Әлеумет

Жаңа ғасырға жан-жақты маман қажет

Соңғы жылдары қызметкерлердің жалақы мәселесі біраз кәсіпкердің басын қатырып келеді. Қызметкерге жалақыны көп берейін десең, ол жалақыға ­лайық жұмыс істей бермейді. Аз берейін десең, қызметкерді ұстап тұра алмайсың. Қызметкер кім көбірек айлық берсе, соған кетеді. Мен бірнеше жылдан бері дәл осындай «бұлай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетін» қиын жағдайды бастан кешіріп келемін. Бұл тек менің басымдағы ғана қиыншылық емес, мен сияқты барлық кәсіпкердің басындағы мәселе болуы мүмкін.

[smartslider3 slider=1305]

Алайда бір нәрсе анық. Бұл жаңа ғасырдың экономикалық даму үрдісі, кәсіпкерге де, жұмысшыға да ХХ ғасырға мүлдем ұқсамайтын жаңа қызметтік талап қойып отыр. Олай дейтінім, өз басым өткен ғасырдың соңынан бастап қол астыма қызметкер жалдап жұмыс басқарып келемін. Өткен ғасырда қызметкер бойында мықты бір өнері болса болды мықты маман атанып, жақсы жұмысқа тұрып, өзі тапқан жалақысы өзіне емін-еркін жетіп, бала-шағасын қиналмай асырайтын мүмкіндік бар еді. Алайда мына жаңа ғасырда оның мүмкіндігі азайды. Сол ХХ ғасырдағы жалақым жетерлік деп жүрген мамандарың ХХІ ғасырға келгенде жалақысының аздығын айтып мұңайып отырғанын талай рет көзіміз көрді. Мәселе қайда жатыр? Мәселе нарықтық экономиканың өркендеуі мен ақпарат дәуірінің ұшқан құстай дамуында жатыр.

ХХІ ғасыр адамзат өркениетіне төртінші өнеркәсіп төңкерісін алып келді. Бұл жаңа ғасырда адамзаттың ғылым мен техникада ашқан жаңалығының экономикалық құны, осыдан бұрынғы адамзаттың 5000 жылдық тарихында жеткен жетістіктерінің жалпы экономикалық құндылығынан асып түскен. Бұл – адамзат өркениет тарихындағы супер жетістік. Дәл осындай күрделі, ұшқыр заманда маман ХХ ғасырдың көзімен қарау, шынында, ақылға үйлеспейді.

ХХІ ғасырда сіз, сөзсіз, бірнеше мамандықты қоса меңгерген жағдайда ғана жоғары жалақыға лайық мамансыз. Яғни комплекс маман болған кезіңізде ғана іздегеніңізді сұрамай-ақ таба аласыз. Егер бір ғана өнеріңіз бен біліміңізге мастанып «менің өнерім мен білімімді түсінетін адам жоқ!» деп жатсаңыз, мына заманда сізге келіп басыңыздан сипайтын бір адам шықпауы мүмкін.

Нарықтық жүйе – өндіруші мен тұтынушыдан немесе сатушы мен сатып алушыдан құралған жүйе. ХХ ғасыр біздің қоғам үшін өндіруші нарығының немесе сатушы нарығының ырқындағы ғасыр болса, ХХІ ғасыр – тұтынушы нарығының немесе сатып алушы нарығының ырқындағы ғасыр. Атап айтқанда, ХХ ғасыр тауар өндірісіндегі тапшылыққа байланысты тауарды кім өндірсе немесе сатса, сол мол пайда табатын мүмкіндігі бар ғасыр болды. Ал ХХІ ғасыр нарықта өндірілген немесе сатылымға шыққан тауардың көптігінен тұтынушы таңдап жүріп өзі қалағанын сатып алатын дәуір болды. Сөйтіп жаңа ғасыр тұтынушы нарығының немесе сатып алушы нарығының ғасырына айналды.

