Басты ақпарат

Жандос Болдықов: Алтын орданы зерттейтін орталық керек

Елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының құрылғанына бес жыл толды. Жақында аталмыш мекеме қызметкерлері «Архив-2025» жобасы аясында Ресей және Түркияға барып келді. Сол сапарларында еліміздің тарихына қатысты бірқатар құнды архивтік құжаттарды анықтады. Орталық жұмысы және бұл сапарлардың қорытындысы туралы мекеме директоры, PhD докторы Жандос Болдықовпен сұхбаттастық.

[smartslider3 slider=3284]

 

ҚОРДАҒЫ КІТАПТАР 6 МЫҢНАН АСАДЫ

– Жандос Бекділдаұлы, орталықтың бес жылдығы құтты болсын! Алдымен мекеменің жұмысымен таныстырып, негізгі бағыттарын айтсаңыз. Қолжазбалар және сирек кітаптардың қоры қанша? Соның ішінде қандай құнды кітаптар бар?

– Мекеменің салтанатты ашылу рәсімі 2017 жылы 10 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында өтті. Сондағы басты мақсат – туристерге, жан-жақтан елордаға келетін қонақтарға тарихымызды, мәдениетімізді көрсету.

Ұлттық орталықтың бас­ты бағыты – Отанымыздағы және шетелдердегі Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптарды, құжаттарды анықтау, жинау, сақтау, қалпына келтіру, зерттеу, ғылыми айналымға қосу және пайдаланушыға ұсыну.

Қазіргі таңда жалпы қордағы кітаптар саны 6 мыңнан асады. Соның ішінде 3 мыңнан астамы – аса құнды кітаптар. Қордың құнды кітаптарының 300-ден астамы ХІХ-ХХ ғасырларда жарық көрген араб, парсы, түркінің шағатай, көне өзбек, татар тілдеріндегі сирек кітаптар. Бұл қатарда құрандар, тәпсірлер, фикһ мәселелері, тағы басқа кітаптар бар. Ал қолжазбалар саны 20-дан асады. Сонымен қатар ХХ ғасырда басылып шыққан төте жазудағы, латын графикасындағы кітаптар, қазақ ағартушылары мен ғалымдарының еңбектері, батыс және орыс зерттеушілерінің еңбектері, 1886-1915 жылдарды қамтитын Ақмола, Торғай, Сыр­дария, Орал, Семей облысы, Жетісу өңірі бойынша ауыл шаруашылығы, демография, мал шаруашылығы, басқа да салаларды қамтитын статистика­лық шолулар, шағын кітаптар коллекциясы және көне сөздіктер мен энциклопедиялар жинақталды.

Ұлттық орталықта көрме залы мен оқу залы ашылған. Көрме залы орталықтың ашылуы кезінен бері жұмысын жүргізіп келеді. Қазірге дейін жиырмадан аса республикалық және халықаралық көрмелер өткізілді. Оқу залы көпшілік оқырманға арналған, тегін интернет және керек құралдармен жабдықталған. Биыл Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қолдауымен Ұлттық музейде көрме залымыз ашылды. Онда қойылатын кітаптарды ай сайын жаңартып отырамыз.

Реставрация бөлімі – көне қолжазбалар мен сирек кітаптарға тазалау, дезинфекция және дезинсекция, қалпына келтіру жұмыстары, түптеу, консервация жұмыстарын қамтиды. Бұған қоса консервация зертханасы ашылды. Зертхананы жабдықтауға АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Алмания сияқты алпауыт мемлекеттердің тәжірибесі мол ұйымдары атсалысты. Қазір құжаттарды қалпына келтіру жұмысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы және ел бойынша алдыңғы орындардың біріндеміз. Осы уақытқа дейін 300-ге жуық кітапты цифрландырдық.

РЕСЕЙДЕН КЕНЕСАРЫНЫҢ ХАТТАРЫ ТАБЫЛДЫ

– Жақында Ресей және Түркияға барып қайтқандарыңызды білеміз. Қандай олжамен оралып отырсыздар?

– Иә, ұлттық орталық мамандары мамыр айы мен маусым айының басында Ресей және Түркия республикаларына ғылыми-іздестіру экспедициясына барып келді. Археографиялық ғылыми-іздестіру экспедициясының мақсаты – Қазақстан тарихына қатысты бұрын анықталмаған архивтік құжаттарды және көне жазба мұраларды анықтау, көшірмесін алу.

Ресейде іссапарда 15 күндей болдық. Соның ішінде Мәскеу қаласында Ресей мемлекеттік әскери тарихи архиві, Ресей империясының сыртқы саясаты архиві, Ресей мемлекеттік көне актілер архиві, Ресей мемлекеттік кітапханасы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің кітапханасы, Мемлекеттік тарихи музейінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Жұмыс тобы орталықтың 6 қызметкерінен құралған.

