Басты ақпаратМәдениет

Жанат ЧАЙКИНА: «Өнер атты бәйгеде өзіне және еңбегіне сенгендер озады»

Қазақ театр әлеміндегі жарқыраған жұлдыз, танымал актриса Жанат Аңсабайқызының мінсіз өнер жолы таланттың талапты еңбегімен табысты болды. Қазақстандағы үш үлкен театрға қызмет етуге жарты ғасыр өмірін арнап, соның ішінде қазіргі таңда Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өнерде бағы жанған актриса 100-ге жуық рөлдерді сомдаса, солардың бәрі дерлік – әлемдік классикалық және ұлттық тарихи шығармалардағы басты кейіпкерлер.

Сол образдардың болмысын бүкіл жан-дүниесімен сезініп, әбден зерттеп, бойынан өткізіп барып сомдайтын өнер иесінің киелі сахнадағы талантына тамсанбайтындар, дарынына бас имейтіндер кемде-кем. Ол туралы белгілі өнер зерттеушісі Әшірбек Сығай: «Суреткерлік мәнері, шығармашылық стилі Хадиша Бөкееваны еске салып өтердей. Еуропалық, шығыстық сахналық мәдениетті қатар игеруге деген талпыныс-талабы бірден-ақ көзге ұрады. Іштей сезіну, егіліп ойнау, актерлік парасат пен биік мәдениет қағидаларын бойына табиғи сіңіру қасиеттері – оның ең қымбат ұстанымдары» деп баға берген. Биыл жетпістен асса да, өз қатарынан әлдеқайда жас көрінетін белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Чайкинамен өмірі мен шығармашылығы туралы сұхбат құрған едік.

– Өмірбаяныңызды оқысам, осынша ғұмырыңызда құдай берген сұлулық пен талантыңыз, табандылық пен еңбекқорлығыңыз және қарапайымдылық пен адамгершілігіңізді қатар ұстап, өз орныңызды барлық жағынан тапқан жансыз. Осы күш-жігер сізге қайдан, кімнен берілді деп санайсыз?

– Әкем Аңсабай Шайқытегі 44 жыл ғана өмір сүрсе де, ел басқарып, халқына көп еңбек сіңіріп кетті. Баянауыл, Ермак, Ертіс аудандарының ауылшаруа­шылығын көтеруге, халықтың жағдайын жасап, мұң-мұқтажын шешуге аянбай тер төкті. Ол туралы 60 жасымда шығарған «Актриса күнделігінен» деген кітабымда жаздым. Әкемнің еңбекқорлығы, адалдығы балаларына да берілді. Анам мені 7 жасымда Павлодар қаласындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Интернатта оқу жағынан да, қоғамдық жұмыстарға араласудан да өзімді көрсете білдім. Бұл жер менің білім алуыма ғана емес, тұлға ретінде дамып, шыңдалуыма үлкен ықпал етті, сол орта мені адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиеледі. Ата-ана, туған-туыс жоқ, алыс жерде 10 жыл бойы бөлек өмір сүргенде ешкімге өзімді жәбірлеуге, ренжітуге жол бермеуді, әр қадамыма жауапты болуды үйрендім. Ұстаздарым да, тәрбиешілерім де, тіпті мектеп директоры да мені жақсы көріп, еркелетті. Мектептің бүкіл қоғамдық жұмыстарын маған сеніп тапсырды. Бала кезден ән айтып, би билеп, дикторлық жұмыспен, концерттер жүргізумен, акробатикамен айналыстым, өсе келе семинар, пікір-сайыстар, конференциялар өткізу сынды жұмыстарды атқардым. Міне, соның бәрі мені бала кезден шыңдап, жан-жақты болып қалыптасуыма септік етті. Әнші боламын деп Алматыға келгенде де, консерваториядағы ұстаздарым – Шолпан Жандарбекова, Татьяна Қасымқызы, Дәмеш Рахманқұлқызы өзіндік оқыту тәсілімен менің өмірге және өнерге деген көзқарасымды, танымымды байытты.

