану көбінесе әншінің білім деңгейімен, мәдениеті және дүниетанымымен тығыз байланысты. Бұл жерде әншінің жеке көзқарасы, өзін ұстау әдебі және аудиториясына деген жауапкершілік сезімі де үлкен рөл ойнайды. Өйткені өзін кәсіби өнер иесі ретінде ұстайтын, өнерін насихаттап, қоғамға үлгі болуға тырысатын әншілер әдетте мұндай әрекеттерден аулақ болуға тырысады, басты назарын шығармашылыққа аударады. Олар өнердегі жетістіктерімен, шығармашылығымен және мәдени құндылықтарды дәріптеумен ерекшеленеді. Дегенмен, қазір әлеуметтік желіде кейбір әншілер де жұлдыз ретінде көріну, көрерменнің назарын аудару немесе трендте болу үшін өз өмірінің осындай қырларын да көрсетеді. Бұл мәдени тоқыраудың басты көрінісі десек қателеспейміз. Екінші тұрғыдан, әншілердің той жұлдызы атанып, фонограммамен ән айтса да, қыруар пайда тауып, елдің алдында жүруі – халықтың арқасы. Бірақ тойына шақырса, бір-екі ән айтып бергені үшін неше мың доллар ақша сұрайтын әншілердің сол халыққа қайта айналып келіп «мен бір қыста екі жылқы жеймін» деп мақтануының өзі мәдени жұтаңдықтың белгісі емес пе?!. Осы тұрғыдан алғанда, өре өспей, өнер де өз биігінде өркен жая алмайды…

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button