ДенсаулықЖаңалықтар

Жаңа аппарат қолданысқа берілді

Елімізде алғаш рет гипотермия аппараты Ұлттық ана мен бала орталығында қолданысқа берілді. Аталмыш құрылғы нәрестелерді емдеу кезінде дене қызуын толық бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта іштегі нәресте мен жаңа туған баланың гипоксия және перинаталдық инсульттен пайда болған церебралдық бұзылуы – неонатологиядағы ең өзекті мәселе. Нев­рологиялық емдеудің ең тиімді әдісі – терапевтік гипотермия. Ол дегеніміз – емделуші сәбидің ми қызуын қадағалап, оны төмендететін медициналық методика. Әсіресе, тыныс алу бұзылған кезде, жүрекке ота жасағанда, жасанды қан айналымы кезінде ми дертінің әрмен қарай асқынуына жол бермейді.
Бұл құрылғыны сатып алуға «Аяла» қайырымдылық қоры қолдау көрсеткен. Нақтырақ айтсақ, құны 11 350 000 теңге тұратын аппаратты сатып алуға қордың серіктес-демеушілері – ADD Capital және Chevron компаниялары – көмектескен. Сонымен қатар, 2 900 000 теңгені «Астана марафон-2017» қатысушылары жинаған.
«Бүгінде ең құнды байлық – адамдардың денсаулығы. Сапалы қызмет көрсету үшін соған сәйкес жоғары технологиялық құралдар болуы тиіс. Бұл аппарат – сәбилердің денсаулығы үшін ең қажетті жабдықтардың бірі. «Ақылды» құрылғы баланың жағдайын жіті бақылауға көмектеседі. Дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, баланың ем алуына жайлылық сыйлайды. Орталықта жыл сайын 4 мың бала дүниеге келетін болса, соның 8-10 пайызы осы аппараттың көмегіне мұқтаж еді» дейді Ана мен бала орталығы реанимация бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Әубәкірқызы.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Аяла» қайырылымдылық қоры осы аппаратты қолданудың әдістемесін де құрас­тырған. Енді алдағы уақытта Астана және Алматы қалаларында еліміздің барлық өңіріндегі неонатологтар мен мейірбикелерді шақырып, тәжірибелік тренингтер ұйымдастырмақшы.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button