Елорда тынысы

Жаңа форма – жеңіл әрі ыңғайлы

Астаналық тәртіп сақшылары көптен күткен жаңа үлгідегі қызметтік киімге көшіп, жаһандық полиция қатарына енуге кезекті қадамын басты. Ұзақ талқылап, жыл бұрын таныстырылған полиция формасы алғашқы болып елордалық полицейлерге бұйырды. Жаңа киімге ауысуға байланысты Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы Марат Төлебаев патрульдік полиция полкінің плацында өткен жеке құрамның сап түзеу салтанатына қатысты.

[smartslider3 slider=2532]

Полиция қызметкерлеріне арналған жаңа үлгідегі киімді даярлау – ішкі істер органдарын жаңғырту туралы жол картасының бір тармағы. Аталған киім үлгісі алуан түрлі ауа райы жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің лебіздері ескеріле отырып, оларға қонымды әрі қолайлы етіп пішуге ерекше ден қойылған.

Жаңа киімнің нобайы мен конструкциясы бойынша патрульдік полиция және сыртқы қызмет мамандарына арналған нысанды киімдер болып топтастырылған. Сол сияқты тұрғындармен бірінші болып тілдесетін учаскелік полиция инспекторларына арналған жекелеген үлгіде киім әзірленіп отыр.

Бұрнағыдай тәртіп сақшыларына ыңғайсыздық туғызатын жетондар, эмблемалар, жұлдыздар және кокардалар тоқыма матаға алмастырылған. Бұл – қызмет барысында түрлі жағдайларда олардың құлап қалу, зақымдалуына қарсы таптырмас амал.

Түнгі мезгілдерде жолдағы қауіпсіздік деңгейін күшейту мақсатында аталмыш киімге жарық шағылыстыратын белгілер көптеп берілген.

Іс-шара барысында департамент басшылығы қызметкерлердің дайындығы мен нысанды киіммен қамтамасыз етілуін тексерді.

«Жаңа нысанды киім бұрынғысынан айтарлықтай ерекшеленеді. Ең бастысы, қызмет атқаруға өте ыңғайлы және жайлы. Учаскелік полиция инспекторы халыққа, қоғамға қызмет етеді, бұқарамен етене жұмыс істейді, құқық бұзушылықты анықтаумен және оның алдын алумен айналысады. Осыны жүйелі түрде іске асыру үшін қолайлы киім қажет. Жаңа киім үлгісі осыған сәйкес келеді» дейді Сарыарқа ауданы ПБ №66 УПП инспекторы Нұрдәулет Таңатаров.

Жаңа форманың жаңалығы көп. Ендігіде полицейлердің бір парасы бұрынғыдай жейде киіп, галстук тақпайды. Ұдайы үтіктеп қыр салатын шалбар да жоқ. Жүгіргенде кедергі келтіретін туфлидің орнына спорттық аяқ киімнің берілуі құқық бұзушыны қуалаған кезде өз көмегін тигізеді. Бұл – учаскелік полиция инспекторы Абзал Әбілдаевтың пікірі.

 Сонымен қатар жаңа киімнің оң жақ кеуде тұсында полицияның қызметінен хабар беретін белгі, оң иығында қала немесе облыс атауының эмблемасы, сол иығында ҚР ІІМ эмблемасы тігілген. Арқасында, кеудесінде және аяқ киімінде латын қарпімен «Polisia» жазуы бедерленген. Кительдің орнына жемпір киюі де үйлесімді екенін көруге болады. Бастысы, әлем полициясына ортақ қара-көк түс сақталған.

«Жаңа киім үлгісіне көшу – оң өзгерістерге бағытталған қадамдардың бірі. Заманауи, жеңіл әрі ыңғайлы форма қызметте қолайлы. Өзгеріс киімде ғана емес, ішкі ұстаным мен тәртіпте болатынын атап өткім келеді. Жаңа формаға ауысу қосымша қаржыны қажет етпейді және ескіні есептен шығару арқылы кезеңмен жүзеге асырылады» дейді елордалық ПД бастығы М.Төлебаев.

Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын қазақстандық полицияның формасын заманауи үлгіге көшіру бастамасы көтерілген болатын. Бізге беймәлім себептермен бұл үдеріс кешігіңкіреді. Ештен кеш жақсы дегендей, ебедейсіз киімнен елге ұнамды қалыпқа келгені жөн болды деп есептейміз. Өйткені психологияда киімнің түсі адамның өзіне, айналасына өзіндік әсер беретіні дәлелденген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button