Сатып алушы нарығы экономиканың заңдылығы бойынша міндетті түрде ақшаны құнсыздандырады. Бұл – өткен ғасырдағы аталмыш жоғары жалақының құнын түсіріп, қызметкердің айлығын шайлығына жеткізбей тұрған фактордың бірі. Сонымен бірге ол кәсіпкердің де өндірген тауарының немесе қызметінің өзіндік құнын жоғарылатып отыр.

Мұндайда ырықсыз нарықтың, яғни сатушы нарығының пайдасы аз болады. Ал көбірек пайда табуды мақсат еткен сатушы нарығы барынша өзіндік құнды түсіруге тырысады. Сатушы нарығының өзіндік құнын құрайтын басты фактордың бірі – жұмыскердің жалақысы. Яғни кәсіпорын аз адаммен көп жұмыс істегісі келеді. Сонымен бұл нарықта комплекс маманға сұранысты арттырады. Жалаң мамандыққа сұраныс азайғаннан кейін оның жалақысы да жоғары болмайды. Міне, бұл – жаңа ғасырда жалаң мамандықтың жан бағуға жетерлік жалақы таппауының сыры. Сөзім дәлелді болу үшін комплекс маманға байланысты бір мысал келтіре кетейін. Бұл мысал нарыққа 100 пайыз үйлеспесе де, 90 пайыз үйлесетініне сенімім кәміл. Мысалы, мен өзім айналысып отырған кәсіпке байланысты қызметкерлерге мынадай жалақы мөлшерін бекіттім. Яғни музыкалық аппараттар дүкенімізге істейтін қызметкер төмендегі талаптарды орындағанда, мен қызметшіге 300 мың немесе одан да көп жалақы төлеуге мүмкіндігім бар:

Бірінші, ол алдымен Microsoft Office-ті (Word, Excel, PowerPoint) жетік білуі; екінші, дыбыс-жарық аппараттарын толық меңгерген болуы; үшінші, қарапайым музыкалық аппараттарды күтімдеуді білуі; төртінші, маркетинг жұмыстарын ұйымдастыра алатын, яғни қазіргі Instagram, Facebook, TikTok сияқты әлеуметтік желімен толыққанды айналысуды білетін, бесінші, қарапайым видео-фото роликтерді жасай алатын болуы керек. Бұл талаптарды осы салада тек мен ғана талап етіп отырған жоқпын. Менің бәсекелестерім де қабылдайтын қызметкеріне тура осындай талап қойып отыр. Бір қарағанда, бұл талаптар 5 түрлі мамандық болып көрінгенмен, егер дәл осы мамандықтарды меңгеріп шығам деп тырысқан жастарға әрі кетсе бір жыл немесе 6 ай ғана уақыт кетеді.

Әрі қарай енді осы 5 түрлі мамандықтың жеке-жеке құнын айта кетейін. Сол арқылы бұл мамандықтардың құнын байқап, өзіңіздің қанша жалақыға лайық қызметкер екендігіңізді мөлшерлей беріңіз. Әрине, әрбір кәсіпорынға әр мамандықтың құны өзгеше. Бұл – қатып қалған формула емес, жай мысал.

  1. Microsoft Office (Word, Excel, PowerPoint) – 50000 теңге;
  2. Дыбыстық пульттарды меңгеру – 50000 теңге;
  3. Жарықтық пультты меңгеру – 50000 теңге;
  4. Дыбыс-жарық аппараттарына сервис жасау – 50000 теңге;
  5. Маркетинг жұмыстарын жүргізу – 50000 теңге;
  6. Видео-фото монтаж жасау – 50000 теңге.

Осылардың барлығын білсеңіз, музыкалық дүкен саласында сіз кімге барсаңыз да 300000 теңгеден жоғары айлық ала аласыз.

Сөздің тоқ етері, мейлі мамандықты үйренуші болсын, әлде үйретуші болсын, мамандыққа ХХ ғасырдың көзімен қарамай, ХХІ ғасырдың көзімен қарап, үйренуші кешенді маман болуға талпынсын, үйретуші жан-жақты маман тәрбие­леуге тырысқаны жөн. Сонда ғана жаңа ғасырдың маманға болған қажетін қанағаттандыра аламыз.

 Ербосын НҰРМҰҚАНҰЛЫ, кәсіпкер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button