Қала мен Сала

Жаңа базарлар салынады

Бас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды элементі – сауданы дамыту. Қала саудасын жандандыру туралы тақырыпта елордалық коммуникациялар алаңында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев брифинг өткізді.

Астанада өткен жылдың тоғыз айдағы қорытындысы бойынша жалпы аймақтық өнім құрылымындағы қызметтер мен сауда саласының үлесі 80%-ды құрады. Оның ішінде сауда саласы – 24%, қызмет көрсету саласы – 56%. 2022 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымының жалпы көлемі 22%-ға өсіп, 7,7 трлн теңгені құрады.

«Елордада 21 сауда базары жұмыс істейді. Олардың жалпы ауданы – 270 мың шаршы метр. Қаладағы 3 базарда («Шанхай-Көк базар», «Алтай», «Ұлжан») модернизациялау, яғни заманауи форматқа көшу бойынша жобалық жұмыс­тар басталды. Мемлекет басшысының базарларды монополиясыздандыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Сарыарқа ауданында 10 млрд теңге жеке инвестиция сомасына 2 заманауи базар құрылысы жоспарлануда. Бұл жобаларды пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған» деді М.Жанабаев.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, бүгінгі таңда сауда инфрақұрылымын дамыту аясында сақтау алаңы 70 мың шаршы метр болатын 35 млрд теңге сомасына 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Елордада «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы аясында 540 қосалқы жалдау шарты жасалды. Барлығы 1200-ден астам жұмыс орны құрылды. Бағдарламаға қатысушылар 1,1 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында елордалық және өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен қалалық жәрмеңкелерді ұйымдастыру жұмысы жалғасуда.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button