– Өнер адамы болу оңай емес, әсіресе, елден ерек талантымен көрінген жандарға көптің көзі де түседі, сөзі де тиеді. Сондықтан өмірде де, өнерде де жоғары биікке көтерілу үшін қандай ерекшеліктерге ие болу керек?

– Өнер адамдарында сөз де, көз де өте көп болады. Өйткені өнер деген ұлы сайыс аттардың аламан бәйгесі секілді. Кім жүйрік сол озады. Алайда алға кетсең, аяқтан шалу да кездеседі. Біреу қызығып қараса, біреу қызғана қарайды. Озғанды көріп, өзін қамшыласа ол жақсы, ал «неге мен емес, неге ол?» деп қызғанса, ол дұрыс емес. Менің өмірімде де сондай жағдайлар болды.  Бірақ арманыма жетер жолда әркімнің күңкіл сөзіне мән беріп, олармен арпалысар болсам, дәл қазіргі күніме жетпес едім. Соның бәрін тек еңбекқорлығыммен жеңдім. Өмірімде «маған мына рөлді беріңізші» деп сұрап көрмеппін. Қалай екенін білмеймін, бірақ маған екінші санаттағы рөлдер емес, бірыңғай басты рөлдер ғана ұсынылды. Қыз Жібектен басқа қазақтың тарихи кейіпкер қыздарын түгел ойнаппын. Маңдай теріңді төгіп, еңбектеніп, ізденіп, бір образды сахнада жоғары деңгейде жарқырата алып шықсаң, сыртыңнан күңкілдегендер бірден аузын жабады. Сахнадағы еңбегіңмен ғана өзіңнің кім екеніңді көрсете аласың. Бір жетістігіңмен тоқтап қалмай, әрбір сәт сайын өз қабілетіңді алдымен өзіңе, сосын өзгелерге дәлелдеп отыруың керек. Мәселен, мен Талдықорғаннан Павлодарға барғанда да, Павлодардан Астанаға ауысқанда да солай өзімді әр театрда дәлелдеуім керек болды. Сені былай тәжірибелі актриса ретінде білгенмен, кез келген ұжым сырттан келген адамды әуелі тосырқай қарсы алады. Сол кезде ешкімнің бетінен алмай, тек қана еңбегіңмен ғана көрінсең, бәріне жетесің.

– Театрда 100-ге жуық сан түрлі образды және негізінен тек басты рөлдерді сомдаған, өнерде бағы жанған актрисасыз. Актер үшін әрбір рөлі өзінің ішінен шыққан баласы секілді дейді, дегенмен сізді жаңа бір белеске шығаруға ықпал еткен қай рөлдеріңізді атап айтар едіңіз?

– Ең бірінші белеске көтерген рөлім В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» деген шығармасындағы Инга рөлі болды. Немістің қызы, соғыстың аяғы, қыз орыс сарбазына ғашық болып қалады. Бір-бірін өлердей сүйеді, бірақ екеуі – жау елдердің жастары. Сондай психологиялық иірімдер арқылы жазылған философиялық туынды. Инга рөлі – мені театрда актриса ретінде танытқан өте күрделі, ішкі тартысқа, сезімге толы алғашқы образым болды. Одан кейін де өте көптеген рөлдер ойнадым. «Арманым, Әселім» қойылымындағы Әсел рөлі де – бөлек бір әлем. Бұл рөлімді де сондай сүйіп ойнадым. Аталған екі рөлім туралы сыншылар көп жазды. Сосын Қарагөз, Ақтоқты, Баян, Шұға сияқты биязы, жағымды, әдемі кейіпкерлерді ойнап келе жатып, бір уақытта ішімде ашылмай жатқан тағы бір қырым бар екенін сездім, яғни мінезді, тағдырлы кейіпкерлерді де сомдап көргім келді. 1991 жылы белгілі режиссер Ә.Мәмбетов Талдықорған театрына келіп, Шекспирдің «Асау­ға тұсау» комедиялық шығармасын рок опера формасында қойды. Сонда асау қыздың рөлі Катаринаны маған берді. Содан мінезді рөлдерді ойнауым бастау алып, 1995 жылы М.Әуезовтің «Түнгі сарын» шығармасындағы Жүзтайлақ рөлі берілді. Бұл әр актриса ойнауды армандайтын, қылықты мінезімен арбайтын, мың құбылатын образ еді. Сол сияқты рөлдер менің актерлік қырымды қатты ашты. Мұның бәрі маған үлкен тәжірибе мен абырой әкелді, шығармашылығымды шыңдады.

