Талайғы тарих

Жамбыл – менің жай атым…

Биыл – ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы. Есімі аңызға айналған жырау-ақынның артында мол рухани мұра қалды. Ұлы ақынға «Қырымның қырық батыры» мен «Көрұғлы» эпосының толық нұсқасын жатқа орындаушы жырау ретінде алғашқы болып жоғары баға берген және «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сияқты» деп пікірін жазып, Жәкеңнің алғашқы өлеңдер жинағын бастыртып шығарған да Сәкен Сейфуллин екен.

[smartslider3 slider=459]

Ол туралы Гүлбаһрам апай: «1930 жылдың басында Жамбылды үйге ертіп әкеп, көп жырын жазып алды. Онда Жамбыл жүдеу еді. Алғаш сөзін де хатқа бастырды. Содан былай екеуі достасып кетті» дейді С.Сейфуллин мұражайына берген өз естелігінде.
Есімі аңызға айналған абыздың артында қалған рухани мұралары баршылық. Жәкеңнің соңынан ерген өнеге боларлық әзіл-әңгімелері де жетерлік. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің декадасында Кремль сарайында бесін намазын оқуы – бір ерлік.
Тоқсан жастағы Жәкең Мәскеуде үкімет адамдарына арнау айтып тұрып, Калининнің есімін ұмытып қалып, өлеңмен:
– Әй, Сәбит, ана теке сақалдың аты кім еді? – деп сұрауы еріксіз езу тартқызады.
Декада барысында Сталиннің қабылдауында болғанда, көсем Жамбылға бас изеп қана пейіл байқатыпты. Қабылдау бітіп, Жамбыл қабылдаудан шығар кезде:
– Сталин қонаққа шақырады дегендерің қайда? Үйіне бір күн қонбай кетеміз бе? – деп елді күлдірген екен.
Жәкеңнің 90 жылдық мерейтойына орай Әулиеата қаласын Жамбыл деп атауға үкімет қау­лысы шығып, хатшысы Ғали Орманов сүйінші сұрағанда:
Әруағыңнан айналайын, Әулие ата!
Атымды тартып алды деп болма қапа, – деген екен.
Жәкең құрдасы Абайды қатты қадірлегені белгілі. Оның бір дәлелі – Әбдрахман мезгілсіз қайтыс болғанда, Абайға өлеңмен көңіл айтуы тарихта қалған. Сол Абайдың бейнесі архивтен табылып, «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланған суретін Жәкеңе көрсеткенде:
Мынау шынымен Абайдың суреті ме?!
Ұқсаған өлең сөздің құдіретіне, – деген екен.
Хатшылары Ғали Орманов пен Тайыр Жароков ақсақалды әңгімеге тартып:
– Жәке, осы қазақта бас ақын кім? – депті.
– «Мен» деп жауап беріпті Жәкең.
Сонда қызба мінез Тайыр:
– Тәте-ау, сонда Абай кім болғаны? – десе.
– О, ақымақтар, екеуің де өздеріңді ақынмын дейсіңдер-ау! Қазақтың тірі бас ақыны менмін. Ал Абай деген ақындықтың пайғамбары емес пе деген екен.
Декада қорытындысы бойынша қазақстандық бір топ өнерпаздар жоғары мемлекеттік атақ, ордендермен марапатталады. Жыр алыбы Жамбыл мен қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын Сәкен Сейфуллин «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, 24 жасар Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күләш Байсейітова КСРО Халық әртісі атанады. Бұл өркендеген қазақ өнері мен әдебиетіне берілген жоғары баға болатын.
 

Серік ОСПАН,

өнер зерттеуші

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button