Жаңа ғылыми-практикалық журнал жарық көрді

12 сәуір – Қазақстан Республикасының ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы «Педагогикалық өлшемдер» атты жаңа ғылыми-практикалық журналдың жарық көргенін жариялады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл журнал – білім сапасын бағалау және педагогикалық өлшеу құралдарын әзірлеу саласындағы заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялауға, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға арналған арнайы кәсіби алаң. Басылым білім беру саласындағы зерттеушілерге, бағалау саласының сарапшыларына, тест құрастырушыларға, оқытушыларға, білім беру ұйымдарының өкілдеріне және білім беру процесінің объективтілігі мен тиімділігін арттыруға мүдделі барлық маманға арналған.
Журнал білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер, білімді бағалаудың заманауи әдістері, оқытушыларға арналған практикалық құралдар, білім беру өлшемдеріндегі жаңа тенденциялар, сондай-ақ осы саладағы халықаралық тәжірибе туралы мақалалар жариялайды.
Журналдың редакциялық алқасы АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының танымал ғалымдары мен халықаралық деңгейдегі мамандарынан құралған. Бұл құрам жарияланатын материалдардың ғылыми деңгейі мен өзектілігін қамтамасыз етеді.
«Біз бұл беделді басылымды білім беру жетістіктерін бағалау және білім сапасын басқару саласындағы озық білімді дамыту мен кеңінен тарату мақсатында құрдық. Басты мақсатымыз – педагогикалық өлшемдер теориясы мен практикасының дамуына ықпал ету, зерттеу нәтижелері мен инновациялық тәсілдермен алмасу алаңына айналу. Барша мүдделі ғалымдар мен практиктерді ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді журналдың бас редакторы Болатбек Абдрасилов.
«Педагогикалық өлшемдер» журналы жылына төрт рет жарық көреді және білім беру мен педагогикалық өлшеу саласындағы мамандар үшін кәсіби ақпараттың маңызды көзіне айналады.
Журналдың алғашқы шығарылымы журналдың testcenter-zhurnal.kz ресми сайтында қолжетімді.