Қала мен Сала

Жаңа кешенде жаттығуға шақырады

Қазір елордада қала әкімдігінің қолдауымен балалар мен жасөспірімдердің түрлі спорт үйірмелеріне тегін қатысуына көп мүмкіндіктер жасалуда. Солардың бірі – биыл мамыр айында Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс» тұрғын алабында № 7 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде ашылған Дене шынықтыру-сауықтыру кешені. 350 баланы спорттың түр-түріне тегін үйретуге қауқарлы кешенге қазіргі таңда әзірге 100 бала ғана қатынап жүр.

Кешен басшысы Алмаз Шайхинның айтуынша, түрлі әлеуметтік жағдайдағы тұрғындар үшін осындай тегін спорт үйірмелері балалардың спортқа жақын болып қана қоймай, қалалықтан бастап, республикалық, тіпті әлемдік додаларда қабілетін танытуына зор мүмкіндік береді. Алайда кешен ғимараты қала шетінде орналасып, әрі жаңадан ашылғандықтан оны әзірге көбі білмей, содан үйірмелерге қатысатын балалар саны да кемшіндеу болып тұр.

– Заманауи жабдықталған су жаңа ғимаратта спорттың күрес, кекушинкай-каратэ, бокс, кикбоксинг, греплинг, джиу-джитсу, самбо, таэквондо деген жекпе-жек күреске бағытталған 8 түріне 1-11 сынып аралығындағы барлық мектеп оқушылары келіп, ақысыз түрде жаттығуына болады. Болашақта спорт үйірмелерінің санын әлде де көбейту көзделіп отыр. Жаттықтырушы ұстаздардың бәрінің өз саласы бойынша белгілі бір деңгейде жеткен дәрежелері бар. Балалар таңдаған спорт түрі бойынша аптасына үш рет, 1,5 сағаттан жаттыға алады. Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде түрлі бағытта спортпен шұғылданатын балалардың болашақта республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бақ сынауға мүмкіндігі зор. Ең мықтылары Астана қаласының құрама спорт командасына, тіпті ұлттық құрамаға да өте алады. Мұнда жаттығулар өткізіліп қоймай, жоғарыда айтылған спорт түрлерінен жарыстар мен турнирлер де жиі ұйымдастырылады, – дейді кешен басшысы.

Астана қаласы және Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен және «Шет аймақсыз астана» тұжырымдамасының негізінде салынған кешен ғимараты 2664 шаршы метр аумақты алып жатыр. Кешенде 3 зал бар, біріншісі – 215 шаршы метрлік күрес залы, екіншісі аумағы – 595 шаршы метр әмбебап зал, үшіншісі – 93,2 шаршы метрді құрайтын жаттығу залы. Сонымен қатар балалардың киімін ауыстыратын, душ қабылдайтын орындары бар.

– Бұл ғимаратта сондай-ақ мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы, Байқоңыр ауданына қарасты кітапхана да қатар отыр. Мұның да бізге тиімділігі зор. Себебі балаларын үйірмелерге алыстан әкеп қатыстыратын ата-аналар бір жарым сағатын босқа күтіп, текке өткізбеу үшін осы ХҚКО-да шаруаларын тындырып немесе кітапханаға бас сұғып, біліммен сусындай алады. Ата-аналар үйірмедегі баласының жаттығуы біткенге дейін өзімен бірге ертіп әкелген кішілерін ғимараттың сыртындағы ойын алаңы мен ішіндегі ойын залына жібере алады.

Сондай-ақ мұнда қала тұрғындары бос уақытында келіп, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын арнайы бөлмеде ойнай алады. Егде жастағылар үшін арнайы клуб жұмыс істейді. Одан бөлек, учаскелік полиция бөлімшесінің де осы кешен ғимаратында орналасуы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бізге көмегі тиеді. Ал спорт жарыстары өтетін кезде балалардың қарны ашып қалмауы үшін ғимараттағы буфет ашылып, №7 спорт орталығынан аспаздар келіп, жұмыс істейді. Спорттық нысан аумағында 86 орындық автотұрақ бар. Кешеннің осындай артықшылықтары көп, – дейді Алмаз Шайхин.

Елорданың шет аймағындағы Өндіріс көшесі, 14а мекенжайында орналасқан спорт нысанына қазіргі таңда №24, 30 автобустар ғана  қатынайды.  Алайда бұл қоғамдық көліктердің әрқайсысының жүру жиілігі 30 минутты құрайды. Сондықтан Алмаз Шайхин осында қатынайтын авто­бустар саны көбейтілсе, болмаса қоғамдық көлікті ұзақ күтетін балалар тоңып қалмау үшін кешен маңайына жылытылған аялдамалар салынса деп әкімдікке өтініш тілегін жеткізді.

Байқоңыр ауданы әкімдігі тұрғын алаптардағы халықтың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасап, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды дамытуда қала әкімдігімен бірге осындай жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асыруды жалғастыра бермек. Енді аталған спорт кешеніне қатысты жоғарыда айтылған мәселелерді шешуді де қолға алады деген сенімдеміз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button