Қоғам

Жан дос

Бұл жалғанда адам ағайынсыз болмайды. Әулет деген әлеуметтің болатыны заңдылық. Ал ағайыннан, әулетіңнен кем болмайтын жан да кездеседі екен. Ондай адамдарды жан дос деп айтып жүреді.

Мені көпшілік досы көп адам деп айтатынын білемін. Иә, дос боламын дейтін, дос болуға жарайтын адамға құшағым әрдайым ашық. Жүрегімнің бір бөлшегінде тұрған сондай замандасымның бірі Дүйсен досым еді.

Дүйсен Сүлейменов екеуміз Жалманқұлақ ауылында тай-­құлындай тебісіп өстік. Дәлірек айтсам, Целиноград облысы Краснознамен ауданының Калинин совхозындағы мектепте он жыл бірге оқып, осы ауылда ержеттік. Жасөспірім кезімізде былғары қолғапты бірге киіп, шаршы алаңда біраз ойқастағанымыз бар. Сыныпта 12 ұл болғанбыз. Неге екені белгісіз, екеуміздің жүріс-тұрысымыз, ой-мүддеміз де домбыраның екі шегіндей бірге үндесетін еді. Армандас едік. Әрине, кластастардың бәрі бірдей дос, дегенмен Дүйсен екеуміздің бір сырымыз бөлек айтылатын. Ержетіп, біріміз қалаға кетіп, біріміз ауылда қалсақ та, балалық шақтың ақ жібін үзбедік. Ол далада жүрсе де, мен институтта жүрсем де, әңгімеміздің әуені бір өзгермеді. Жастық шақтың да жалынды күндерін бірге өткіздік. Ол әскерге барған жоқ, мен Ауғанстаннан бір-ақ шықтым. Кейде достарымыз «Дүйсен «Тақырсуат» флотында служить етті» деп күлген сәттерінде мен тіс жармаушы едім. Өйткені ол кезде әскерге бармау деген бір кем дүние сияқты көрінетін. Дүйсен досым ер-жігіттің бар міндетін атқарған азамат болды. Дер кезінде үйленіп алды. Ауылдан көп ұзамайтын досым сүйген жарын Бурабайдан тапты. Құдай қосқан қосағы Гүлшатпен ұл-қыз өсірді. Ілияс ұлы ауыл емес, бар қазақтың мақтанышына айналды. Әкесі жетектеп апарған бокстың биігінен көрінді. Әкенің үкілеген үмітін ақтады. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында, Олимпиада ойындарында, әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Азия ойындарының чемпионы, әскерилер арасында әлем чемпионы. Ел біріншілігінде бірнеше рет алтын жүлдегер атанды. Бір білетінім, Дүйсен досым Ілиястың жарыстарын көру үшін еліміздің түкпір-түкпіріне барды. Барған сайын жүрегі толқып келетін. «Ғалым, Ілияс чемпион болды!» деген дауысын сан мәрте естіген едім. Әйтсе де артық мақтануды білмейтін, ұрыс-жанжалға жақын жүрмейтін досым иілгенге иіліп, шалқайғанға шалқая білетін. Дос дегенде шегінбейтін азамат еді.

Бұл дүниені қойсаңшы, елуден асқанда енді ауылда табандап жатып шаруашылықпен айналысамын, немерелерімді ауылда өсіремін деп көңілі жайланып жүргенде… атпалдай арысым ажал деген қақпанға түсіп қалды. Жалманқұлақтың ортасынан жаңа үй салып, достарымды енді жинаймын деп жүргенде, тойға емес, қаралы қазаға тап болдық. Аңқылдап жүрген досымның ойламаған жерден жүрегі сыр беріпті.

Қайран досым-ай, айтылған сырымыз қанша болғанымен, қаншама айтылмаған сырды өзіңмен алып кеттің-ау.

Өмірде ағайыннан кем емес достар болады, сондай жан досымның бірі өзің едің, Дүйсенім! «Томпақ» деп еркелеуші едім, енді сендей еркелігімді көтеретін кімім бар?!

…Алланың жазғанына қайран жоқ, бақұл бол, жан досым! Ұрпағыңның ақ жібі үзілмесін.

Бүгін сенің туған күнің ғой, бірге өскен дос­тарың үйіңе келе жатырмыз…

***

…Байқаймын, бірге өскен, бірге түлеген құрдастардың дүниеден ерте өтіп кеткені жүрекке ерекше әсер етеді екен. Бірақ Алла Тағаланың жазғанына еш қайран жасай алмайды екенсің. Дүйсен Жұмабаев қандай еді?! Дос десе от болып жанып тұратын. Бір шаруаны айтсаң: «қайда? қашан?» деп сұрамайтын, «жүр, кеттік» деп тұратын азамат болатын. Бізбен оқыған Алмагүл Нүркеева оқуда өте зерек еді. Бидай өңді дөңгелек жүзінен үнемі жылу сезіліп тұратын, ізеттілігінде мін жоқ қыз еді…

Тағдырдың жазуымен дәм-тұзы ерте таусылған Сүйіндік, Әмина, Тишым кластастарыммен де армандас едік… Арамыздан кеткен қайран достар, имандарың саламат болсын, бірге жүрген кездерде бізден қателік кетсе, Алла Тағала кешірсін деп елжірейді жүрегіміз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button