– Талдықорған театрының негізін қалаушылардың бірі болдыңыз, еңбек жолыңызды да сонда бастадыңыз. Жер жәннаты Жетісу Жанат актрисаға не берді?

– Талдықорған театрына бүкіл курсымызбен, 17 жас актер жұбымызды жазбай бардық. 1975 жылы театрды «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымымен аштық. Ол заман бөлек еді. Біздің дос­тығымыз қандай еді, бір үйдің баласындай болдық, жап-жаспыз, «театр ашылды, жас актерлер келді» деп Талдықорған жұрты шу ете қалды. Халық бізді көшеде көріп қалса, қызыға қарайтын. Сол қалада отбасылы, балалы-шағалы, үйлі болдық. 21 жыл жұмыс істеп, өстік, өндік, кәсіби сахнада кәсіби актер ретінде қалыптастық. Сахнадағы алғашқы қорқыныш та, қуаныш та, жеңіс те, бәрі сонда болды. Гастрольдерге де көп шықтық. Атақ та алдым, киноға да түстім. Сол себепті ол жерден 1996 жылы кету маған өте қиын тиді. Қазір бұл театрда біздің курстан 3-4 адам ғана қалды. Жетісу жеріне алғыстан басқа айтарым жоқ!

– Үш қыздың анасы ретінде солардың болашағы үшін туған жерге жақындап, Павлодарға барып театрында еңбек еттіңіз. Сосын Астананың төріне қоныс тепкеніңізге 16 жыл болды. Астанадағы өнеріңіз бен өміріңіз қалай жалғасын тапты?

– Астанаға кенже қызым үшін келдім, осында оқығанда жалғызсырап, демалыс сайын Павлодарға келе берді. Соның қамы үшін жұмысымды, туыстарды тастап, ешкімді танымайтын елордаға қоныс аудардым. Ол кезде жасым 54-те еді. Жағдайымды айтып, тиісті басшыларға кіріп, Қаллеки театрына қабылдауын сұрадым. Мұнда, әрине, бәрі бірден оңай болмады. Әр театр өзі бір бөлек мемлекет секілді, өзіндік тәртібі, ішкі ережелері, әр актердің орны бар. Сырттан келген актерлерге көзқарас бөлек болады. Бір жылдай қиналдым, бірақ оны ешкімге білдірмей, іштен тынып жүрдім. Алдымен «Алжир азасы» деген қойылымнан рөл алдым, содан қызу жұмыс басталып кетті. Одан кейін көптеген рөлдермен танылып, бұл театрда да өз орнымды таптым. Павлодардағыдай емес, Астанада бәрі қымбат болды, ақшадан қиналып, қосымша жұмыс іздедім. «Астана» телеарнасында дубляж жасадым, қаншама шетелдік кинолар мен телесериалдар, мультфильмдерді қазақша дыбыстап, 4 жылдай еңбек еттім. Атап айтқанда, «Дисней» компаниясының музыкалық мультфильмдері – «Күлшеқыз», «Робин гуд», «Құбыжық пен сұлу қыз», «Мұзды өлке» және басқа да туындыларына дубляж жасап, әндерін орындадым.  Одан бөлек, Астананың үлкен мерекелік іс-шараларының бәріне қатыс­тым. Менің жоғарыда айтқан кітабымда «Астана слезам не верит» деген бөлім бар, сол жерде елордаға қалай келгенім, алғашқы қиындықтар туралы жазғанмын. Сонда жазғанымдай, расымен Астанада рухы мықты, төзімді, шыдамды адамдар ғана өмір сүре алады және сондай адамдар ғана қала алады. Ал төзімі мен шыдамы аз, рухы төмендер, әлсіз, еңбек еткісі келмейтіндер ауылына қайтады немесе ештеңеге қолы жетпей жүреді.

