Мәдениет

Жамбыл театрының тартуы

Астанаға Жамбыл облыстық қазақ драма театры екі күндік гастрольдік сапармен келді. 80 жылдық тарихы бар өнер ордасы елордалықтарға Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын және кішкентай көрермендерге арнап Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» ертегісін ұсынады.

Астанада кешеден бері жүріп жатқан аталмыш қойылымдарды астаналықтар «Жастар» театрының сахнасынан тамашалай алады. Спектакльдер бүгін де жалғасады. Жамбылдықтардың елордаға сапары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 80 жылдығына орайластырылып отыр. «Еліміздің бас қаласына келуіміздің мақсаты – Астана қаласы көрермендерімен жүздесіп, шығармашылық есеп беру. Актерлық өнерді халық арасына кеңінен насихаттап, театр өнерінің дамуына ықпал ету» дейді театр ұжымы.
Осы өнер ордасының астаналықтарға ұсынып отырған қойылымдарына келсек, «Қазақтар» тарихи драмасы былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың басшылығымен сахналанды. Онда Қазақ хандығының құрылған кезеңінен бастап, сол жолда Керей мен Жәнібек сұлтандардың алдарынан шыққан қиындықтар суреттеледі. Драма арқылы көрермен Әбілхайыр, әз-Жәнібек, Керей, Қасым, Бұрындық, Әдік сынды тарихи тұлғаларды тани түседі.
«Сыған серенадасы» музыкалық драмасы халқымыздың біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқов өмірінен бір үзік сыр шертеді. Ал, «Алтын адам» ертегісі өткен ғасырда Есік қорғанынан табылған Алтын адамды тірілтіп, соның басынан өткен хикаяларды қызықты етіп баяндайды. Сол арқылы балаларды тарих тылсымына жетелейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button