Ресей мемлекеттік кітап­ханасының «Қолжазбалар қорынан» парсы тілінде 17 ғасырда жазылған «Мырза Махмуд Чурастың хикаясы» (Қашғария мен Шығыс Түркістан билеушілерінің тарихы) кітабы табылды. Бұл Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди» кітабының жалғасы деп айтуға болады. Кітапта Қазақ хандығының 15-17-ғасырдағы тарихы қамтылған. Осы кітапқа тапсырыс бердік. Көшірмесін бұйыртса аламыз. Себебі Қазақстанда мұндай кітаптар жоқ. Сосын сонда табылған Мирхонд Мұхаммед би Хованд шахтың «Раузат ас-сафо» (Тазалық бақтары) кітабында Тимуридтердің тарихы жазылды. Онда Орта Азия мен Қазақ хандығы туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, кітапхана қорында басқа да араб, парсы және түркі тілдес қолжазбалар мен сирек кітаптар анықталды. Кітапханада ерекше мән беретін картография бөлімі бар. Картография бөлімінде Қазақстан территориясы көрсетілген әр кезеңдегі карталары бар.

Ұлттық орталықта көрме залы мен оқу залы ашылған. Көрме залы орталықтың ашылуы кезінен бері жұмысын жүргізіп келеді. Қазірге дейін жиырмадан аса республикалық және халық­аралық көрмелер өткізілді. Оқу залы көпшілік оқырманға арналған, тегін ­интернет және керек құралдармен ­жабдықталған. Биыл ­Мәдениет және спорт ­министрі Дәурен Абаевтың қолдауымен Ұлттық музейде көрме залымыз ашылды. Онда қойылатын кітаптарды ай сайын жаңартып отырамыз

Осы кітапхананың «Шығыс әдебиеті» орталығында Тұрар Рысқұловтың, Халел Досмұхамедовтың және басқа да авторлардың ХХ ғасырдың басында баспадан шыққан кітаптары анықталды.

Ресей мемлекеттік әскери тарихи архивінен 1844 жылы Кенесары Қасымовтың Орынбор генерал-губернаторлығына жазған хаттарының орыс тіліндегі нұсқасының көшірмелері, Қырғыз даласын басқаруға қатысты жарлықтар, христиан дінін қырғыз даласына енгізу, қырғыз-қайсақтардың діни мәселесін басқару жөніндегі құпия жарлықтардың көшірмелері алынды.

Мәскеудің Мемлекеттік тарихи музейінде белгісіз автордың «Путешествие по степи киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов», «Шежіре» (Родословная киргизских родов от Адама по преданию) сынды қызықты кітаптар табылды. Бұған қоса, қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың шыққан тегі, шежіресі жазылған құжат және оның ұлы Садықтың портреті шықты. Сонымен қатар Перовск, Әулиеата, Сырдария маңындағы уездердің сұлтандар әулеті жөнінде мәліметтер бар.

Жалпы Мәскеу сапарынан 6 мың бетке жуық құжаттар табылды. Биыл тағы бір рет Ресей астанасына барсақ па деп жоспарлап отырмыз. Себебі қорлары өте көп. Ол жақтың көзқарасы да бізге дұрыс. Соны пайданаланып қалуымыз керек. Оның үстіне Ресей ғалымдары сол елде шығыстанушылардың азайғанын айтып отыр. Біз қолға алмасақ, тарихымыз туралы құнды құжаттар шаң басып жатып қалуы мүмкін.

 ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАСЫ ТҮРКИЯДА ЖАТЫР

– Ал Түркия сапарының нәтижесі қандай болды?

– Түркияда 12 күн ғана болдық. Онда уақыттың тығыздығына байланысты үш мекемені ғана аралап шықтық. Бұл – Османлы архиві, Сулеймания кітапханасы және Ислам тарихы, өнері және мәдениеті орталығы.

Османлы архивінің 600 жылға жуық тарихы бар. Оның қоры 95 миллионға жуық. Онда Осман империясының тарихы мен 40-тан астам мемлекеттің тарихымен байланысы бар құжаттар сақталған. Осы архивтен Орта Азия және Қазақ­стан тарихына қатысты 3 мың бетке жуық архивтік құжаттар алынды. Соның ішінде Бұхара ханы Әбу Фейз Сейид Мұхаммедтің түрік сұлтанына жазған хаты, Ресей империясының территориясынан Осман империясының территориясына қазақтардың көшуі туралы құжаттар, Бұхара ханы Мұхаммад Масум ханның қазақтармен бірге Ресей мемлекетіне қарсы әскери әрекеттері туралы Осман сұлтанының атына жазылған хаты, Парсы шахы Насыреддиннің Орта Азиядағы ферғана, қыпшақ, қырғыз және қазақ түркі тайпаларымен қарым-қатынасына қатысты құжаттар, Осман сұлтанының қазақ ханы Қайып ханға жазған хаты, Османдардың аймақтағы жағдайға араласа алмайтындығы және шешім Қайып Мұхаммед ханда қалатындығы жөніндегі Ресеймен бейбітшілік келісім, Түркістан хандарының бірі Қайып Мұхаммед ханның аймақтағы жағдай туралы, яғни Ресей мен қазақ хандығы арасындағы жағдайлары жөнінде жазған хатының аудармасы анықталды.