– Сіз туралы жазылған мақалалар мен туындылардың бәрі ерекше тебіреніспен, шынайы толқыныспен жазылуы театрдағы ғана емес, жалпы тұлғалық ерекше болмысыңызды танытса керек. Мәселен, белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы биыл қойылған Эдуардо де Филиппоның «Әйел құпиясы» атты лирикалық драмасындағы сіздің рөліңіз туралы: «Ол Филумена Мартураноны ойнады. Келісті кейіпкер. Әрлі әйел. Салиқалы сұлу. Өнердің өрісті отаны – итальян топырағында туған шығарманың құпиялы шешімін Жанат қазақ жұртындағы «Әйелдің қырық жаны бар» деген мәнді мәтелдің өзегіне орайластыра отырып, оп-оңай тауып берді. Еркін ойнады. Еркелеп ойнады. Егіліп ойнады. Беріліп ойнады. Билеп ойнады. Баспен ойнады. Жүрегімен жылады. Жанарымен жылжыды. Жігерімен жарқырады» деп сипаттап жазды. Жалпы өзіңіз рухани өсу жолында қалай ізденесіз?

– Рухани өсу деген ол – ең алдымен тәрбие, сосын білім. Тәрбие тал бесіктен, ата-анадан, отбасыдан беріледі. Одан кейін білімді де, тәрбиені де беретін мектеп. Солай-солай кете береді. Жақсы адамдармен жолдас болсаң, қоршаған ортаң дұрыс болса, ол да әсер етеді. Сосын есейген кезде қызметіңе адал болу керек. Қазір көп жастар ақша-ақша деп, анда да, мында да жүгіріп жүреді, тез-тез театрдағы рөлін ойнап, одан той өткізуге, сосын сабақ беруге асығады. Кейбірі бір-екі театрда істейді. Солай әр жерге өзінің күш-қуатын, бойындағы барын аз-аздан ғана беріп отырады да, бірақ соның біреуінен де жақсы нәтиже шығара алмайды. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Бағдарымыз тек «Үй-театр-үй» болды. Басқа ештеңеге алаңдамадық. Әрине, қазіргі әртістің айлығы аз болған соң, күнкөріс қамымен солай етуге мәжбүр екенін де түсінемін, бірақ содан өнер ақсайды. Сондықтан басты қызметіңе жүз пайыз берілуің керек. Көп оқып, барлық ақпараттан құлағдар болу қажет. Рөлдерімді ойнағанда басқалар бір ауыз теріс сөз айта алмайтындай образ шығару үшін кітапханадан шықпай, тарихи кейіпкерлерімді әбден зерттеп, көп оқып, талмай ізденемін. Сол сияқты керісінше, әрбір рөлім мені тәрбиеледі, олардың әрқайсысынан өзіме рухани азық алып отырамын.

– Кино әлемінде «Қызғыш құс» фильміне түсуіңіз сіздің тарихи бір оқиғалардың куәсі болуыңызға әкелді. Жалпы бұл фильм сізге не берді? Одан кейін тағы қандай киноларға түстіңіз?

