Әлеумет

ЖАНАШЫРЛЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

04

Кеше Астанадағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны мен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Байқа жолда, балақай!» атты театрландырылған көрініс қойды.

01

   Қойылым барысында қаһармандардың басынан өткен қызықты хикаялар жеткіншектерге жол ережесі туралы пайдалы мағлұматтар берді. Арасында ән мен биге де уақыт табылып, кішкентайлар бір серпіліп қалды.

02

Аталмыш орталықтың директоры Бекпай Хайрулиннің айтуынша, мұндай танымдық ойын-сауық науқас балалардың көңілін көтеріп, артық уайым-мұңнан арылтады әрі психологиялық тұрғыдан да тиімді екен.

07

– Ауруханада онкологиялық сырқатқа шалдыққан 100-ге жуық сәби емделуде. Олардың тезірек жазылып, аяқтарынан тұрып кетуі үшін қолдан келген көмектің бәрін жасап жатырмыз. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры бізден ешқашан жәрдемін аяған емес. Жылына бірнеше рет соғып, балдырғандарды көл-көсір шаттыққа кенелтіп кетеді. Одан бөлек, дәрі-дәрмектермен және заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіп отырады, – деді мекеме басшысы ағынан ақтарылып.

   Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры жақында ғана 16 жастағы Іңкәр Жақып есімді жасөспірім қыздың сүйек кемігін ауыстыру үшін Ресейден донор тауып, операцияға қажетті қаржыны түгелдей аударыпты. Енді қор қызметкерлері сол отаның нәтижесін асыға күтіп жүр.

– Баланың бақытынан асқан не бар өмірде?! Таяуда осындағы палаталарға Жапониядан арнайы тапсырыспен әкелінген антибактериялық перде ілдік. Ондай жабдық Қазақстан бойынша әлі еш жерде орнатылмаған. Жаңа технологияның күшімен жұмыс істейтін құрал иммунитеті әлсіз бүлдіршіндерге қолайлы, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры директорының орынбасары Талғат Балпышев.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button