Сонда Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңіне қатысты жазба деректерді анықтадық. Атап айтқанда, Бұрындық хан мен Моғолстан билеушісі Сұлтан Мансұрдың ұлы Жүніс ханның шибанидтер билеушісі Шибак ханға жазған хаты табылды.

Сүлеймания мешіті медреселерінде құрылған кітапханадағы 106 топтамада 70 мың томға таяу жазба және 120 мың томдай баспа ескерткіштер сақталған. Сулеймания кітапханасынан қазақ жерінен шыққан ортағасырлық авторлардың 20-ға жуық кітабы (5000 бетке жуық) анықталып, көшірмесі алынды. Соның ішінде әл-Фарабидің, әл-Сығнақидің, Жүсіп Баласағұнның араб, парсы тілінде жазылған еңбектері табылды. Оларды арнайы тапсырыспен алдырып, аударамыз.

Ыстанбұл қаласында Мимар Синан университетінің профессоры, белгілі шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қарамен кездестік. Кездесу барысында ғалым орталығымызға Мұстафа Шоқайдың 1988 жылы Анкарада басылып шыққан «1917 YILI HATIRA PARÇALARI» кітабын және өзінің 2022 жылы басылып шыққан «Дүние жүзі бойынша кеңес үкіметінің ­саясаты» (Мұстафа Шоқайдың Франциядағы естеліктерінен) атты кітабын сыйға тартты.

Әбдуақап Қараның мұрындық болуымен Түркиядағы қазақтар арасында аты белгілі ақын, жазушы Зейнел Сүрмелінің ұлы Махмуд Сүрмелі біздің қорға көзінің қарашығындай сақтаған әкесінің түпнұсқа құжаттарын тапсырды. Зейнелдің өлеңдерінде елге сағыныш, Моңғолиядағы, Қытайдағы ұлт-азаттық қозғалысы, Оспан батырға арналған өлеңі, 46 бет әртүрлі тақырыптағы қолжазба өлеңдері және 100-ге тарта хаттары, қойын дәптерлерінде жазылған өлеңдері, құран сүрелері (2 блокнот), мекенжайлар, т. б. тұрмыстық жазбалары бар. Сонымен қатар құжаттар арасында Дінмұхамед Қонаевтың және Хасен Оралтайдың визит карточкасы, өзінің фотосуреті сақталған.

Қазір басты мақсатымыз – Алтын Орда және Қазақ хандығына қатысты құжаттарды жинақтау.

МҰСТАФАҒА ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІ ІЗДЕЙДІ

– Үш жыл бұрын Алтын Орданың 750 жылдығы өтті. Менің ойымша, сол кезде дұрыс жұмыс жүргізілмеді. Сіздің бұл тарапта пікіріңіз қандай?

– Алтын Орда тарихына қатысты арнайы орталық ашылуы керек деп есептеймін. Оған жақсы қаржы бөлініп, мемлекеттік мәртебе берілгені жөн. Сол орталыққа бүкіл әлемнің ғалымдарын тартып, әлем архивтеріндегі құжаттарды жинақтау қажет. Сонда үлкен нәтижеге жетеміз.

– Алдында орталықта 6 мыңнан астам кітап қоры барын айттыңыз. Шетелдерден де құнды құжаттарды тауып отырсыздар. Олардың бәрін ғылыми айналымға енгізу мәселесі қалай болып жатыр?

– Бізге Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарихшылары мен шығыстанушылары көп келеді. Осы университетпен меморандумға да қол қойғанбыз. Бірлес­кен шараларды да өткіземіз. Олардың магистранттары мен докторанттары бізде практикадан өтеді.

– Ресей мен Түркияға барып келдіңіздер. Тағы қандай елдерге бару жоспарларыңыз­да бар?

– Жыл соңына дейін Ресейдің Санкт-Петербург, Татарстан астанасы Қазан қалаларына, Өзбекстан, Венгрия, Үндістан мемлекеттеріне барсақ па деп жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, Франция және Испания елшіліктерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

– Әлеуметтік желілерде Наполеонмен соғыста Ресей әскеріне қазақ жасақтары көмектескені туралы жазба жүрді. Бұл туралы мәлімет Франция архивтерінде бар көрінеді-мыс. Сол елге баратын болсаңыздар, соны табуларыңызға тілектеспін.

– Иә, әрине, архивтік құжатқа сүйенген жөн. Соны іздестіреміз. Францияда Мұстафа Шоқайға қатысты ашылмаған деректер барын да естідік. Оны да іздейміз бе деп жоспарлап отырмыз.

– Ендеше істеріңізге ­сәттілік!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button