– Өмірімде екі-ақ фильмге түсіппін. Біріншісі – Серік Жармұхамбетов деген режиссер 1984 жылы түсірген «Өтелмеген парыз» деген фильм. Философиялық сарындағы, жастарға өте керек фильм әлі күнге көрсетіледі. Екіншісі, осы «Қызғыш құс» – Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген ең бірінші және соңғы фильм болды. Режиссері – Т.Теменов. Ол кинода мені жағымсыз рөлдердің бірі – Роза деген жас келіншектің рөліне түсуге шақырды, киноға атақты актриса Нина Мордюковамен бірге түстім. Онымен бірге киноға түсу – зор мәртебе еді. Екеуміз кейін сырлас жақын жандарға айналып кеттік. Алайда тарихи фильмді елде көрсеткізбей, Америкаға апарып көрсетіп, содан кейін барып Қазақстанға алып келіп, халықтың назарына ұсынды. Қазір бұл туынды жылда желтоқсан айында телеарналарда жиі беріледі.

– Сізді көргенде сыртқы келбетіңіздің жасыңызға қарамай мінсіз сақталғанына қайран қалмасқа болмайды. Барынша қартаймау және сұлулығыңызды сақтауыңыздың сыры неде?

– Маған бұл сұрақ жиі қойы­лады. Бұл – генетика. Мұны мен ылғи да айтамын. Анамнан бастап, барлық бауырларым өз жасынан жас көрінеді. Бұл кімнен, неден екенін білмеймін. Алайда тектен беріледі екен деп күтінбей отыра беруге де болмайды, ол жеткіліксіз. Біріншіден, адамның ішкі дүниесі таза болуы керек, ішкі жан-дүниеңде үйлесімділік болғаны жөн. Өзіңді төмендетпеу, өнер жарысында басыңды биік ұстау керек. Ал қазіргі замандағы кейбір әйелдер сияқты косметологиялық қызметтер күшімен жасанды жолмен жасаруға біздің айлығымыз жетпейді. Әрі оған бір әуестенген адам тоқтай алмай, жасата береді. Сондықтан өзімізді өзіміз табиғи жолмен күтіп, жас қалпымызды сақтауға тырысамыз. Гимнастика жасаймын, соңғы 9 жылдан бері бір жылдық абонемент алып, фитнес залға барамын. Сосын сауна мен бассейнге бармай, мүлдем тұра алмаймын, бүкіл отбасымызбен бассейнде жүзуді, саунаға баруды әдетке айналдырғанбыз. Бәлкім, жастығымды сақтауға соның да бір әсері бар шығар.

– Бүгінде биік бір белестің басында тұрсыз, артыңызда қызығы мен шыжығы мол сан қилы жол қалды, қазіргі қалпыңызда сіз әлі де өз бабыңыздасыз. Сахна – сіздің барыңыз, балаларыңыз – өміріңіздің мәні. Бос уақытыңыз болса оны барынша қандай істерге арнауға тырысасыз?

– Жас кезімде өзге қыздар қыдырып, серуендеуге кеткенде мен кітапханадан шықпайтынмын. Қазір бала кезден келе жатқан күнделік жазу әдетім әлі қалмады. Сондай-ақ жақсы фильмдер, әсіресе Оскар сыйлығын алған әлемдік классикалық кинолар, деректі, ғылыми зерттеу, өнер адамдарының өмірі мен өнер жолы туралы фильмдер қарағанды жақсы көремін. Одан қалса, немерелеріме қараймын, 8 жиен немерем, 2 шөберем бар. Олар жан-жақтан келеді, біразы осында тұрады. Кейде ата-анасының қолы тимей жатса мектептен алып кетемін, үйге келсе, дәмді тамақтар пісіріп беремін, қыдыртамын. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлайды. Ең бастысы, осы жасқа жетіп, әлі де театр сахнасынан түспей, рөлдер сомдап, көрерменге керек болып жүргенім, көп адамның маңдайына жазыла бермейтін зор бақыт деп санаймын.

 Сұхбаттасқан

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button