Жаңалықтар

ЖАНАРМАЙ ҚОРЫ ӘЗІРШЕ ЖЕТКІЛІКТІ

thkmg_6

Бүгінгі таңда Қазақстанға жылына 1,5 млн тоннадан астам мұнай өнімдері сырттан тасымалданады. Сондықтан, болашақта елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынуы әбден мүмкін. Бұл күрделі мәселе болғандықтан, Үкімет әлі нақты шешімге келген жоқ. Алайда, импортқа тәуелділігімізді азайту үшін былтыр Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртыла бастады. Жаңғырту жұмыстары 2016 жылы аяқталуы тиіс. Сол кезде бұл зауыттардың қуаты да арта түседі. Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев сөзінің әлқиссасы осындай болды.

«ҚазМұнайГаз» басшысы жақында өткен компанияның алқа отырысында еліміз жанар-жағармай тапшылығына ұрынуы мүмкіндігін айтқан. Әрине, бұл жағдай туындайтын болса, бензин мен дизель отынының қымбаттауына әкеліп соғады. Осы жөнінде қойған сұрағымызға «Бізде сәуір айына дейін жететін бензиннің, мамыр айына де­йінгі дизель отынының қоры бар» деп жауап берді Сауат Мұхаметбайұлы.

Былтыр «Қарталы – Астана» сол­түстік газ құбырының құрылысы бас­талуы тиіс болатын. Бірақ, бұл жұмыс басталмай жатып тоқтап қалған. Сауат Мыңбаевтың айтуынша, құбырдың жобалық-сметалық құжаттамасы қазірде дайын. Құрылыс жұмыстарының бағыты Үкіметте талқыланып жатқан көрінеді.

Аймақтарды газбен қамту бағдар­ла­масы туралы «Түркістан, Қызылорда қалаларының тұрғындарына, Алма­тының маңындағы Талғар халқына газ жеткеру секілді көптеген жобалар бар» деген компания басшысы бұл жұмыстар өз ретімен жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» компаниясы жұмысшыларының жалақысы 1 сәуірден бастап 10 пайызға көтерілетінін айтты.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button