Әлеумет

ЖАН ЖЫЛУЫ

jan jyluy 6

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз­ мерекесі қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасы­ қайырлы іс жасап,­ «Қазақстан» концерт залында тағдыр­­дың тауқыметіне ұшыра­ған жандарға көмек беру мақса­тын­да эфирге жол тартқан «Жан жылуы» бағдарламасының 5 жылдығын бағдарлама кейіпкерлерімен бірге атап өтті.

jan jyluy 1Осы уақыт арал­ығында бағдарламаның сеп болуымен 20 жетім бала отбасылы болды, 13 бала шетелде ем алып, аман-есен елге оралды, баспаналы болуды армандап жүрген сегіз отбасы армандарына қол жеткізді. Қайырымдылық концертінде «Жан жылуы» шуақ сыйлаған бағдар­ла­маның бірқатар кейіпкері келіп, жағ­дай­ларының оңалуына жәрдем берген жандарға шексіз алғыстарын жеткізді. Көрермендердің назарына жүрегі бар адамды бей-жай қал­дыр­май­тын бейнекөріністер ұсы­нылды. Концертке жиналғандар ол кадрлар арқылы тоғыз тағдырдың кешегі алмағайып күндерінен хабар алды.

Дидар Қайыпов есімді азамат тепсе темір үзетін шағында қайғылы жағдайға тап болды. Жұмысында жүргенде денесінің 80 пайызын күйік шалған оның өмірін дәрігерлер аман алып қалса да, бір аяғын кесіп тастауға мәжбүр болыпты. Содан ауруханада жатқан азаматтың бар арманы аяққа тұрып кету еді. «Жан жылуы» бағдарламасында ол туралы сюжет көрген жұрт шама-шарқынша көмек қолын созыпты. Майра Ілиясова бастаған әншілер қайырымдылық концертін өткізді. Соның нәтижесінде Дидарға протез салынып, ол бұрынғыдай жүгіріп кетпесе де, екі аяғын басып жүре алатын болды. Жігіт сахнаға өз аяғымен көтерілді.

jan jyluy 2Рамазан Есмағамбетов пен Аружан есімді сәбилердің дерттері ұқ­сас. Туғандарынан остеогенез, яғни сүйек сынғыштық ауруына шал­дық­қан оларға артық қозғалудың өзі қауіпті іс еді. Сүйегінің елу рет сын­ға­нының кесірінен Рамазанның бойы да өспей қалыпты. Қайырымды жан­дардың көмегімен оларға тиісті ем-дом жасалды. Аружан Мәскеуде емделді. Аурулары ерте есейткен бала­лар қазір болашаққа үмітпен қарай­ды. Рамазан өскенде ақын болғы­сы келсе, Аружан сот боламын дейді.

Жетімнін көзі жасты екен,

Удан да дәмі ащы екен.

Әкенің мұз ба жүрегі

Ананың бауыры тас па екен…

Асқар Иманқұлов пен Айгүл Ілияс есімді ұл мен қыздың тағдыры осы ән жолдарын еске түсіреді. Балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ана мейіріміне зар болып жүрген олардың тілеуін Алла тағала беріп, әке-шешелі қылды. Оған қоса қазір Асқардың төрт әпкесі бар. Ал, Айгүлді ақтөбелік Жетесовтер отбасы асырап алыпты. Бұл өнерлі отбасы екен. Отағасы Өмірхан ағаның айтуынша, олар ансамбль құрып, облыстық байқауда бас жүлде жеңіп алған. Бой жетіп қалған Айгүлді де бүгіндері өнерге баулып жүр.

Бірнеше жыл бұрын Түркістан қаласында қайғылы оқиға орын алып, бір күнде үш баланы ата-анасынан айырды. Жетімін жылатпаған елміз ғой, содан балалардың нағашы ағалары жиендерін қолына алады. Алайда, оның да ғұмыры ұзаққа бармайды. Үшеуінің арасындағы естияры Гүлзира бауырларын балалар үйіне бермеймін деп белгілі жазушы Дулат Исабековтің драмасындағы әпкедей жеткіземін деп тырмысып бағады. Бірақ, қыздың аты қыз емес пе, оның үстіне жас болғаннан кейін қолынан көп нәрсе келе қоймайды. Ол жағдайдан Кәрима есімді мейірімді апай хабардар болып, «Жан жылуы» бағдарламасына балалардың жағдайын жеткізеді. Сюжет өткеннен кейін Түркістандағы кәсіпкерлер бұл іске жұмылып, 5 бөлмелі үй соғып береді. Құлағынан ауырлап қалған Гүлзираға Германияда ота жасатады.

Ақмола облысы Ақмол ауылының тұрғыны Амангелді Қапановты 25 жасында қаскөйлер пышақтап кетеді. Бұл оқиғадан біраз жыл өтсе де, содан бері арбаға таңылып қалған ол аяғына тұра алмай келеді. Алайда, мойымайды. Сүйенішін спорттан тауып, арбамен 100-200 метрге жүгіре бастады, кейіннен зілтемір көтерді. Қазір де бимен айналысып жүр. Ол өнерін «Қазақстан» ұлттық арнасының бағдарлама жүргізушісі Ардақ Отарбаев екеуі көрсетті де. Арбада отырып, қыздармен шыр айналып билеген олар биді тамаша меңгергендерін танытты.

Амангелді ағамыз біреуге масыл болмай, өз ісін де ашты. «Болашақ» қоғамдық бірлестігін құрған ол 3 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға заңгерлік, психологиялық, қаржылай көмек көрсетіп жүр. Жары екеуі сауап іс жасап, балалар үйінен екі баланы да асырап алған.

Бүгінгі күнге дейін «Жан жылуы» бағдарламасының 250 көрсетілімі өтіп, 500 адамның тағдыры туралы баяндалған. Бұл, көмекке мұқтаж адамның әлі де көп екенін көрсетеді. Сондай жандардың бірі – Әсет Жиенбек есімді сәби. Марганец қышқылын жұтып, көмекейін күйдіріп алған ол қазір түтікше арқылы тамақтанып жүр. Оған дереу ота жасату қажет екен. Бағдарламаның бес жылдығына арналған концертте ол жөнінде дабыл қағылды. Балаға көмек беру үшін концерт залының дәлізінде ақша салатын жәшіктер қойылған. Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, Бақыт Шадаева, Жаңабай Өтегенов, Майра Ілиясова сынды белгілі әншілер мен халықаралық «Шабыт» байқауының Гран-при иегері Шолпан Шәріпова, Жанар Дәукеева, Қанат Үмбетов ән салған шара негізінен осы үшін ұйымдастырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button